Отан –шекарадан басталады

Отан –шекарадан басталады
ашық дереккөз
Отан –шекарадан басталады

Кеңестік дәуірде қазақтың қазіргі қалыптағыдай толыққанды мемлекеттік шекарасы болған жоқ. Күллі әлем қауымдастығы мойындаған, мемлекеттік шекаралары халықаралық құқық нормалары бойынша біржола бекіген, көрші мемлекеттердің барлығымен жер дауы шешілген мемлекеттің болуы бірінші рет екенін бәріміз мойындауға тиіспіз. Мұндай мемлекет құру біздің буынның маңдайына, қазақтың заманнан озық туған перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пешенесіне жазылған бақ болды.

1991 жылы еліміз тәуелсіздігін жариялаған сәтте Қазақстанның алдында іргелес көршілермен мемлекеттік шекарасын айқындап, бекіту турасындағы аса күрделі әрі ұзаққа созылар міндет тұрды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтаудан маңызды міндет жоқ», – деген болатын. Еліміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы шын мәнінде орасан зор жұмыстар атқарып, ақыр-аяғында біздің мемлекеттік шекарамызды толық айқындап, келісіп, заңдық тұрғыдан көршілерге ғана емес, халықаралық қауымдастыққа біржола мойындатты. Шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуде Елбасының: «20 жылдың ішінде біз барлық көрші елдермен мемлекеттік шекара мәселесін реттеп, шештік. Біздің сыртқы шекарамыз – тату көршілік пен ынтымақтастық шекарасы» деуі де сондықтан. Әлемдік тәжірибеде заңдық тұрғыдан айқындалған аумағы мен мемлекеттік шекарасы қандай да бір елдің ең басты мемлекеттік белгілердің бірі. Сондықтан Қазақстанның шекарасын делимитациялау және демаркациялау жұмыстары мемлекеттік егемендігіміздің аумағы мен шегін бекіту бағытындағы стратегиялық шара болатын. Мемлекеттік шекараны анықтаудың маңызын тереңірек түсіну үшін Қазақстанның бұрын, яғни Қазақ хандығы кезінде де, Кеңес одағының құрамындағы одақтас республика болған уақытында да нақты, заңды бекітілген, халықаралық-құқықтық тұрғыдан мойындалған дербес мемлекеттік шекарасы болмағанын айтуымыз керек. Сөз басында айтқанымыз да осы мәселе. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихи мұрагерлік құқығы бойынша Кеңес одағының құрамындағы Қазақ ССР-інің аумағы мен шекарасына иелік етті. Алайда тәуелсіздікті жариялағаннан кейін алдан аса күрделі екі мәселе шықты. Біріншіден, қолда бар мемлекеттік шекараны жаңа, халықаралық деңгейде делимитациялап, бекіту қажеттігі туындады. Екіншіден, осы үрдіс барысында туындаған түйткілдердің барлығын көрші елдермен келісе отырып, бейбіт жолмен шешу қажет болды. 1993 жылдың 13 қаңтарындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Заң мемлекеттік шекара ел аумағының құрлықтағы, судағы, жер қойнауындағы және әуедегі шегін анықтайтын сызық екенін және шекара тек қана Қазақстан Республикасының халықаралық келісім-шарттарымен анықталатынын айқын ұқтырды. Қазақстан Республикасының құрлықтағы мемлекеттік шекарасының ұзындығы – 13 400 шақырым.1992 жылы Қазақстан Қытай Халық Республикасымен шекараны анықтау бойынша келіссөздерді бастады. Сол келіссөздердің қорытындысы ретінде 5 халықаралық келісім-шарт жасалып, Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара ұзындығы 1782 шақырым деп көрсетілген.Ал Кеңес одағы кезінде одақтас республикалардың арасындағы шекара ішкі әкімшілік-аумақтық шекара ретінде белгіленіп, тек карталарда ғана көрсетілетін. Шекара бойында ондай ешбір бөлу сызығы болмайтын. 1999 жылдың қыркүйек айында құрылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі үкіметтік комиссия Қырғызстанмен шекара –1242 шақырымды, Түркіменстанмен арадағы шекара – 426 және Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрайтынын анықтады. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара құрлықтағы ең ұзын шекара болып саналады, оның жалпы ұзындығы 7591 шақырым. Шекараны делимитациялау Каспий теңізінің жағасынан басталып, Еділ өзенін жағалай отырып, шығысқа бұрылады-дағы, Сарыарқа мен Сібір жазығының ортасын көктей өтіп, Қазақстан, Ресей, Қытай үшеуінің шекаралары түйісетін тұста, Алтай тауының ең биік жоталарында аяқталады. Осыны нақтылау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» келісімге қол қойды. Бұл келісім еліміздің мемлекеттік аумағы мен егемендік кеңістігінің шегін айқындап, бекіту бағыты бойынша Қазақстанның сыртқы саясатындағы айрықша маңызды қадам болды, екі елдің өзара қатынастарының тарихына алтын әріптермен жазылды. Бүгінде мемлекеттік шекараны бекіту жұмыстарымен бірге еліміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығын қамтамасыз етудің аса жауапты міндеті абыроймен атқарылғанын сеніммен айта аламыз. Ұлттық қауіпсіздігіміз бен алдағы талай мыңжылдықтарға жалғасатын тұрақты дамуымызға қажетті негіз толықтай қаланды. Осының арқасында төскейде малы қосылған іргелес көршілеріміздің барлығымен бауырластық қатынас орнаттық. Қазіргі таңда біздің шекарамыз – достық пен тату көршілік шекарасы. Ол бізге ізгі ниетпен келетін барлық елдерге айқара ашық. Бұл ретте біз ендігі жерде ұлан-байтақ Еуразия құрлығының қақ жүрегінде әлем қауымдастығы мойындап, құрмет тұтатын, аумағы жөнінен жер бетінде 9-орын иеленетін жаңа мемлекет – Қазақстан бар екенін мақтан тұтамыз. Бұл орайда біз Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын мызғымастай етудегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз тарихи рөлін мақтанышпен атап өтуге тиіспіз! Елбасымыз аман, елдігіміз мәңгілік болсын! Қасиетті Отанымыз гүлденіп, көркейе берсін!

Марат БАЯДИЛОВ,  Тараз шекара жасағының бастығы, полковник.

Ұқсас жаңалықтар