Ашық «люктер» - ажал апаны

Ашық «люктер» - ажал апаны
ашық дереккөз
Ашық «люктер» - ажал апаны
Күні кеше Шу қаласында екі өрімдей жеткіншектің өмірін қиған оқиға жамбылдықтардың жағасын ұстатқаны жасырын емес. Жергілікті тұрғынның кәріз тазарту қондырғысынан балалардың мәйітін тауып алғаны, бұл мәселеге әлі де баса мән беру керектігін ескерткендей. Себебі, ашық люктардың мәселесі әлі күнге толыққанды шешілмей отыр. Ал, бір люктің бағасын отыз мың теңгеге бағалайтын ұрылар оның артында ұрпақтың өмірі тұрғанын ескерер емес. Ең сорақысы, бұл жағдай жыл сайын қайталанып келеді. – Қалада ашық люктер өте көп. Оған кімді кінәлай береміз? Бірақ, қақпақтардың өз уақытысымен жарамсыз болғанын әлі көзіммен көргенім жоқ. Бұрындары есек арбамен жүргендер ұрлап жүр дегенді еститінбіз. Орнына қайтадан жаңасын орнатады, одан да мәселе шешіліп жатқан жоқ. Жаңа қақпақтары бір аптаға жетпей жоқ болып кетеді. Өзім «Бәйтерек» шағынауданында 7 жылдан астам уақыт тұрып келе жатырмын. Екі немерем бастауыш сыныпта оқиды. Алаңдап отырамыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің шағынауданда балалар алаңсыз ойнайтын, серуендейтін бірде- бір саябақ жоқ. Бүгінде қалада екі шағынаудан салынып жатыр. Бірақ, біз әлі күнге бір саябаққа жарымай келеміз. Соның салдарынан балалар есік алдында, үйлердің арасында ойнауға мәжбүр. Өздеріңіз білетіндей, жазғы уақытта балалар үйге сыймай кетеді. Біздің шағынауданда көпбалалы отбасылар да аз емес. Кейбіреулерінің үйінде тіпті 8-9 баладан бар. Жылдың басында немеремнің бірі бетін қар басып жатқан ашық люкке құлап, аяғы мен қолын жарақаттап алды. Абырой болғанда, сүйегі сау, шынтағымен тіреп қалып, аман қалды. Егер басыбүтін құлағанда жазатайым болар ма еді. Себебі, өзіміз барып көргенде қақпағы жоқ кәріз жүйесінің асты толған құбырлар мен арматуралар. Жасыратын несі бар, бала тұрмақ, ересек өзіміз де кешқұрым ашық люктарды көрмей қаламыз. Қаншама көліктер де түсіп кетіп жатыр. Бұл мәселені осы аумақ тұрғындарының барлығы біледі. Бұрын үйлердің арасындағы көшелерде жол белгілері көп болатын. Қазір сол жол белгілері де жоқ. Барлығын үптеп кетіп жатыр. Меніңше, бұл мәселені әр аумақтағы учаскелік полиция қызметкерлері қатаң бақылауы тиіс. Оған қоса, кәріз немесе жылу жүйелеріне жауапты мамандар қақпақтарды мықтап бекітіп, тіпті дәнекерлеп тастауы қажет. Әйтпесе, бұлай болмайды. Бұл да елдің, қоғамның ортақ мүлкі емес пе? Қашанғы бәзбіреулер оны табыс көзіне айналдыра береді, – дейді тараздық тұрғын Сәкен Кеңесбеков. Әрине, облыс орталығы болғандықтан ашық люктердің басым көпшілігі Тараз қаласына тиесілі. «Жамбыл су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мамандарының айтуынша, былтыр бір жыл ішінде қалада 900-ге жуық люк ұрланған. Кәсіпорынның теңгеріміндегі 17 мыңға жуық люктің осыншамасы қолды болып кеткені әрине, өкінішті. Себебі, қақпақтарды ұрлап, сататындар мұны кәнігі кәсіп көзіне айналдырып алған. Әр люктің орташа құны 28-30 мың теңге шамасында бағаланады. Аталмыш мекеме темір қақпақтарды бетон люктармен алмастырған күннің өзінде мәселе түбегейлі шешілмеген. Оған қоса, кәсіпорын жылда мыңдаған жаңа люк алу үшін бюджетке өтінім беретін көрінеді. Бір жылда 365 күн бар екенін ескерсек, қалада күніне 3 люктен ұрланатынын аңғару қиын емес. Ал, бір люктің қара базардағы бағасы бойынша есептесек, мемлекетке 27 миллион теңгеге жуық шығын келгенін байқауға болады. Бұл аз ақша емес. Бірақ, бұл сома қиылған қыршындардың өмірімен салыстырғанда түкке де тұрмайды. Ал, қоғам мүлкіне қол сұғып үйренгендер мұның салдарын көзге де ілмейтін секілді. – Тоқсаныншы жылдары қаладағы көп құбырлар тоналып кетті. Заман солай болды. Енді еліміз тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты, дамыған отыз елдің қатарына кіреміз, «Жаңа Қазақстан» құрамыз дегенде әлі күнге жыртығымызды жамай алмай, тіпті қарапайым қақпақтардың өз орнында тұруын қадағалап, қарай алмай жүргеніміз өзекті өртейді. Ашық жатқан ой-шұқыр ойын баласы үшін өте қауіпті. Адам тұрмақ, мал да құлап, шығын болып жатыр. Жол- көлік оқиғалары да жиі орын алуда. Айта-айта шаршаған тұрғындар қазір қаладағы ашық люктерге ағаш бұтақтарын салып қоюды әдетке айналдырды. Себебі, қандай да бір жағдай орын алмайынша, біздің люктер жабылмайды. Оны жаппақ түгіл, айналасын қоршап, адамдар мен көлік жүргізушілерге ескертетін белгілер де қойылмайды. Міндетті түрде біреу жапа шекпейінше, сол жердегі люктің мәселесі шешілмейді. Бұл бір ғана люкке байланысты. Ал оның қаншауы ашық жатыр, олардың мәселесі шешілу үшін әлі қанша қайғылы оқиға орын алуы керек, мұны тіпті ойлаудың өзі қорқынышты, – дейді Қаратау қаласының тұрғыны Жеңісбек Сейітов. Мұндай жағдай Шу мен Жаңатаста да жоқ емес. Облыс орталығының іргесіндегі «Шөлдала», «Құмшағал» және «Көлтоған» саяжайларында, тіпті шағынаудандарда да әлі түбегейлі шешілді деп айта алмаймыз. Кәріз, жылу жүйелерімен қатар ажал апанына айналған ашық трансформаторлар мен ескі газ қондырғылары да аз емес. Қақпағы жабылмаған орындардың мәселесі толыққанды шешілуі үшін әлі қанша отбасы қара жамылуы керек? «Ата- ана қараусыз қалдырған» деп айқайлай бергеннен, көптің көз алдында қараусыз жатқан ой-шұқырға қашан мән береміз? Бастысы, жабулы қазан жабулы, ашық люктер бәз-баяғы қалпында ашық-шашық қалмаса болғаны.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар