Апат айтып келмейді

Апат айтып келмейді
ашық дереккөз
Апат айтып келмейді
Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелері әр күн сайын күштер мен құралдарды жедел басқару орталығынан көмек сұраған азаматтарға көмек қолын созуда. Мәселен, облыс пен қала аумағында қураған шөптер мен қоқыстардың жануы, сондай-ақ тұрғындарға құлыптанып қалған үй есіктерін ашуға көмек көрсету жағдайлары жиі кездеседі. Күннің күрт ысып кетуіне байланысты өңірде «тілсіз жауды» ауыздықтау фактілері де аз болмай отыр. Сондықтан облыстың өрт сөндірушілері мен құтқарушылары қандай жағдайда да жедел әрекет ету мақсатында жоғары жауынгерлік дайындықта болып, күн сайын түрлі сипаттағы қауіп- қатерлерді жоюды жалғастыруда. Атап айтар болсақ, 11 шілдеде түскі уақытта Тараз қаласының Самарқанд көшесінде дәріхана өртке оранғандығы жөнінде хабарлама түскен бетте, оқиға орнына қалалық өрт сөндіру бөлімдерінен 14 адамнан тұратын жеке құрам мен 4 өрт сөндіру автокөлігі шығып, «тілсіз жауды» 12 минутта ауыздықтады. Өрттің ауданы 40 шаршы метрді құрап, салдарынан дәріхананың шатыры жартылай зақымдалды. Дәл осы уақытта Байзақ ауданының Жаңатұрмыс ауылы жанындағы егістікте комбайн өртенген. Өртті сөндіруге 1 автокөлік пен 3 адам қатысып, салдарынан комбайнның мотор бөлігі, бункері жанған. Сондай-ақ, осы ауданның Бурыл ауылындағы жеке тұрғын үйдің ауласында қураған ағаш және қоқыс пен тал өртенген. Ауданы 20 шаршы метрді құраған «қызыл жалын» жарты сағаттан астам уақытта сөндірілген. Осы күні түс ауа Мойынқұм ауданының «Қарамола» аумағындағы шаруа қожалығында өртенген қораны өрт сөндірушілер бір жарым сағаттан астам уақытта сөндірген. 150 шаршы метр аумақты шарпыған өрт салдарынан қора және 30 орам шөп жанып кетті. Жоғарыда аталған өрт оқиғаларынан қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелмегенімен, 11 шілдеде облыс орталығында орын алған өрт оқиғасынан кәмелет жасына толмаған қыз қайтыс болды. Сол күні Тараз қаласындағы жеке тұрғын үйдің ауласында жеңіл автокөлік өртенген. Оқиға орнына 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 10 адам, сондай-ақ Медициналық апаттар орталығының қызметкерлері жедел жетіп, «тілсіз жауды» 6 минутта сөндіргенімен, автокөлік ішінде болған кішкентай қыз баланы күйік шалып, ауруханаға жеткізілген. Алайда, ол алған жарақатынан көз жұмды. Осы күні Тараз қаласы, «Салтанат» шағынауданындағы пәтердің бірінде қараусыз қалған тағам жанып, түтінге уланған пәтер иесі ауруханаға жеткізілген. Ал, 12 шілдеде таңғы уақытта Жаңатас қаласындағы жеке тұрғын үйдің шатыры жартылай өртеніп кетті. Мұнан басқа бір тәулікте облыстың өрт сөндіруші- құтқарушылары қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғаларына 18 рет, тұрғындардың құлыптанып қалған есіктерін ашу жұмыстарына 5 рет, полиция қызметіне және тұрғындарға көмек көрсету мақсатында 3 және расталмаған жану оқиғасына 1 рет шыққан. Өрт сөндіру қызметінің өрт сөндірушілері мен құтқарушылары күн сайын өрт қауіпсіздігі мен суда жүзу ережелерін түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті облыс және қала тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды, ал үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көздерінен ажыратуды, мүмкіндігінше қарттар мен балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Сондай-ақ, шомылу маусымының басталуына байланысты тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және су көздеріне жақын маңда тұратын балалардың қауіпсіздігін бақылауға шақырады. Өрт немесе өзге де төтенше жағдай туындағанда «101», «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу ақысыз негізде жүзеге асырылатынын еске салады.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар