Хантау ма, Қантау ма?
Мойынқұм ауданындағы құтты мекеннің бірі – Хантау. Хантаудың сұлу шоқысын Сұңқар, өзекті Талды деп атайды. Осы тау жөнінде бір аңыз бар. Ертеректе Жошы хан жер қайысқан әскерлерімен келіп, қазақтарды қырғынға ұшыратады. Ерден мен Қабылбай деген батырлар мың қаралы қолымен хан әскеріне көпке дейін қарсылық көрсетіп, ақыры ығыса келіп, осы Талды шатқалына тығылады. Үш күн бойы беріспейді. Ханның қаптаған қолы қойсын ба, тықсыра бастайды. Сол кезде екі батыр сарбаздарына: «Сендер босқа қырылмаңдар, біз өзіміз барып берілейік. Жазаласа, екеумізді жазаласын» дейді. Хан сонда «ел түгел көрсін» дегендей, екі батырды осы Сұңқар шоқысының басына шығарып, азаптап өлтіреді де, қалған сарбаздарды қырып тастайды. Қан судай ағады. Қыс кезі екен, сол күні ерлерді жоқтағандай боран да азынап, азалы күйін тартады. Содан кейін тау «Қан аққан тау» деген мағынада «Хантау» атанып кетеді.
Қасиетті Мойынқұм өңіріндегі Хантау жеріне кімдер келіп, кімдер кетпеді, кімдердің тұлпарының тұяғы тимеді. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек, кемеңгер ұлдары Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әбілхайыр хан, Абылай хан, Бұқар жырау, қазақтың соңғы ханы Кенесары, Ағыбай, Биназар, Наурызбай батырлар да осы өңірде ат шалдырып, құс салып, ерлік істерін жалғастырған.
Керей хан Шу бойында он жылдай хандық құрып, дүниеден қайтқанда, сүйегі Хантауына жерленді. Мойынқұм төріндегі Хантауын Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан мекендегенін тарих растайды. Бұл өңір ол кездері құландардың мекені болған. Бірде Жошы ханның ұлы құлан қуып жүріп, мерт болыпты. Осы жерде атақты «Ақсақ құлан» күйі шертіліп, әлі де ол халықтың жәдігері болып отырғаны баршамызға аян.
Аңырақай шайқасы да осы Хантау жерінде өткен. Аңырақай шайқасы 1729 жылы жаз айында басталып, 44 күнге созылған. Қазақтардың 29 мың қолы Хантауындағы 25 мың қалмақпен соғысып, қазақтың Сатай биінің баласы Бөлек батыр қалмақ Аңырақты желкесінен ұрып құлатады. Сол жер қазір Хантаудағы Аңырақ өлген жер деп жүріп, Аңырақай атанып кеткен. Сол бір қырғын әлі де халық есінде сақталып, 1999 жылы Хантау етегінде «Аңырақай шайқасына – 270 жыл» деген жазуы бар белгі тас қойылуы да тегін емес.
Жыр алыбы – Жамбыл Жабаев 1846 жылдың ақпанында Жамбыл тауы мен Хантау баурайында өмірге келген.
Хантау елді мекенінде 1949 жылы №68 МПС бөлімінің төрт жылдық бастауыш орыс мектебі ашылды. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, үш рет Ленин ордені және Октябрь революциясы ордендерінің иегері, Қазақ СССР жоғарғы Советіне депутат болған Шоман Шәріпбаев Хантау ауылындағы мектебінің алғашқы оқушыларының бірі болған.
Социалистік Еңбек Ері атағын екі мәрте алған Жазылбек Қуанышбаев атамыз салқын самал желі, көкорай шалғын шөбі, сылдырап аққан кәусар сулы бұлағы бар Хантауды өзінің жаз жайлауым, құтты мекенім деп үнемі мақтаныш еткен. Хантау ауылының тұрғындары осы топырақтан түлеп ұшқан педагогика ғылымдарының докторы Ботагүл Тұрғынбаева, техника ғылымдарының кандидаты Жұмабай Сазаев, авиация полковнигі Дүйсенғали Аркешов секілді ерекше ұлдарын мақтан етеді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді