Дәмхана қызметіне ақы төлеу заңды ма?

Дәмхана қызметіне ақы төлеу заңды ма?
ашық дереккөз
Дәмхана қызметіне ақы төлеу заңды ма?
Қоғамдық тамақтану орындарында келушілерге көрсетілетін қызмет үшін алынатын төлемақының заңды-заңсыздығы жөнінде әлеуметтік желілерде жиі жазылып жүр. Анығын білу үшін біз де аталған тақырыпты тарқатып көрдік. Бұған құқық қорғау саласының мамандары не дейді? Даяшының қызметіне шай-пұл қандай жағдайда беріледі? Жалпы, шай-пұл беру мәдениеті қайдан шыққан? Көкейдегі сауалдарға жауап іздеу үшін әуелі өзіміз тәжірибе жасап көрдік. Тараз қаласындағы көп дәмханалардың біріне кірдік. Тамақтанып болғанда даяшы есепшотқа көрсетілген қызмет үшін 15 пайыздық төлемді қосып әкелді. Алған ас- суымызды бағалаған соманың 15 пайызы 3 мың теңге болған екен. «Әр мейманнан түскен 15 пайыз ақшаның бәрі даяшыға төленеді ме?» деп сұрадық. Даяшы күндік табыстың 2-3 пайызы ғана оларға жалақы ретінде берілетінін айтты. Ақыры даяшының қызметтік төлемі түгелдей оған төленбейтін болса, біз тек ішкен-жегеніміздің ақысын ғана төлейтінімізді айттық. Дәмхана қызметкерлері ешқандай қарсылықсыз келісті. Бұдан «өз құқыңызды алға тартсаңыз, қарсылық болмайды екен, көбіне өзіміз айтылғанды үндемей төлеп кете береді екенбіз ғой» деген ой түйдік. Бұл мәселе заңда қалай белгіленгенін заңгерден де сұрадық. – Конституция мемлекеттің барлық азаматтарының құқын қорғайды. Әр жағдайда оны жеке қарау керек. Қоғамдық тамақтану орындарында тұтынушыға көрсетілген қызмет үшін төлеуге ұсынылатын пайыздық төлемақыны төлеу-төлемеу мәселесі де сол секілді. Егер дәмханаға келген мейманға даяшы ас мәзірін ұсынған кезде қосымша қызметтік төлемді ескертсе, тұтынушы оны біле тұра сол жерден тамақтанып болған соң төлемнен бас тартса, онда оныкі заңсыз. Ал, егер даяшы алдын ала ескертпей, мейман тамағын ішіп болғаннан кейін көрсеткен қызметіне төлемді есепшотпен әкелсе, онда тұтынушы ол төлемнен бас тартып, өз құқын қорғай алады. Мейман дәмханаға келген бойда ешқандай тамаққа тапсырыс бермей тұрып, қызмет алғанына ас-суының ақысына қосымша төлем жасайтынын білсе, ол оған келіспесе, дәмханадан тамақтанбай шығып кетеді. Бірнеше тараппен бірлесіп жасалатын барлық әрекет ортақ келісіммен жүзеге асады. Мұнда да солай, тамаққа тапсырыс берілмей тұрып келісім болса, екі тарап та өз міндеттерін орындауы тиіс, – дейді заңгер Мақсат Омаров. Ал, Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаев азаматтардың көбі заң ережелеріне мән беріп қарамайтынын айтады. – Мейрамханаға, дәмханаға келген қонаққа даяшы ас мәзірін ұсынғанда қызмет көрсеткені үшін белгілі мөлшерде ақы төленетінін алдын ала ескертуі керек. Олай болмаған жағдайда, мейман ішкен асының ақысын төлейтін кезде одан бөлек көрсетілген қызмет үшін ақысын бермеуге құқылы. Бірақ, көптеген азаматтар заң ережелерін білмегендіктен, осындай жағдайларда өз құқықтарын қорғай бермейді. Нақтырақ айтсақ, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 25-бабы, 1-тармағының 2-тармақшасында: «Қызмет көрсетуші тұтынушыға ұсынылатын қызметтің түрлері, ерекшеліктері туралы барлық ақпаратты беруге міндетті» деп жазылған. Тұтынушы тапсырыс берместен бұрын, өзіне ұсынылатын қызмет пен одан талап етілетін төлемақы туралы толыққанды хабардар болуы керек. Егер алдын ала ескертілмесе, ондай төлемге тұтынушы келіспесе, қызмет көрсеткені үшін ұсынылған төлемнен бас тартуға, дау туындаса, тиісті орындарға шағымданып, құқын қорғауына болады, – дейді Байқадам Еркінбекұлы. Мұндай төлемді даяшының көрсеткен қызметіне ризалықпен берілетін шай-пұл деуге болады. Шай-пұл беру мәдениеті батыс елдерінде кеңінен қолданылатыны белгілі. Шай ішу мәдениеті жақсы қалыптасқан ағылшындардың елінде сонау XVI ғасырда өзіне көрсетілген даяшының қызметіне разылығын шай-пұл қалдырумен білдіру бастау алған екен. Бірақ, біз қозғап отырған мәселе белгілі бір пайызбен белгіленіп, міндеттелген төлем. Егер қонақ алған қызметіне риза болып, өз келісімімен даяшының өзіне берсе, құптарлық. Міндеттелген төлем заңмен белгіленеді, ал даяшының қызметіне ішіп-жеген ас- суыңыздың жалпы бағасының 10-15 пайызын төлеу дәмханалардың ішкі ережесінен басқа жалпыға ортақ заңда көрсетілмеген. Демек, сіз өзіңіз барған тамақтану орындарында ол төлемнен бас тартуға құқылысыз.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар