«Z» пен «Альфа» ерекше тәрбиені талап етеді

«Z» пен «Альфа» ерекше тәрбиені талап етеді
ашық дереккөз
«Z» пен «Альфа» ерекше тәрбиені талап етеді
Үлкендердің жиі айтып жүрген: «Қазіргі балалар бәрін іштен біліп туады» деген сөздің астарына үңіліп көрдіңіз бе? Расында, ойын баласы бола тұра, бүгінгі балалар көп нәрсені ұғып қойғандай. Туа сала телефонға жармасып, компьютердің түрлі ойынын көшіріп алып, сан алуан бағдарламаларын еркін меңгеріп ала қоюы таңқаларлықтай-ақ. Олар ұстаз бен ата-анаға сұрақ қойып әуре болмай-ақ, әлеуметтік желі арқылы қалаған сұрағына жауап алып, өздеріне қажетті сауалға толыққанды жауап ала салуға дағдыланған. Олардың «ұстазы» – әлеуметтік желі. Сондықтан болар, олар тым еркін һәм өзі біләрман. Әке-шешесінің кеңесіне құлақ түріп жатпайды. Себебі ата-анасынан «ақылдырақ» «гугл» бар оларда. Бір қызығы, бірде ата-аналар баласын түсіне алмай дал болса, енді бірде мүлде түсінгісі келмейтінін айтып жүр. Бір үйдің үлкені мен кішісінің көзқарасы әртүрлі. Себебі, өз балалығы мен бүгінгі баланың балалығы басқаша болып тұр. Бұрынғы балалар сияқты бүгінгі жеткіншектер доп қуып, соқыртеке, қуаласпақ ойнап жүрмейді. Олардың балалығын смартфон, планшет ұрлап жатыр. Сонымен, бүгінгі балалар нені қалайды? Не ойлайды? Олар қандай? Жалпы «Z ұрпақ», «Альфа буын» – деген кімдер? Мамандардың айтуынша, әрбір буынаралық кезеңде көзқарас пен құндылық 15-30 жыл сайын өзгеріп, ерекшеленіп отырады екен. Мәселен, 1901-1924 жылы туғандарды «Жеңімпаз ұрпақ» деп атаса, 1925-1945 жылдары «Үнсіз ұрпақ» деп аталған буын дүниеге келген. Оларға ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс сынды қиын кезеңдер әсер еткен. Олар сондықтан ортаны сыйлап, заңға бағынады. Сонымен қатар, сабырлылық, сыпайылық пен үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білетін қасиетімен ерекшеленеді. 1946-1964 жылы туғандар «Бэби бумер» буыны. Бұл адамның ғарышқа ұшып, медицинаның жақсарып, ғылымның даму сатысымен тұспа-тұс келгендер. «Бэби бумерлер» көбіне оптимистік көзқараста өмір сүреді. Олар карьераға құмар болады. 1964-1980 жылғылар – «Х ұрпақ». Олар қайта құру кезеңінде дүние есігін ашқандықтан, өзіне сенеді, сонымен қатар гендерлік теңдікті талап ете алатындығымен ерекшеленеді. Және де олар кез-келген өзгеріске дайын. Ал, 1981-1995 жылы «Y ұрпаққа» сандық технологияның, ұялы телефон мен интернеттің дамуы әсер етті. Олар кез- келген нәрседен пайда көздейді, сондай-ақ бірден жетуге ұмтылады. 1995-2010 жылы «Z ұрпақ» дүниеге келген. Олар қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліп, ереже мен заңдарды сақтауға бейім. Интернеттің даму тұсында дүниеге келгендіктен, олар виртуалды өмірге басымдық береді. Ал, 2010 жылдан кейін туғандар «Альфа ұрпаққа» жатады. Альфаның өмір құндылықтары енді ғана қалыптасып келе жатқан көрінеді. Бүгінгі күні ең өзекті мәселе «Z» пен «Альфа» буын өкілдерінің өмір сүру мәнері, ерекшеліктері. Бұл буынның ой-өрісі онлайн кеңістіктің, цифрлық қоғамның барысында қалыптасып отыр. Ол әр күнін интернетпен өткізгендіктен, онлайн мен офлайн өмірдің ара-жігін ажыратуға тырысып жатпайды. Камерадан қысылмайды. Бұл буын өкілдері бір-бірімен чат арқылы араласып, таныс- біліс болуды әбес көрмейді. Болмашыға уақыт жұмсап әуре болмайды. Цифрлық технология тұсында дамыған бала мен ата- ана екітүрлі кезеңнің адамы болғандықтан, бір-бірін түсінісу барысында да аз қиындық тумайды. – 2000 жылдан кейін дүниеге келген ұрпақ, интернетке тәуелді. Жасы бірге толмаған баланың өзі, телефонның не екенін біледі, қол созып, алғысы келіп тұрады. Олардың даму процесі өте жоғары. Ойы да, сөйлеуі де шапшаң. Оларда «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» деген қағида жоқ. Керісінше, ұзақ ойланып жатпайды, шешімі дайын, шыдамсыз болып келеді. Өз дегенін жасатып, өз айтқанымен жүргізетін ұрпақ. Қазіргі балаларды ұрып-соғып немесе «Былай жаса» деп бұйрық беріп тәрбиелей алмаймыз. Керісінше, оларға барынша жақын болып, жылылық таныту арқылы ғана өзімізге тартамыз. Сондай-ақ, тек үлгі көрсету арқылы ғана дұрыс тәрбие бере аламыз. Олар үшін өзгенің пікірі, сырттан алынатын ақпарат бірінші орынға қойылады. Үйде болсын, мейлі мектепте оларға жаңа ақпарат айтып отыру керек. Себебі, олар жаңалыққа өте құмар. Қазіргі балаларға ата-бабамызды, әке-шешемізді оқытқан, қара тақта, ақ бормен білім бере алмайсың. Әлденеге қызықтыру, көңілін аулау өте қиын. Ұстаздар өз сабағын түрлі технологиямен түрлендіріп, жаңартып отырмаса, оларды жалықтырып алады. Себебі, қазіргі балалар өзіне қажетін ата-анасы мен ұстазынан бұрын біліп, меңгеріп алған. Мысалы, мектепте қазіргі буын оқушыларына «35-ші беттегі, натрий карбонаты туралы жаттығуды орындап кел» деп үй тапсырмасын бере алмайсың. Оларға «Балалар, 35-ші беттегі тапсырма бойынша, үйде эксперимент жасап келіңдер» деп айтуың керек. Себеп- салдарын ұстаз мектепте ашып берген соң, үйде балалар қызық көріп, тағы да өздері ізденетіндей айла-тәсілін ойлап табуың керек. Қызықты мәлімет айтсаң ғана, сол арқылы тапсырманың жауабын тауып келуге тырысады. Бұл балаларды көп мақтау керек. Сын көтермейді. Тапсырманы «оңайдан қиынға өзгертіп, жарыстырып отырып оқытпаса, олар үшін бәрі бекер. Олардың белсенділігін арттырмас бұрын, бәсекелестігін арттыру қажет, – дейді психолог Мира Өскенбаева. Сонымен, жас буын «Z» үшін әлеуметтік желі құрал болса, «Альфа» үшін тұрақты өмір салтына айналады. Бұл буынды барынша тәрбиелеу үшін өзің ерекше һәм білімді болуың шарт. Себебі оларға заман көшінен қалып қойған адам қызықсыз. Оларды тәрбиелеу барысында олардың көзқарасын ескеру маңызды. Олардың қарқынды дамып келе жатқанын мойындауымыз керек. Ұрпақ тәрбиесі уыстан шығып кетпесін десек, баламен қарым-қатынасқа жиі түсіп, ойын тыңдауға міндеттіміз. Олар өзін тыңдайтын адамды сырттан емес, жақындарынан іздеу керек. Оларды тыңдау арқылы ортаға да бейімделуі жылдам дамиды. Көңілді көбірек бөлсек, смартфонмен оқшауланбайды. Оның үстіне айтқаныңа жүріп, айдауыңа көне қоятын ұрпақ бұл емес. Және де олар бір нәрсемен тұрақтап қалмайды, керісінше бір мезетте бірнеше жұмысты атқара алатын қабілеті бар. Олардың алдындағы біздің міндетіміз оларға әр ақпаратты ана тілінде, ұлттық құндылықтармен қызықтырып отырып, тәрбие беретін ерекше әдіс-тәсіл ойлап табу керек. Бұл ретте балалар жазушылары, педагог, психолог пен режиссерлер жұмылуы шарт. Балаларды ерте дамытуды қолға алмасақ, «Z» пен «Альфаны» бағындыру оңайға түспесі анық.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар