Қазақ журналистикасы тілінің халі нешік?

Қазақ журналистикасы тілінің халі нешік?
ашық дереккөз
Қазақ журналистикасы тілінің халі нешік?
Қазіргідей сәт сайын жаңашыл сипат алып, ақпараты көбейген қоғамда өзгеріске ілесудің өзі оңай емес. Ал, қоғамдық пікір қалыптастырушы журналистердің сауатты болуы – екі есе маңызды. Тіл сауаттылығы мен мәдениеті – журналистің негізгі қажеттілігі. Біз мұны облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған «БАҚ және тіл мәдениеті: тілдік нормалар» атты республикалық семинар барысында аңғардық. Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығында өткен жиынның көсемсөз өкілдеріне берері аз болған жоқ.

Журналистер тіл мәдениетіне неге жауапсыз?

Семинарға еліміздің бірнеше аумағынан тіл жанашырлары қатысты. Жиынды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметова ашып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң жиынды облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы болып семинарға zoom арқылы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орфография басқармасының жетекші ғылыми қызметкері Гүлназ Төкенқызы «Медиакеңістіктегі тіл мәдениеті: әдістемелік мәселелер» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде медиа тілінің өз бағыты бар екенін, медиа тілі публицистикаға, публицистика әдеби тілге жақын екеніне назар аударды. «Медиакеңістік – жеке адамдарға емес, ауқымды аудиторияға арналады. Сондықтан, сауаттылық жоғары болуы керек. Газет-журнал оқылмайды деген бекер. Баспасөздің көпшілігі қазір де оқылады. Оқырман басқаға емес, газеттегі жазуға сенеді. Сондықтан, журналистердің абыройы мен жауапкершілігі әлі де жоғары. Бірақ, өкінішке қарай, жауапкершілікті жете түсінбей жүрген қаламгерлеріміз де жоқ емес. Тіл тазалығы мен сауаттылыққа көп көңіл бөлмейтіндер қатары көбірек», – деді.

Тікелей аудармадан аулақ болған жөн

Мұнан соң Жетісу облыстық «Тіл – оқу» әдістемелік орталығының директоры Жеңіс Жолдыбаев «Қазақ сөз мәдениетінің интернеттегі көрінісі» тақырыбында ой қозғап, әлеуметтік желідегі әріп қатеге, немкеттілік пен сауатсыздыққа кеңірек тоқталып: «Мысалы, ауа райының салдарынан биыл жауын-шашын мол болды» немесе «Жол апаты арқылы 8 адам қайтыс болды» деген сөйлемдерді қалай түсінуге болады?», – деп ортаға ой тастады. Келесі кезекте Қарағанды қаласынан арнайы келген Жұпар Жақан «Тіл мәдениеті және тілдік норма» тақырыбында баяндама жасап, көп мәселені слайд арқылы түсіндіріп өтті. Ол өз сөзінде белгілі тіл жанашыры Назгүл Қожабектің «Қайдасың, қазақ тілі?» жобасы мен жас ғалымдар шығарған «Сөз түзер» кітабындағы мысалдарға көбірек тоқталды. Мәселен, баяндамашы «Ағымдағы жылы», «Үстіміздегі жылы» деген секілді орыс тілінен тікелей аударылған мәнсіз сөзден сақтандырып, «Ақтық мәре», «Ақтық бәсеке» дегендегі «ақтық» сөзін кез келген жерге мағынасыз қолдана берудің жөні жоқ екенін айтып өтті. Келесі сәтте ономаст ғалым, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зиба Құламанова ұлттық сана, ұлттық жігер, ұлттық болмыс төңірегінде ой қозғады. «Маған телеарнаға бес минутта бағдарлама дайындау қажет, сайтқа үш минутта бірдеңе әзірлеу қажет» деген секілді асығыс тапсырмалар ұнамайды. Асығыс жасалған жұмыс сәтті шықпайды. Біздің де өзіміздің ұлттық болмысымызды тануға да уақытымыз жетпей жатады. Өкінішке қарай, сондай алашапқын кезеңде аласұрып жүрміз», – деді. Облыстық «Аr-Аi» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек «БАҚ тілі – әдеби тіл дамуының көрсеткіші» тақырыбында баяндама жасады. Тұрсынбек Темірланұлы тілдік норманы газет жұмысымен байланыстыра сөйледі. «Соңғы бір жыл көлемінде елімізде 400-ден астам ақпарат құралы ашылған. Мәліметтер солай сөйлейді. Неге екенін қайдам, ақпарат құралдарының ашылуы оңай болып кетті. Бізде «Әулиеата медиа» ЖШС-на қарасты «Аq jol», «Знамя труда» газеттерінің жарық көргеніне 100 жылдан асты. Ал жастар газеті «Аr- Аi» ашылғалы да 20 жылға жуықтады. Бұл дәстүрлі басылымдарда тілдік норма жақсы сақталған. Қазір не көп, жаңадан ашылған сайт, бас редактор көп. Қазір ешкім танымайтын, тіпті журналистикаға қатысы жоқ адам да бас редактор», – деп мәселе көтерді. Мұнан соң тілдерді оқыту орталығының бөлім басшысы Перизат Маханова «Сөз түзер» бағдарламасы туралы ой қозғап, оқыту барысымен таныстырып өтті. Әрі қарай семинарға қатысушылар пікір алмасты. Олар тұрақты сөз тіркестерінің мағынасы баспасөз беттерінде кейде өзгеріске ұшырайтынын, телеарнадағы тіл жұтаңдығын қозғады. «Осындай маңызды семинарларға телеарна басшылары мен журналистер де қатысса, себебі «БАҚ өкілдері – сөздің қожайындары» деп атап өтті семинарға қатысушылар. Семинарды Гүлхан Мұхтарқызы қорытындылап, қонақтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, бірқатар белсенді қатысушыларға Алғыс хат тапсырды.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар