Алты айда 6 мыңға жуық іс-шара өткізу мүмкін бе?

Алты айда 6 мыңға жуық іс-шара өткізу мүмкін бе?
ашық дереккөз
Алты айда 6 мыңға жуық іс-шара өткізу мүмкін бе?
Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы биыл жарты жылда 5226 іс-шара өткізген. Тараз қаласында 531 іс-шара өтсе, қалған 4695-і аудандарда ұйымдастырылған. Яғни, он ауданның әрқайсысында 469 іс-шара өтті деген сөз. Олар рухани адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттарында өткізілген. Бізді ойландырғаны – алты айда осынша іс-шара өткізу жалпы, мүмкін бе?  width= Біріншіден, «Жастар орталықтарында» жұмыс істейтін мамандар саны саусақпен санарлық ғана. Екіншіден, мәселен, 6 айда 180 күн бар, сонда аудандық «Жастар орталығы» бір күнде 2-3 шарадан ұйымдастырып отырған болып шығады. Тараз қаласында тіпті бос күн қалдырмай, күн сайын 3-4 іс- шара өткізіп отырған. Сонда «Жастар орталығының» қызметкерлері бір күн де демалмайтын болғаны ма? Көкейдегі осы сұрақ «Мәлімет құрғақ сан ғана емес пе?» деген күмән туғызады. Ұйымдастырылған іс-шаралар нендей нәтиже берді екен, деген оймен облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Дәур н Мамышпен тілдестік. – Облыстың он ауданы мен Тараз және Шу қалаларында Жастар ресурстық орталықтары бар. Бұдан бөлек, әрбір ауылдық округте орталықтың бір маманы жұмыс істейді. Солардың жарты жылда өткізген іс-шараларының жиынтығы 5226 санын құрап отыр. Ал, нәтижесіне келсек, мысалы пробация есебінде тұрған жастарды қоғамға тартып, NEET жастарға кәсіпкерлік туралы, мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кеңес бердік, жұмыс жәрмеңкелерін ұйымдастырып, жұмысқа тартып, бос жүргендердің санын азайттық. Бұл да біз өткізген іс-шаралардың жемісі. NEET жастар бойынша басқармада арнайы база жасалды. Өтетін іс-шараның афишасын бір апта бұрын жариялаймыз, – дейді Дәурен Дастанұлы. Қолдағы мәліметке сүйенсек, 6 айда өткізілген іс-шараларға 153 мыңға жуық адам қамтылған. Әр аймақта әлеуметтік сауалнама жүргізіп көргенімізде, жастардың 65- 70 пайызы «Жастар орталығының» іс-шараларына қатыспақ түгілі, ондай орталық бар екенінен бейхабар болып шықты. – Жұмысқа орналасқанша «Жастар орталығы» деген мекеменің барын естіген емеспін. Ауданда сондай мекеменің жұмыс істейтінін аудандық редакцияға жұмысқа тұрғаннан кейін ғана білдім. Онда да іс-шараларына өзім қатысып көрген жоқпын. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың көбі орталық туралы біледі деп айта алмаймын. Ұйымдастырған іс-шараларын кейін әлеуметтік желіге жариялаған жазбаларынан оқып жатады, – дейді жуалылық жас Асылхан Ескенеев. – Ондай орталықтың барын білмейді екенмін. Мемлекеттен қандай да бір көмек қажет болып, бағдарламалар туралы білу керек болса, елдің айтуымен әкімшілікке барамыз ғой. Жастарға арналған бағдарламалар туралы түсіндіріп беретін орталық бар болса, көкейдегі сауалымыздың бәрін сол жерден сұрар едік. Тіпті, ол орталықта психологиялық, құқықтық кеңестер де беретінін қазір сізден естіп отырмын. Әдетте психолог, заңгерден кеңес алсаң, бәрі ақылы ғой, тегін кеңес беретінін білмеппін, – дейді меркілік Қанат Жақсыбаев. – Мен ауылда тұрамын. «Жастар орталығының» барынан хабардармын. Алайда, өзім ол орталыққа қайырылған емеспін. Мүмкін жастарды қызықтырып, тарта алмай жүрген болар, – дейді Талас ауданының жас тұрғыны Болат Әсілбекұлы. Аймақ жастарының орталық туралы көп біле бермеуінің себебін тағы да облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысынан сұрадық. – Иә, «Жастар ресурстық орталығын» барлық тұрғындар біледі дей алмаймын, дегенмен орталықтың жастар арасында танымал болып қалыптасуына барынша жұмыс істеп жатырмыз. Алуан тақырыптағы іс-шараларды мазмұнды, қызықты форматта ұйымдастырып, оған жастарды көбірек тартуға тырысудамыз. Бірақ, ол жастардың өздерінің белсенділігіне де байланысты ғой, – дейді Дәурен Дастанұлы. Жасыратын несі бар, жоғарыда айтып өткеніміздей, бізді жылдың алты айында алты мыңға жуық іс-шара өткізілгені қызықтырып тұр. Мұндайда күмән туғызбас үшін ақпаратты шынайы, сандарды көңілге қонымды етіп көрсеткен жөн-ау!  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар