Корей поэзиясының кешегісі мен келешегі

Корей поэзиясының кешегісі мен келешегі
ашық дереккөз
Корей поэзиясының кешегісі мен келешегі

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ел жастарының дені корей елінің мәдени-рухани өміріне қызығушылығы басым. Сәндік стильден бастап, музыкалық жанры, сүйікті киноларына дейін аталған елдің еншісінде. Десек те, корей халқының руханиятына ғасырлар бойы нәр беріп келе жатқан әдебиеті жайлы не білеміз?

«Сеулде «Кёбо» атты Азиядағы алып кітап дүкендерінің бірінде Нобель сыйлығының иегері атанған қаламгерлердің суреттері қойылған кескіндер көрмесі бар. Суретсіз, бос тұрған жиектеменің астында мынадай жазу орналасқан: «Нобель сыйлығының болашақ иегері – корей азаматы үшін!» 2010 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығына «Шаһар мен иттер», «Ғибадатханадағы әңгіме» романдарының авторы, әлемге әйгілі Перу жазушысы Марио Варгас Льоса ие болды. Алайда, букмекерлік кеңселер бәс тіккен бірегей үміткерлердің қатарында швед ақыны Томас Транстремер, поляк шайыры Адам Загаевский, Адонис деген жасырын атпен жазатын сириялық ақын һәм эссеист Али Ахмед Саид және оңтүстік кореялық ақын Ко Ын да бар болатын. Әдебиеттегі аса абыройлы сыйлықтың 74 жастағы Марио Варгас Льосаға бұйырғанына барша қуанып, құптағанымен, кезекті сәтсіздік Кореяда үлкен наразылық тудырып, соңы ащы өкінішке ұласты. Бұл туралы алматылық «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген «Жаңа замандағы шет ел әдебиеті» атты ұжымдық монографияда кеңінен жазылған. Корей әдебиеті аса ауқымды тақырып болғандықтан, біз аталмыш елдің поэзиясына шағын шежірелік шолу жасағанды жөн көрдік. Жиырмасыншы жүзжылдықтың басына дейін дәстүрлі корей поэзиясы әуенге салынып орындалатын бітімі бөлек жанр болған. Сол кезеңге дейін дүниеге келген жырлардың дені ханча ( ханцзы) үлгісімен ескі қытайша жазылған екен. Ең ежелгі жыр нұсқасы біздің дәуірімізге дейінгі XVII ғасырға тән екендігін («Юри патшаның сары құстар жайлы жыры») бүгінгі ғылым дәлелдеп үлгерген. Корей поэзиясының қарқынды дамыған тұсы Ғайса пайғамбар дүниеге келгенге дейін төрт жүз жыл бұрын болған-ды. Бұл кездегі өлеңдер де классикалық қытай төрттағандарының ізімен туындап, бұл кезеңнен мың жыл кейінгілерінің өзі Таң әулетінің заманындағы лирикалық шығармалардың «ши» формасын қабылдаған. Жыр жинақтарын жарыққа шығаруды жаратпағанымен, Корё кезінде ( 935 жылы) Конфуций ілімінің ықпалымен корей поэзиясы қайта өрлеу дәуірін өткерген. Біртұтас Силла мемлекеті өркендеген тұста «иду» үлгісімен жазылған «хянга» атты корей классикалық поэзиясының жанры дамыған. Біздің заманымызға жеткен 25 шығарманы (оның 14-і «Самгук Юса», 11-і «Кенеджон» атты көне жәдігерлерде) бүгінгі корей халқы түгелдей дерлік білетіні таң қалдырады. Корё мемлекетінің дәуірлеген шағында қытайлық иероглифтерді қолдану аясы кеңігенімен, «хянга» түріндегі поэтикалық туындылардың тынысы тарылып, «Корё жырлары» тұғырға қонды. Ауыз әдебиетінің үздік үлгісі саналатын бұл жанрдағы дүниелердің Чосон заманындағылары көбірек сақталған. Біздің жыраулар поэзиясымен үндесетін осынау жырлардың ел ішінде «пхёльгок» деген аты аса танымал. Оның «таллёнчхе» аталатын қысқаша, «ёнджанчхе» атты ұзынырақ түрлері болғанымен, белгілі бір қалыпқа бағына бермейді. Мұндағы өлшемнен гөрі тарих пен дәстүрді, өмір мен тағдырды, болмыс пен тұрмысты өлең өзегіне айналдыра алған мазмұн маңыздырақ. Орта ғасырларда ( XVI-XVII ғ.) Корей елінде лирикалық поэзияның жапон жырындағы хайкуға ұқсас сиджо (сичжо) атты қысқа (бастапқы атауы «танга») жанры қалыптасты. Әрбір тармағы 14-16 иероглифтен немесе хангыль буындарынан құралған, бір үштаған 44-46 таңбадан тұратын, өлеңнің бел ортасында кідіріс жасалып, кілт екпінге ерік беретін тұсы болғандықтан бұл өлең түрі өзге тілдерге тәржімаланғанда амалсыз алтыаяққа айналады. Сиджо жанрының негізін қалаған корей әдебиетінің классигі Чон Чхоль саналғанымен, ең жарқын өкілі ретінде «екінші жырау» Юн Сон До танылған. Құзіретті мемлекет қайраткері, Конфуций ілімінің ірі ғалымы болса да, Косан (Жалқы тау) және Хэон (Теңіз қариясы) секілді жасырын аттармен ханмун һәм корей тілінде жазған жүйріктің артында алты томдық шығармалары қалған. Ең танымал әрі эпикалық туындысы «Косан юго» мен сиджоларының қайсыбір топтамаларынан Э.Хэмингуейдің «Шал мен теңізінің» сюжеттік желісін байқауға болады. Сиджомен қатар қалыптасып, қанаттас жүрген жанр – Каса. Өткен замандардың ірі тарихи оқиғаларын, Корей елінің және көршілес дәулеттердің тұрмысын, салт- дәстүрін тілге тиек ететін бұл көлемді поэтикалық үлгіні біздің жыр-дастандардың баламасы ретінде қабылдауға болады. Чосон кезеңінде өрістеп, өрлей түскенімен, касаның тамыры Корё әулетінің дәурені дүркіреген дүр заманда жатыр. Чон Чхоль (1536-1594 ж.) ақсақалдың бұл жанрдың Асан Қайғысы екендігіне еш талас жоқ. Бұл баянның басында айтып өткен «бұл елге бірге қонған Бақ пен Сор» бір этностың екі бөлек саяси жүйеге және ұлттық ұстанымдары мүлде жат мемлекеттерге бөлініп, бірінің күллі әлеммен дүрдараз болып, оқшау күйде күйкі тірлік кешуінде, есесіне, екіншісінің өзге елдерге үлгі боларлықтай бай һәм қуатты дәулет ретінде өсіп-өркендеуінде болатын. Заманында мемлекеттік қызметке тұруға ниеттенген ерлер міндетті түрде әдебиет тарихынан, поэзиядағы парасат пен шайырлық шеберліктен бақ сынасатын болған бұл елде кітап басу ісі Гуттенберг өзінің баспа құрылғысын ойлап тапқанға дейін екі ғасыр бұрын басталғанын ескерсек, көне поэзия жәдігерлерінің 3700 жылдық тарихы бар мемлекеттің заманауи әдеби әлеуетінің аса жоғары болуы заңдылық іспетті. Жиырмасыншы ғасырдың басында Америкалық модернистердің ықпалымен имажизм секілді бағыттарға бас ұрғанымен, ұлттық дүниетанымын биік қойып, рух жадысын ешқашан жоғалтпайтын елдің қаламгерлері тез арада бойын жиып үлгерді. Сол қаламы қарымды лектің соңынан кешегі кемел, бүгінгі берекелі корей әдебиетінің жүздеген жарқын өкілдері еріп, төрткүл дүниедегі бәсекеге шыдас беретін ең қуатты әдебиеттердің бірегейін қалыптастырғаны анық. Алайда, сол толағай туындыгер түменнен біз шашасына шаң жұқпаған, шетінен шаһбаз шайырлардың бірнешеуін ғана атап өткенді жөн көрдік. Юн Дон Чжу (1917-1945) – Корей елінің ұлы ақыны. Жапон отары болған Қытайдың Лунцзинінде дүниеге келіп, мектепті Пхеньяннан, университетті Жапонияның Киото қаласынан тәмамдаған. 1942 жылы жапон полициясы антижапондық қозғалыстың қайраткері ретінде қамауға алып, айбоз ақын алаштың арыстары секілді небәрі 28 жасында Фукуока түрмесінде көз жұмған. Юн Дон Чжу атындағы Поэзия сыйлығын жыл сайын талантты ақындарға тапсырып келеді. Юнның көзінің тірісінде кітабы шықпаған. Үш дәптерінде сақталған 116 өлең «Аспан, жел, жұлдыз және жырлар» атты жинақ болып жарық көрген ақынды әлі күнге дейін Корей елінің жастары пір тұтады. Ким Чинсу (1922-2004) – соңында мол мұра қалдырған майталман. Чунмуда дүниеге келіп, орта білім алған. Жапонияның Нихон университетінде үш жыл әдебиеттануды игеріп, 1943 жылы күрескер, ұлтшыл ретінде қамауға алынған. 1946 жылдан біржола әдебиетке бет бұрып, бар саналы ғұмырын ғылым мен әдебиетке арнаған. Корей елінің Ұлттық құндылықтарының қатарын толықтырған Ким көзінің тірісінде ең жоғарғы мемлекеттік марапаттарға ие болған. Ан До Хён – 1961 жылы Ечхонда туған корей поэзиясының көзі тірі классигі һәм Вусук университетінің профессоры. Саф сезімнің суреткері саналатын ақын жиырма шақты жыр жинақтары мен эсселерін топтастырған оннан астам кітабын жарыққа шығарған. Ең танымал кітаптары: «Биікке секіруге батылы жеткен ақсерке», «Модакбул», «Джабмун», «Наби». Көркем аудармада да тер төккен тарланның өз шығармалары да көптеген шет тілдерге тәржімаланған екен. Ко Ын – 1933 жылы Кунсанда дүниеге келген әлемге әйгілі қаламгер. Бұл ақсақалды барша оқырмандары ақиық ақын, жампоз жазушы, құқық қорғаушы және будда монахы ретінде біледі. 1962 жылы дүниауи өмірге оралып, жетім балаларға арналған жай салып, кейіннен көп тауқымет тартып, өз-өзіне қол салмақ болған сәттері де болған. Төртінші республика тұсында азаматтық құқықтар үшін күресіп, төрт рет түрмеге түскен. Ең өндіріп жазатын корей әдебиеті классигінің поэзия, проза, драматургия, публицистикадағы еңбектерінен бөлек, ондаған аударма кітаптары бар. «Манинбо» атты жырларының көптомдығы, «Муни ауылында», «Қара тырна көк аспаннан құларда» жыр жинақтары, «Кішкентай жиһанкез», «Сутр гүлдестесі» романдары дүниежүзілік әдебиеттің шаһқар шығармалары санатында тұрған қарт қаламгер Нобель сыйлығынан басқа жүлденің баршасын алып болды. Туындылары әлемнің ондаған тілдеріне аударылған Ко Ын мырза Елордада өткен Азия қаламгерлерінің бірінші форумына қатысқан еді. Әлем әдебиетінде өзіндік өрнегі бар Корей елінің поэзиясы жайлы жазбамызды өзгеше статистикалық мәліметпен түйіндеуді жөн көрдік. Корей әдеби аудармалар институтының мәліметіне зер салсақ, 20 жылда жалпы айтқанда 2340 шығарма корей тілінен 27 шет тіліне аударылған екен. Заманауи корей әдеби туындыларының көпшілігі сапасыз, сын көтермейтін аудармалардың кесірінен зардап шегуде. 70 аударманың 29-ы жарамсыз деп танылып, 7-еуі ғана үздік баға алған, яғни 10 пайызы ғана жарамды деп танылған. Соған қарамастан Корей әдебиеті өзіндік дербес те дара үнін дүние жүзіндегі қалың оқырман қауымға жеткізу үшін күресуде!  

Ұқсас жаңалықтар