Жаргон сөздер жарға жықпасын

Жаргон сөздер жарға жықпасын
ашық дереккөз
Жаргон сөздер жарға жықпасын
Мемлекеттік тіліміз ХХІ ғасырдағы ақпараттық технологиялар көшіне ілесіп, дамып келеді. Бүгінде әлеуметтік желілерді пайдаланбайтын адам жоқ. Аудандар мен елді мекендердің барлығына дерлік интернет жетіп те үлгерді. Желі пайдаланушылары хат алмасады, ой-пікірлерімен бөліседі. Ақпараттық сайттардың қатары да күн өткен сайын көбейіп, арта түсуде. Мұның бәрі, әрине, жақсы. Бірақ, осы әлеуметтік желілердегі, сайттардағы тіліміздің тазалығын да ұмытпауымыз керек. Ғаламтор жүйесі өмірімізге енбей тұрған кезге дейін жарық көрген кітап, баспа өнімдері редактор, корректор мамандарының қырағы көзінен өтетін. Ол тіл тазалығының сақталуына айтарлықтай әсер ететін. Әрбір сөздің өз орнында тұруы, грамматикалық, стилистикалық талаптарға сай келуі маңызды еді. Ал, әлеуметтік желілердегі жеке жазбаларға редакторлық, корректорлық жұмыстар жасалмайтыны анық. Бүгінгі күні әлеуметтік желілер ғаламтор тұтынушыларының ажырамас сенімді серігіне айналды. Сан түрлі тақырыпты қозғау үшін де, әртүрлі заттарға жарнама жасау үшін де, тіпті толғандырған мәселе жөнінде өзгелердің ойын білу мақсатында көпшілік осы желілердің көмегіне жүгінеді. Еліміздегі ең белсенді әрі кең тараған Instagram, Facebook, Twitter, WhatsApp және тағы да басқа әлеуметтік желі пайдаланушыларының көбейгені соның бір дәлелі. Бүгінде ғаламтор қолданушы жастардың сөздеріне назар аударсақ, ол былай болып өріледі: «тормозы ұстау», «зависать ету» (бөгеліп қалу), «базар жоқ» (таң қалғанда айтылатын сөз), «құлаққа лапша ілу», «құлақтан тебу» (өтірік айту), «крышасы бар адам» (қолдау көрсететін адамы бар), «потеря болу» (қобалжу), «сущняк» (сусын), «қораға кіру» (тығырыққа тірелу), «лақтырып кетті», «отырғызып кетті», «қоянның суретін салып кетті» (алдап кетті) және тағы сол секілділер. Осы сарындағы жаргон сөздерді әлеуметтік желілерден де жиі кездестіреміз. Сондай-ақ, бұл қатарға: «лайк басып тұр», «онлайн эфирге шық», «игнорға тығып таста», «блокқа түсіп қалмасын», «видеозвонок жаса», «қанша подписчигі бар?», «поделиться етші» сынды сөздерді қосуымызға болады. Осындай тілбұзар сөздер саф алтындай таза тілімізге өзінің нұқсанын тигізбей қоймасы анық. Тіпті, бұлар қазіргі жастар арасында «тұрақты сөз тіркестеріне» айналып кетті десек, артық айтпағандығымыз. Әлі күнге дейін әлеуметтік желілердегі қате сөздер мен орашолақ сөйлемдерге қалайша жол бермеуге болады? Бір қарағанда мүмкін емес тәрізді. Десек те, қолдан келер амалдарды жасап көргеніміз жөн. «Сауатты жазайық», «Тіл тазалығын сақтайық» деп бастама көтеріп жүрген жанашыр азаматтар баршылық. Осы бағыттағы шараларды көбейтуге мән беруіміз қажет. Оқушылармен, студент жастардың арасында насихат жұмыстарын өткізіп, тіл мәдениетін көтеруді насихаттап отыруымыз керек. Сонда түрлі гаджеттерден, планшет пен смартфондардан әріптерді теріп отыруды қиынсынатын, хат жазу кезінде, жазба жазған уақытта қарапайым қателіктерді көп жіберетін желі қолданушылары да азаяр еді. Ал, қазір ондайлар үшін әлеуметтік желілердегі ойды толықтырып жеткізу, сөйлемдердің шұбалаңқылығы тәрізді мәселелер қалыпты жағдайға айналғаны өкінішті. «Жүре берсең, көре бересің» демекші, адамдардың кейбір жазбаларын оқып отырып, қазақша сауатты жаза алмайтын адамдарға шара қолданар ма еді дейсің. Бұл – тілімізді қорлау ғой. Зиялы қауым өкілдерін алаңдатып отырған тағы бір мәселе – әлеуметтік желіде қазақ тілінің қ, ғ, ң, ә, і, ү, ұ, ө тәрізді төл әріптерінің сирек қолданылуы. Көпшілік адамдардың ұялы байланыс телефондарында, планшеттерінде қазақша қаріптер жоқ. Бірақ, ғаламтордан ұялы телефондарға арналған арнайы бағдарламаны жазып алу қиын емес. Өкініштісі, біздегілер оны жазып алуды қиынсынады. Ал, компьютермен желіде отыратын адамдар көп жағдайда қазақ әріптерін орыс қаріптерінде бар таңбалармен алмастырып немесе латын қаріптеріндегі таңбалармен жазады. Мысалы, «салем», «калайсын?», «озин?», «не жаналык?», «нестеп жатсын?», «жаксы», «кайдасын?» деп жазу үйреншікті жағдайға айналғалы қашан?! Бұл салғырттық па, әлде сауатсыздық па? Жаргондардан бөлек, жастардың әрбір сөзінен орыс тілінің компоненттерін де байқауға болады. Сауатсыздық – қоғамдағы ең өзекті, ерекше назар аударар түйткілді мәселе. Ғаламтордағы тілбұзарлықтың алдын алу үшін не істеу керек? Бір сөзбен айтқанда, аталған түйткілді мәселелерге бас ауыртып жатқандар да шамалы. Қазақ тілінің мерейін арттырып, абыройын асқақтататын жастардың сөйлеу мәнері жоғарыдағыдай болса, тіл тазалығын қалай сақтаймыз? Әлеуметтік желілердегі сөз мәдениетін сақтау үшін елімізде ең алдымен ақпараттық мәдениет жайында қажетті мәліметтер, жұмыстар жүргізіліп, кеңінен насихатталуы қажет секілді. Адамдар бір-біріне қарап түзеледі, сондықтан жастарға үлгі болатын қоғам белсенділері жарнамадан бөлек, сөз мәдениетіне қатысты игі істерді атқаруға атсалысса, сөз қателеріне қатысты түрлі танымдық мақалалар да жарияланып тұруы керек. Жаңа заман жастарын әлеуметтік желісіз елестету қиын-ақ, десек те, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Тіл тазалығын сақтау – бейпіл, жаргон сөздерді пайдаланбау – біздің патриоттығымыз бен сауаттылығымызды арттырады». «Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады». Қазіргі өрімдей жастардың қазақ тілінде жаргон сөздерді қоса сөйлегенін көргенде, жаның құлазып сала береді. Қазақ тілі – бай тіл. Бірақ, өзге тілде сөйлеп, өз тілімізді өгейсітіп жүргенде, тілімізді жоғалтып алмасақ игі еді.  

Мақпал САМАТҚЫЗЫ.

   

Ұқсас жаңалықтар