Бірінші оқиға.
Алматы. 1986 жыл 8 желтоқсан, күн дүйсенбі. Айгүл жатақханадағы бөлмесіне келгеннен кейін де бойын билеген үрей ме, қорқыныш па, әйтеуір беймәлім сезімнен арыла алмай қойды. Денесі бір ысып, бір суып, мазасы қашып отыр. Бірақ, қасындағы құрбылары Нұржамал мен Махаббаттың да жағдайлары мәз емес секілді. Сірә, бағана философия сабағында Сәбетқазы ағай жеткізген хабардың әсерінен шыға алмаған болды олар да.Сәбетқазы ағай студенттерге құпиялап айтса да, жастардың жоспары туралы институт басшылары тегіс құлағдар болған сияқты. Бүгінгі сабақ саяхат түрінде өтетінін айтып, бұларды тобымен орталық музейге жіберді. Жандарына «қарауыл» қосуды да ұмытқан жоқ. Ебін тапқанның, есебі де түгел демей ме? Сол күні олар бәрібір алдын ала келісілгендей орталық алаңнан табылған. Желтоқсанның желі қаңтардың қақаған аязынан да жаман. Өңменінен өткен суық та оларды тоқтата алмаған. Тек, өрт сөндіргіш машиналар келіп, су шаша бастағанда бір топ жастар амалсыз кері ығысты. Әп-сәтте қуғын-сүргін, жанжал-ұрыс басталды да кетті. Бас сауғалаған топпен бірге үстеріне сауыс-cауыс мұз қатып, түн жарымында жатақханаға оралғанын біледі. Сөйтсе айқай-шудан байқамапты, алаңда қол ұстасып үшеуі бірге тұрған еді. Ал бөлмеге қайтып келген Нұржамал екеуі ғана. Махаббат жоқ. Екеуі де көз ілмей таңды атырды. Суықтан тоңып, соққыға жығылған Махаббат ала-көбеңде бір-ақ оралды. Солдаттардың соққысынан есінен танып, мұз үстінде құлап жатқан жерінен жас жігіттер тауып алып, көтеріп трамвайға мінгізіп жіберіпті... Екінші оқиға. Алматы. 1986 жыл 16 желтоқсан, күн сейсенбі. Гүлбағираның бар зейіні мінберге ауған. Табанынан өткен сызды, беті-қолын қарыған үскірік аязды да елеп жатқан жоқ. Иін тірескен жастардың арасында ине шаншар жер жоқ. Ортаны бұзып-жарып өтіп, алға қарай жақындау мүмкін емес. Ертерек келіп, алдыңғы жақтан орын алмағанына өкінді. Мына жерден мінбердегілердің сөздері толық естілер емес. Гүлбағира жатақханадан құрбысы екеуінің қалай қашып шыққаны есіне түсті. Бүгін ертеңмен декан ағай мен оқытушылар сабақ болмайтынын хабарлап, студенттерді жатақханаларына қайтарған. Жай қайтарған жоқ. «Бөлмелеріңнен шығушы болмаңдар!» дегенді қатаң ескертті. Онымен де тоқтамай, әр қабатқа оқытушыларды кезекпенен күзетке тұрғызды. Әйтеуір күндегідей емес, бәрі де абыржулы. Неден үркіп, кімнен қорқып жүргенін өздері де біліп болмайтын секілді. Ал бұлар келісім бойынша, бәрі бір уақытта вахтаға жиналған. Осылай боларын оқу орнының басшылары сезген секілді. Есікті іштен құлыптап алып, кіреберісте күтіп тұр екен. Жастарды алған бетінен осылай қайтарамыз деп ойлаған болуы керек. Бірақ, студенттер бұған тоқтаған жоқ. Жігіттер жағы терезені сындырып, қыздарды кезекпен демеп, сыртқа шыға бастаған... Гүлбағира жатақханаға түн ортасы ауғанда бір-ақ оралды. Қандай халге душар болғаны еміс-еміс қана есінде. Біреулер келіп, мұның арқасындағы қатқан мұзды сындырып, орнынан тұрғызғанын біледі. Солар өрт сөндіргіш машиналар шашқан судың мұның арқасында доға тәрізденіп қатып қалғанын айтты. Біреу сенер, біреу сенбес. Құрбылары бұдан көз жазып қалған соң не істерлерін білмей, бастары қатып отыр екен. Жылап көрісті... Үшінші оқиға. Новосібір қаласы. 1988 жыл, желтоқсан айы. Ләззаттың ойынан бағана сабақ үстінде туындаған пікірталас шығар емес. Ойпырмай-ай, орыс халқы тумысынан турашыл емес пе?! Шынашақтай сары қыз қараптан-қарап отырып, қазақты жазғырған жігіттің бетін қайтарып тастаған жоқ па?! Желтоқсан оқиғасына байланысты орыстар осындай пікір айтады деп кім ойлаған?! Ләззат Ираға шын риза. Топтағы екі-үш қазақ қызына тиісуге қара таппаған татар жігіті «сендер бүлікшілсіңдер» дегенде орнынан атып тұрып: «Одақтас республикаларда әлеуметтік жағдай қиындап кеткенін ешкім жоққа шығара алмайды. Шындық Алматыдан басталды. Оны мойындауымыз керек. Ал қазақ жастары өз тілектерін жеткізуге алаңға шыққаны үшін кінәлі емес!» деді ғой еш тайсалмай. Осыдан тура екі жыл бұрын Алматыда болған оқиғаға берілген шын баға осы болар. Техникумда оқитын болашақ технолог та өстіп кесек ойлап, ірі сөйлейді екен-ау. Орыс халқының ортасында жүріп, үйренерім көп шығар. «Ертең елге барғанда, әкеме осы жайды айтып бермесем». Ол осылай тәтті қиялға берілген. Бірақ, ол кезде Қазақстанда «Желтоқсан» оқиғасының қатысушыларын қудалау әлі де тоқтамаған болатын. * * * Т. Рысқұлов ауданы. 2014 жыл, желтоқсан айы. Айгүл Хасеналиева бүгінде А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті басқарып отыр. Нұржамал Шымырбайқызы да аудандағы №1 мектеп-лицейде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істейді. Ал Гүлбағира Нұралиева қазір аудандық білім бөлімінде әдіскер, Ләззат жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді