Адамның міні – менмендік

Адамның міні – менмендік
ашық дереккөз
Адамның міні – менмендік
Бірде Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі партизан жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтен сұхбат алып отырған жазушы Ахат Жақсыбаев: – Қасеке, өмірде жек көретін нәрсеңіз не? – деген сұрақ қояды. Сонда ержүрек қарт іркілместен: – Ең жек көретін нәрсем – адам бойындағы менмендік қасиет. Менмендік адамды меңіреу етеді. Ал, меңіреулік түбіңе жетеді, – депті (А.Жақсыбаевтың «Қайтпас қайсар» атты сұхбат кітабынан). Иә, ой таразысынан өткізсек, шынында да адамның бойындағы бір мін – менмендік, тәкаппарлық, өзімбілемдік екен. Оны мына мың құбылған сайқымазақ дүниеден күнде болмаса да көріп жүрміз. Әсіресе, бұл жағымсыз қасиет өзіміздің қазақтар арасында жиі ұшырасатыны рас. Неге? Ол қанмен берілетін қасиет пе? «Қалтасы қалыңдаған» байшыкеш қызметі өсе салысымен айналған ащы ішектей өзгеріп, өркөкіректеніп, кеудесіне нан пісіп, маңғазданып шыға келетіні несі? Орыс халқында «Егер кісіні сынамақ болсаң оған қызмет («кресло») бер», деген сөз бар. Қызмет дәрежесі сәл өссе кекірейіп, оқтау жұтқандай паңданып «ханға сәлем бермейтіндер» аз емес-ау, мына жалпақ, беймаза, қызылды-жасылды дүниеде. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау», деген сөздерін естен шығарып, қызмет бабын пайдаланып баю жолына түсіп, қызметін табыс көзіне айналдырып, түкірігі жерге түспей, сөйтіп бірте-бірте құлқынның құлына айналатын басшылардың ортамызда бары көпшілікті қынжылтады. «Мен», «мен» дей берме, меңдеп өлерсің», немесе «Жақсыны мақтасаң сақтанады, жаманды мақтасаң қомданады», «Өзім білем» деген өрге баспас». «Үш нәрсе адамды бақытсыздыққа ұшыратады: сараңдық, қомағайлық және менмендік». Міне бұл дана, өткір сөздерді бабаларымыз айтып, ұрпағымыздың құлағына сіңіріп кеткен. Ал, орыстың кемеңгер жазушысы Антон Чехов «Ешқашан, ешбір жағдайда өзіңнің дандайсуыңа да, менмендікке салынуыңа да жол берме» депті. Ойлап отырсақ, қазіргі билік иелері арасында менмендік басым болып бара жатқандай болады да тұрады. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын құлақтарына ілмейді, олар үшін өзінің ұпайы түгел болса болғаны. Тіпті, базбіреулері жеке қабылдауына қанша сұрансаң да «менің ол кісіні қабылдауға уақытым жоқ, басқаларға жолыға берсін» деп кекірейеді. Сондай кезде еріксіз «Сол қызметте кімдер үшін отыр, кімнің арқасында сол билік дәрежеге жетті» деген сұрақтар туындайды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қанатты сөздер кімдер үшін айтылған екен деп ой қаузайсың. Оларды да кейде түсінуге болар, кейбір азаматтар алдына келіп, майда-шүйде тірлігімен, орынсыз проблемалармен уақытын алатындар да бар шығар. Бірақ, кейде бірінші бастыққа, жетекшіге кіру үшін апталап емес, айлап күтетін кездер болатынын неге жасырамыз? Өзінің жанын жеп жүрген сұрақпен басшыға кіріп, ой-толғамын, шындығын, шағымын айта алмай, әділдікке қол жеткізе алмай қаншама жан қиналып жүр? Тіпті, олардың арасында өмірден түңілетіндері де бар. Олар өз шешімін таппаған сұрақтарын, туындаған мұңын, проблемаларын кімге барып айтады, кіммен ой бөліседі? Өз проблемаларын дер кезінде шеше алмай, әділдіктің түбіне жете алмай, «маңдайы тасқа соғылған», әбден қиналған, жаны жаралы, жүйкесі тозған базбіреулер өзіне-өзі қол салуға (өзін өртеуге, биіктен құлауға, суға батуға және т.б.), яғни суицидке баратынын көріп жүрміз. Әрине, суицид дұрыс шешім деуден мүлдем аулақпыз. Өмірден артық мына жарық дүниеде не қымбат, тәйірі?! Қоғамда тоғышарлық, келеңсіздік, озбырлық пен ақаулар әркез болған, бола да бермек. Соған бола «биттен арыламын деп тоныңды отқа жағуға» бола ма? Менмендік – адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің бірі. Ондай адам тек өзінің түйсігіне, күйзелісіне, қызығушылығына көңіл аударады. «Менмендік – адамның міні» – деп Жүсіпбек Аймауытұлы айтпақшы, бойды бұл міннен, дандайсудан аулақ ұстау керек. ...Бірде дәрігер танысым менмендік жайында мынадай әңгіме айтқаны бар. «Медицина институтын тәмамдап, біраз дәрігер Таразға келдік. Жас маман ретінде талпынып, хирургияның мән-жайын барынша терең ұғуға тырысып жүрдік. Бір жылдан кейін ол аудандық ауруханаға хирург болып кетті де, мен қалада қалдым. Мезгіл-мезгіл хабарласып, қол тигенде араласып тұрдық. Уақыт келе ол аудандық аурухананың бөлімше меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, оншақты жылдан кейін бас дәрігер болып тағайындалды. Қалаға келген сайын телефон шалып, хабарласып, уақыт тауып кездесіп, шай ішіп жүрдік. Бірте-бірте әлгі досымның бойында менмендік, тәкаппарлық мінез пайда бола бастады. Сөйлегенде кеудесін керіп, өктемдікпен «тек мені тыңдаңдар» дегендей пиғыл білдіретін болды. Бір жолы оның осы өзгерген мінезін айтып, онысы дұрыс емес екенін бетіне бастым. Ол сонда терісіне симай, қызарақтап, көңілге тиер ауыр сөздер айтты. Әрине, ол жерде ішке түскен «уыттың» әсері де болған шығар. Бірақ, менің көңіліме суық тас түскендей болды, оған деген жүрегімнің жылуы суыды. Содан кейін арамызға сына қағылғандай, алшақтай берді. Бірте-бірте арамыз суып, араласпай кеттік. Қазір кездейсоқ кездесіп қалса жай ғана амандасудан аспаймыз. Қазақ «семіздікті қой ғана көтереді» деп бекер айтпайды екен. Менмендік адамның өзін басқадан артық санап, бақ пен байлықты, билікті көтере алмай, ақымақтық пен тәкаппарлыққа салынуынан көрінеді. Менмен адам өзімшіл болып, басқа адамдардың көзқарасымен, ой-пікірімен санаспай, тек өз мүддесін ғана ойлаумен өмір сүреді. Бір сөзбен айтқанда, менмендік адамды тура жолға жетелемейтіні белгілі, керісінше оны ерте ме, кеш пе, орға жығады, абыройдан айырады, бақытсыздыққа ұрындырады. Белгілі қаламгер Қорғанбек Аманжолдың «Мінез» деген өлеңі бар. Осы бір өлеңінен- ақ автордың жүрек қалауы мен ақындық ұстанымын, өзіне іштей берген сертін жазбай тануға болады. «...Әлмисақтан «мінез – адам сауыты», Мінез – кейде кесір, Кейде мақпал, мауыты. Мінезділер мінсіз емес десек те, Монтаны көз мінезсіздер қауіпті. Жайып салған сақараның ғажабын, Сайып салған Сарыарқаның саз әнін, Көтермейтін көрінгеннің мазағын – Қайда менің жылқы мінез қазағым?..» – дейді ақын. Иә, мінез туралы көп айтуға болады. Біз көбіне қайырымды, мейірімді, ұстамды, иі жұмсақ, дауыс көтермейтін, ашуланбайтын жанды көркем мінезді, ал кекшіл, өзімшіл, өркөкіректерді жаман мінезді адам деп бағалап жатамыз. Олар біреудің айтқан ұсынысымен есептеспей, «мен айттым, болды!» деп өзімбілеміндікке салынатыны өкінішті. Қазақтар арасында «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қанатты сөз бар. «Ұлық» кісінің бойындағы қарапайымдылық жақсы, әйбат қасиет. Әрине, қарапайым, кішік боламын деп кісіліктен жұрдай болу, қарабайыр болу да қауіпті. Мінезсіз, тым ретсіз қарапайымдылық адамды бейшаралыққа, мүсәпірлікке айналдырады. «Қарапайым болыңдар, бірақ қарабайыр болмаңдар» деп ұстаздарымыз жиі айтатын еді. Тым қарапайымдылық адамды ынжық, күйрегіш етеді. Төңірегінде тіпті өзіне жақын бала- шағасы мен әйелі де оны менсінбей, пікірін елемей, қауқарсыз, үнсіз бейшара пендеге айналдырып жібереді. Демек, «кішік» болудың да өз жөні бар деген сөз. Ал, жөнсіз кішік болсаң, жол жағасы – аяқ астындағы қауқарсыз бір түп шиге ұқсап кетесің. Ондай шиге ары өткен, бері өткен ит те сариды, көрінген мал да таптайды... Сөйтіп, ол келе- келе мүжіліп жоғала береді, бірте-бірте мүлдем жоқ болады, із де қалмайды. Ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», деген екен. Ал, атам қазақ «Бидайдың кеудесін көтергені – дақылы жоқтығы. Жігіттің кеуде көтергені – ақылы жоқтығы» деген. Өмір жолында, қызмет бабында кімдермен кездесіп, кімдермен әңгіме- дүкен құрып, тіпті базбірімен сырласпайсың ба?! Әркімнің мына дүниеде өз орны, өз кәсібі, өз ойы, өз мінезі бар. Біреуінің бойынан адамгершіліктің, жақсылықтың, ізеттіліктің, имандылықтың ізі байқалып тұрса, екіншісінен тәкаппарлық, кекірттік, кесірлік, тоқмойындық, өркөкіректік, менмендік бетіне шығып, айқайлап тұр-ау, шіркін. Оларға не дерсің? Бірде шәкірті ұстазынан сұрайды: – Ұстаз, өмірдің мәні неде? – Кімнің? – деп таңдана сұрағына сұрақпен жауап береді ұстазы. Шәкірті сәл ойланып барып: – Жалпы, адам өмірінде. Ұстазы терең күрсінді де: – Бұл сұраққа кім жауап бере алады? – деп басқа студенттерден сұрады. Бірі: – Бәлкім, өмірдің мәні махаббатта шығар... – Жаман жауап емес, – деді ұстазы, – бірақ, ондаған жыл өмірім бекер өтпеді деп айту үшін бір ғана махаббат жеткіліксіз секілді. – Меніңше, өмірдің мәні артыңнан із қалдырып кету. Мәселен, сіз, Ұстазым! – Егер сені дұрыс танымайтын болсам, жай ғана жағымпазданып тұр деп ойлар едім. – Сонда көп адам бекер өмір сүріп жатыр деп есептейсің бе? – бірі осылай деп еді, енді бір студент: – Өмірдің мәні осы мәнді іздеу шығар, мүмкін. – Қане-қане, – деп қызыға түсті ұстазы. – Ойыңды ашып айтшы, неге олай дедің? – Біз осы сұрақты талқылап отырмыз, демек, жауабын дөп басып айту мүмкін емес. Екіншіден, дұрыс жауабын таптым деген күннің өзінде ол жауапқа қарсы шығатын адам бәрібір табылады. Осылай бүкіл өміріміз осы өмірдің мәнін іздеумен өтеді. – Сонда өмірдің мәні... – Өмір сүру, – деді шәкірті. Осымен сабақ та аяқталды. Әркім осы ойды арқалап, аудиториядан шыға берді. Осы жолдарды оқып отырып мен де ойға қалдым: «Иә, өмірдің мәні неде? Белшесінен жиған байлығы ма әлде халқымен бірге болып, оның суығына тоңып, жылуын бөлісіп, елге деген қамқорлығы, басқаларға жасаған жақсылығы ма?». Санаға салмақ салар сұрақ аз емес. Қаламгер Жұмағали Саинның мынадай өлең шумағы бар: «Көтере берме өзіңді, Топта да бар не жүйрік сан. Ойлап айт айтар сөзіңді, Өкініш біреу, ой тоқсан». Тәкаппарлық нақты жетістіктер мен жеңістерден кейін немесе керемет қабілеттер аясында жиі кездесетін «жұлдызды аурудың» көрінісі болуы мүмкін. Дегенмен, әр адамның ерекше екендігі ұмытылады, әркім талантты музыкант, актер, спортшы немесе бай адам бола алады. Сонымен қатар, бір ғана жанның жетістігіне қанша адам үлес қосқанын есте сақтау және түсіну керек. Мәселен, актердің өзі мансап жасады ма? Оған мектепте, үйірмелерде және университетте сабақ бергендер қолдау көрсетіп, көмектесіп, соңында оның жұмысын жақсы көріп, бағалаушылар да қатысты емес пе? Үйдегі электр энергиясы көптеген қарапайым жұмысшылардың жұмысының нәтижесі, ал кейбір менмен адамдар оны қолданып, осы ауыр жұмысшыларды қалай менсінбейтінін айтады. Сіз белгілі бір адамдарды белгілі бір іс-әрекеттері үшін сүйе алмайсыз немесе құрметтей алмайсыз, бірақ сіз өзіңізді бүкіл адамзаттан жоғары қоя алмайсыз. Ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Адамдық борышың, Халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, Ар сақта, соны біл!», – деп жырлаған емес пе еді? Айналаңызға бір сәт зер салыңызшы. Мына қазіргі өмірде адамдар арасында мейірім, бауырмалдық, қарапайымдылық, жанашырлық, бір-бірін қолдау, жан тазалығы сияқты дүниелер азайып, бірте- бірте бұлыңғырланып бара жатқандай болып көрінеді де тұрады. Олардың орындарын менмен, өзімбілгіш, тәкаппар, кертартпа, өз мүддесін қуған, тек бас пайдасын ойлаған, ақшаға құныққан тойымсыз, қатыгез жандар басып бара жатқандай сезімде боламын. Неге олай? Қазіргі қоғам адамзатты қайда алып барар екен? Жұмбаққа толы дүние... Көкірегі ояу кісіні толғандыратын, жанын жай таптырмайтын, тіпті маза бермейтін мәселе аз емес-ау, аз емес. Не амал бар?  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар