«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Рухы биік халықтың іргесі берік

Рухы биік  халықтың  іргесі  берік
ашық дереккөз
Рухы биік халықтың іргесі берік

Газетіміздің биылғы 4 желтоқсан күнгі №166 санында «Тәуелсіздік туы мен дастарханы» атты мақала жарияланған болатын. Онда автор елдік пен егемендікті қадірлеу мақса­тында құнды ұсыныстарымен бөліскен еді. Осы мақалаға орай оқырман хаттары көптеп келуде. Бүгін солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 17Жандар КӘРІБАЕВ, 

саясаттанушы. 1998 жылы Түрік Республикасының Парламенті түрік тілінің мемлекеттік мәртебе алғанынына 720 жыл толуына орай халықаралық симпозиум өткізген болатын. Оның жұмысына Қазақстаннан Ұлттық ғылым Академиясының академигі, белгілі тюрколог Әбдуәлі Қайдари, Сенаттың сол кездегі депутаты осы жолдардың авторы екеуміз қатысқан едік. Елдің мемлекеттік рәміздеріне деген ыстық ықылас пен азаматтық аңсар құрмет үш күнге созылған әлемдегі түбі бір түркі тілдес халықтары өкілдерінің басқосуының өн бойына нәр беріп, ұлттық сезімді тербеп тұрды. Күн сайын жиын басталар және жабылар алдында жиырма шақты өрен Түркияның қызыл фонға салынған ақ жарты ай мен жұлдыз бейнеленген Туын желбіретіп кіріп келеді де, Мемлекеттік әнұраны – «Тәуелсіздік маршын» әуелете жөнеледі. Зал тік тұрып, қалт тыңдайды. Ерекше назар аударғаным орындаушылар құрамындағы мектеп оқушылары әркез жаңаланып тұрды. Жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулудың, қазақтың «баланы жастан» деуінің мәні осы шығар деп түйдім. Міне, «Ақ жолдағы» «Тәуелсіздік туы мен дастарханы» атты мақала да осындай ойға от бере түскендей. Еліміз азат, еңсеміз биік. Тәуелсіздік мерекесі күні әрқайсымыз елдік рухты жанитын іс-шараларға ұйытқы болсақ кім қой деп жатыр. Әрине мереке күні ауып қонбай қазақтың басына тауып қонған тәуелсіздігіміздің символикалық айырым белгілері – рәміздерімізге айрықша құрмет көрсетілуі керек. Өйткені олар біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы байланыстың жарқын бейнесі. Бір ғана Көк Туымыз қазақ елінің көк аспанның астындағы бейбіт сүйгіш халық екендігін, көк жүзінде самғау үшін жаралған дала қыранындай еркіндікті білдірсе, ал алтын күн байлықты, дархандықты ұқтырып тұр. Туып-өскен жердің мемлекеттік рәміздерінің мағынасын түсіну − әрбір Қазақстан азаматының борышы. Рәміздердің мағына-мәнін отбасында, балабақшада, мектепте, арнаулы орта жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында әр жас ұрпақ, лауазымды тұлға мемлекеттік рәміздерді заңнамаға сәйкес қадірлеп, қастерлеп, құрмет тұтуы қажет. Қасиетті мәңігілік елімізге, кіндік қанымыз тамған жерімізге деген сағынышқа толы, жанды тербетіп, рухты оятатын Ермұрат Зейіпханның жан тебіренісінен туған «Көк тудың желбірегені» әні бұл күнде қай-қайсымызды болса да бей-жай қалдырмасы кәміл. Мектептерде күн сайын әр сынып сабақты осы әнмен бастаса нұр үстіне нұр, ол ешбір қосымша қаржы қажет етпейді. Салиқалы сөздермен астасқан әуезді ән әрбір жасты отансүйгіштікке баулыр еді. Еліміздің ертеңі жастар Көк Тудың желбірегені, қазақтың асқақ беделі деп ұғып, таласқа түссе жан мен ту, бізге керегі жан емес, көк тудың желбірегені екендігін санасында түйіп өсер еді. Ал Тәуелсіздік күні осы әнді орындаудан өнер сайысы өткізілсе. Тәуелсіздік күні Көкбайрақ сыйлау туралы идея да көңілге қонады. Сонымен қатар Тәуелсіздік дастарханында қонақтар әңгіме-дүкеннен мезі болмас үшін тұсау кесер рәсімі сияқты ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтасақ құба-құп. Бір сөзбен айтқанда, бәрі де өзімізге байланысты.

24Жандарбек СМАҒҰЛОВ, Сарысу ауданы, Жаңаталап ауылдық округінің әкімі. Кейінгі уақыттарда түрлі тақырыптағы тұшымды дүниелермен қуантып жүрген облыстық «Ақ жол» газеті Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тағы бір тосын ойды қозғады. «Тәуелсіздік туы мен дастарханы». Біздің халқымыз туды да, дастарханды да кие тұтқан. Ықылым заманнан қалыптасқан осы бір қастерлі үрдісті Тәуелсіздік рухымен байланыстырсақ оның мәні мен мазмұны одан бетер арта түсері даусыз. Жер бетінде азаттыққа қол жеткізе алмай, азып-тозып жүрген ұлттар қаншама? Ал біз шүкір, терезесі тең, керегесі кең Тәуелсіз елміз. Көгімізде желбіреген Көкбайрағымыз еңселі елдігіміздің айғағындай. Біз осы құндылығымыздың қадіріне жете алып жүрміз бе? Қоғамда Көкбайрағымыз ғимараттардың жоғарғы жағында ғана ілініп тұру керек деген сияқты көзқарас қалыптасып кеткен сияқты. Керісінше біз туымызды жүрегімізге жақындата түсуіміз керек. Оның бірден-бір жолы «Ақ жолда» жазылғандай Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне Ту тарту ету. Бұл шара әрі мерекелік көңіл-күйді арттырады, әрі ұлттық рухты жаниды. Жаңатас қаласы мен Жайылма ауылында орнатылған биік сілтеменің басында Көкбайрағымыз желбіреп тұрады. Соған қарап марқаясың. Осы Тудың жанынан жергілікті тұрғындардың тебіренбейтіні кемде-кем. Ойды ой қозғайды. Осындай биік сілтемелерді әрбір көшенің басына немесе көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына орнатсақ. Сөйтіп Тәуелсіздік күні таңертең тұрғындар жиылып, барлығы бірге Көкбайрақты көкке көтерсе қандай ғажап. Сонан кейін барып мерекелік шаралар жалғасса. Жалпы, Тәуелсіздік мерекесіне орай жер-жерде әралуан іс-шаралар өтеді. Патриоттық әндер шырқалып, күмбірлете күй төгіледі. Мұнымен шектелмеу керек. Тәуелсіздігіміз жылдан-жылға нығайып келеді. Халықтың ой- санасы өсті. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінді. Ендігі кезекте басылым көтерген Тәуелсіздік туы мен дастарханы сияқты жаңа форматты шараларды жандандыру керек. Бұл «Мәңгілік Ел» ұғымының мәнін аша түсетіндігі сөзсіз.

15Светлана БОЙКО, «Мерей» өнер студиясының құрылтайшысы. Еліміз егемендікке қол жеткізген 1991 жылы өмірге келдім. Сондықтан да Тәуелсіздіктің құрдасы екенімді әрқашан зор мақтанышпен айтып жүремін. Шынында да біз Қазақстан Республикасы деп аталатын керемет елде ғұмыр кешудеміз. Кең-байтақ жеріміз, дархан пейілді халқымыз, мемлекетімізді алға бастаған Елбасымыз бар. Шүкір, бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен елімізге өзгелер қызыға қарайды. Мен оған Қырғыз Республикасы Талас облысының 70 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға жамбылдық делегация құрамында барғанымда тағы да бір көз жеткізгендей болдым. Көршілес мемлекеттегі достарымыз Қазақ елінің бүгінгі қол жеткізген табыстары туралы әңгіме қозғағанда кеудемді мақтаныш сезімі кернеп кетті. Иә, мұның бәрі де Тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асып жатқанын ұғынбау мүмкін емес. Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтап, қадір-қасиетін бағалау – әрбір азаматтың парызы. Осы орайда өзімнің сүйікті басылымым «Ақ жол» газетінде көтерілген Тәуелсіздік туы мен дастарханы туралы бастама маған үлкен ой салды. Расында да неге мереке күндері бір-бірімізге Көкбайрағымызды тарту етпеске? Керемет қой. Оның үстіне біздің Туымыз айналаға айрықша реңк беріп тұратыны тағы бар. Тәуелсіздік дастарханы әрбір шаңырақта жайылуы керек. Және де ішімдік атаулы мүлде қойылмағаны дұрыс деп есептеймін. Сонда дастархан басындағы елдік пен егемендік туралы салиқалы әңгіменің де салмағы арта түседі. Тәуелсіздік дастарханын көше-көше болып бірігіп жайса да жарасып кетер еді. Бұл ел-жұрттың пейілін тасытып, бір-бірімен етене араласуына жол ашады. Сонымен қатар осы күні халықтар билерінің сайысын өткізуді дәстүрге айналдыру керек сияқты. Өз басым «Ақ жол» жазған құнды бастамаға қалалық «Жамбыл Тараз» газеті редакциясы ұжымының қолдау көрсетіп, алғаш болып Тәуелсіздік дастарханын жайғанына қуанып қалдым. Енді осы үрдісті үзбей, жалпыхалықтық деңгейге көтерсек нұр үстіне нұр болар еді.

Ұқсас жаңалықтар