Мәселе көтерілді, жобалар талқыланды

Мәселе көтерілді, жобалар талқыланды
ашық дереккөз
Мәселе көтерілді, жобалар талқыланды
Өткен сенбіде сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті төртінші сессиясы өтіп, оған облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, департаменттер мен басқармалардың, тиісті мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері қатысты. Сессияны облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізіп отырды. Әуелі депутаттар алдында өңірдегі елді мекендердің сәулет келбетін жақсарту және көркейту барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, облыс бойынша 371 қала мен елді мекен қала құрылысы жобаларымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, өткен жылы қала және аудан әкімдіктері тарапынан барлығы 45 елді мекеннің бас жоспары мен оңайландырылған нұсқаларына түзетулер енгізілген. Бекітілген құрылыс жобаларына сәйкес, басқарма тарапынан жыл сайын қала мен аудан орталықтарындағы негізгі бас көшелердің белгіленген «қызыл сызық» құрылыс салу шекарасында орналасқан кәсіпкерлік сауда орындарын, дүңгіршектер мен құрылыс нысандарын анықтау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр басқарма мамандары жүргізген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде аудан орталықтарында осындай 13 нысан анықталып, Меркі, Сарысу, Шу аудандарындағы 4 нысан бұзып алынған. Тараз қаласында «қызыл сызық» нормасын бұзған және заңсыз орналасқан 87 дүңгіршектің 38-інің заңды құжаттары бар екендігі анықталса, қалған 23 дүңгіршек алынып тасталған. Ал, қалған 33 нысанға қала мен аудан әкімдіктері тарапынан шара қолданылуда. – Биыл 2023-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітіліп, облыс бойынша 30 елді мекеннің бас жоспары мен оңайландырылған нұсқаларына түзетулер енгізу жұмыстары жоспарда бар. Басқарманың «Сәулеттік бюро» мекемесі тарапынан Тараз қаласы мен аудандардың эскиздік жобалары әзірленіп, жүзеге асырылуда. Оған Тараз қаласының «Арай» тұрғын алқабындағы 300 орындық мектеп, 14 және 15-шағынаудандардың тұрғын үйлері, сауда павильондары, 1200 орындық мектеп, Қонаев- Сейфуллин көшелерінің айналма жолдары, 600 орындық мектеп, Аса ауылының мұражай ғимараты мен орталық алаңы, 15-шағынауданның көпқабатты үйлердің қасбеттері, Айша бибі кесенесіндегі «Сапар» орталығы, Жаңатас қаласын абаттандыру, 14-шағынаудандағы теннис орталығының интерьері, қоғамдық көлік аялдамалары кіреді. Облыс орталығының сәулеттік үйлесімділігін жақсарту мақсатында Тараз қаласының «Дизайн код» жобасы әзірленуде. Жобаны нормативтік құжат ретінде бекіту үшін, қалалық әкімдік тарапынан қажетті қаражат бөлініп, жобалаушы мекеме анықталуда. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, өңірлік геоақпараттық жүйелерді цифрландыру жұмыстарын атқару жоспарда тұр. Биыл елді мекендердегі әлеуметтік, өндірістік, кәсіпкерлік нысандарының сыртқы сәулеттік-көркемдік, композициялық келбетінің және саябақтар, аллеялар мен скверлердің эскиздік жобаларын әзірлеу, Тараз қаласының түзету енгізілген бас жоспар жобасын бекіту, «Қала құрылысы кодексін» әзірлеу жоспарланған. Облыс елді мекендерінде құрылыс салу шекарасы – «қызыл сызық» нормаларын бұзып, құрылысы салынған нысандарға зерделеу жүргізу, Тараз қаласы мен аудандар аумағында сәулеттік келбеті келіспеген, ұсқыны қашқан нысандардың, ғимараттардың сыртқы қасбетін ретке келтіру, жақсарту және қала құрылысы талаптарын қатаң сақтай отырып, ғимараттардың сәулеттік келбетіне әзірленген эскиздік жобаларды басқармамен келісуден өткізу керек. Облыс бойынша былтыр сейсмоқауіпті болып 60 нысан анықталып, 19 нысан бұзылды, 35 нысанға сейсмокүшейту жұмыстары жүргізілді. Енді Тараз қаласы бойынша 6 нысанға қала әкімдігі тарапынан сейсмокүшейту жүргізу қажет, – деді А.Қарабалаев. Сессияда сондай-ақ облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібековтің хабарламасы тыңдалды. Баяндамашы былтыр құрылыс басқармасы арқылы бюджет қаражаты есебінен 85,8 миллиард теңгеге 249 жобаның құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 113 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенін айтты. Қалған 136 нысан 2023 жылға өтпелі болды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоба шеңберінде 24,6 миллиард теңгеге 4208 пәтерлі 68 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 2260 пәтерлі 34 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, 9,2 миллиард теңгеге 20 жаңа алқапта 33 жобаның құрылысы жүргізіліп, нәтижесінде 3198 жер телімі жер кезегіне тіркелген азаматтарға таратуға дайын болды. Жалпы, бюджет және жеке меншік қаражат көздері есебінен 693,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға асыра орындалды. Биыл сметалық құны 204,5 миллиард теңгені құрайтын 255 жобаға бюджет есебінен 71,3 миллиард теңге бөлінді. Оның 182-сін биыл тапсыру жоспарлануда, қалған 73-і келесі жылға өтпелі. Облыста коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында құны 13,2 миллиард теңгеге 3929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 2564 пәтерлі 45 үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал тобы және көпбалалы отбасыларға 7,7 миллиард теңгеге 797 пәтерді республикалық бюджеттен сатып алу жоспарлануда. Жалпы, бюджет және жеке меншік қаражат көздері есебінен 698,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 0,7 пайызға асыра орындау күтілуде. Сонымен қатар, 14 алқапқа 20 инфрақұрылым жобасының құрылысы жүргізіліп, жеке тұрғын үй құрылысы үшін екі жаңа алқапта 869 жер телімін жер кезегіне тіркелген азаматтарға таратуға дайындау жоспарлануда. Сессияда хабарлама жасаған басқарма басшыларына депутаттар тарапынан түрлі сауалдар қойылып, бірқатар мәселелер көтерілді. Мәселен, «Қызыл сызықтан» асып кеткен жеке меншік үйлерді не істейміз, оларға қандай да бір шара қолдануға бола ма?» деген сұраққа сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев: «Соңғы тексерулердің өзінде осындай 78 үй анықталған, оның бәрін қазір бұзып тастай алмайсың. Бұл тек соттың шішімімен ғана іске асырылатын жұмыс», деп жауап берді. Депутат Керімқұл Бегалиевтің айтуынша, Жуалы ауданында 2020 жылы бітуге тиіс спорт кешенінің құрылысы тоқтап тұр. Бұл сұраққа аудан әкімі Жалғас Мұртаза жауап беріп, 2021 жылы басталған нысан былтыр пайдалануға берілуі тиіс болғанын, алайда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мердігер құрылысты жалғастырудан бас тартқанын, сондықтан нысанның сметасы қайта есептеліп, жетіспеген қаражат бюджет есебінен толықтырылғанын, спорт кешені жыл соңына дейін аяқталатынын айтты. Осы жерде облыстық мәслихаттың төрағасы сол спорт кешенінің құрылысын жүргізген мердігер Қордай ауданында да тура сондай нысанның құрылысын жүргізіп жатқанын айтып, аудан әкіміне Жуалыдағыдай мәселе туындамауы тиіс екенін ескертті. Депутаттар пайдалануға берілген кез келген нысанда құрылыспен бірге абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін, алайда кейбір құрылыс қыста бітетіндіктен, абаттандыру жұмыстарында қиындықтар туындайтынын айтып, құрылысты жоспарлағанда оны қысқа қалдырмай аяқтауды ескеру керектігін көтерді. «Мәселен, құрылыс қыста аяқталса, қарда тал-дарақ отырғыза алмайсыз ғой? Бірақ нысанды қабылдар кезде қалайда жобада көрсетілген жұмыстардың толық бітуі талап етіледі», – деді олар. Депутаттардың Қаратау қаласына кіреберістегі саябаққа байланысты сауалына Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков жауап берді. «Қазіргі таңда мұнда тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Тексеру біткеннен кейін нақты шешім қабылданып, жұмыс жалғасатын болады», деді аудан басшысы. Депутат Айман Ашимова алдағы уақытта аурухана ғимараттарын жөндеуге тапсырыс берген кезде оны ертерек көктемде бастап, қысқа жеткізбей аяқтаса деген ұсынысын айтты. Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар