- Advertisement -

Кісілік болмысы биік еді

110

- Advertisement -

Әлдихан Қалдыбайұлының өзінен бұрын жазған кітаптарымен таныстық. Ауылдың кітапханасынан «Ата», «Автобус аялдамасы» шығармаларын алып қызыға оқитынбыз. «Шаншар атайын» қайталап оқып, кейіпкерлерінің сөзіне дейін жаттап алған едік. Алыстағы біздің ауылға жазушы Қалдыбаевтың даңқы осылай дүркіреп жетіп еді.

Ал, 2003 жылдары жарық көрген «Мен – апамның баласымын» романы қазақ әдебиетіне қосылған елеулі олжа болды. Бұл романда балаға тән болмыстың бәрі бар. Шығарма мақтаншақ Вовамен жарысып, аттан құлап аяғын сындырудан басталады. Нағашысында өскендіктен өзінің туған анасын – әпке, әкесін – жезде деп амалсыз атаған сәттерін де шынайы баяндайды. Базаркүл ше? Аяулы, жамандық атаулыдан аулақ сыныптасы Базаркүл! Ауылдың шетінде Әлдештің (автордың өзі) аттан құлап аяғы сынып жатқанда баратын да осы Базаркүл ғой. Екеуінің арасындағы лүп еткен кішкентай сезім ұшқынын да жазушы:

«Базаркүл оң құлағыма:

– Аяғың ауыра ма, Әлдеш? – деп сыбырлады.

– Иә, сынып қалды.

– Қап оқудан қалатын болдың-ау!

– Қайдам, жазылатын шығар.

– Жазылады, әрине. Жазылған соң келесің оқуға. Сен қашан келсең де үлгересің.

– Кім біледі?

– Мен білемін. Сен біздің кластағы ең жақсы оқу…оқушы…баласың!

– Базаркүл, рас айтасың ба?

– Рас айтам.

– Ал, сен – дүниедегі ең жақсы қызсың!

– Алданыш!…

– Базаркүл!…

Біз енді не айтарымызды білмей қалдық» деген шағын диологтармен бере қояды. Шеберлік деген осы болар.

***

Атағынан ат үріккен Әлдихан Қалдыбайұлын 2006 жылдың ақпан айының соңына таман көрдім. Төле би көшесінің бойында көпқабатты үйлердің бірінде тұрады екен. Бұл үйге алғашқы бас редакторым Болат Бекжанов ертіп барды. Жүрегім дүрсілдеп кетті. «Шынымен үлкен жазушының қолын алып, үйінен дәм татайын деп тұрмын ба?» деген қуаныш кеудемді кернеп тұр. Бұл аласұрған сезім ішке кіргенге дейін ғана жалғасты. Тұлғалы Әлдекең есікті өзі ашып, жадырап қарсы алғанда көңілім жайланып қалды. Бастығым Бөкең екеуі ұзақ сөйлесті. «Екі шаруамен келіп тұрмыз. Біріншісі, «Ар-ай» газетінде маған кеңесші болып жұмыс істеңіз. Екіншісі, ертең сізден мына журналист ініңіз сұхбат алады. Ойларыңызды кеңінен айтыңыз, – деп мені көрсетті.

Ертеңіне облыстық жастар газетіне Әлдихан ағайдан сұхбат алдым. Баспасөздің жұмысын білетін нағыз маман. Нені айту керегін де дөп біледі. Менің шеберлігімнен емес, Қалдыбаевтың ойлары озық болғандықтан, сұхбат тәп-тәуір шықты. Газетіміздің келесі нөміріне «Мен оппозиционер емеспін» деген тақырыппен жарық көрді. Әлдихан ағай сұхбатты оқып риза. Ол кісінің көңіл-күйін байқап, мен мәзбін.

Біз осылай таныстық. Әлдихан ағай әкеміздей болды. Көп ұзамай жастар газетіне кеңесші болып қызметке кірісті. Ол кісінің жұмысқа әр келгені – бізге қуаныш. Жалғыз мен емес, Гүлнұр, Шолпан, Хамит, Салтанат бәріміз де ортамызда тарихи тұлғаның жүргеніне таңданушы едік. Үлкен жазушының естелік әңгімелерін ерекше ықыласпен тыңдаған сәттер естен кетер ме? Айтпақшы, Әлдихан ағай журналистикадан хабары жоқ біздерге аталған саланың қыр- сырын әбден үйретті. Сөздердің арасын ашу, жабу, сөзді алып тастау, сөзді қосу белгілерінің бәрін Әлдекең ағайдан үйрендік. Ол кісінің ән салғаны ше? Редакцияның кішігірім отырыстарында ән салушы еді. «Угай-ай, ән салшы, бір бал-ай!» деп жүрекпен толғап, көңілмен қозғаушы еді.

Төле би көшесіндегі құтты шаңырағында да талай рет болдық. Бану апайдың қолынан дәм таттық.

Бірде Әлдихан ағай жұмысқа қуанып келді. Жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаеваға кіріп:

– Шолпан! Мынау көкең халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды, – деді. Сол кезде кабинетке мен кіріп қалып едім. «Есет, мынандай марапат алдым!» деп балаша қуанды. Газеттің кезекті нөміріне Қалдыбаевтың марапатын бірінші беттен көрсетіп берген едік. Бұл атақ – Әлдихан ағайға кеш келіп еді. «Шаншар атайын» жазғанда қырықтың ар жақ-бер жағында еді ғой. Сол кезде алып қоятын атағы еді, 73 жасында бұйырды. Кейде атақты кісілердің өмірінде де осындай қалтарыс-бұлтарыстары бар. Әлдихан ағаны «Мен – апамның баласымын» романын әйгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов «Мемлекеттік сыйлыққа лайық шығарма» деп бағалаған екен. Мемлекеттік сыйлық Әлдекеңе бұйырған жоқ, бірақ жазылған жақсы шығарма оқырманның олжасы болып қалды.

Әлдихан ағай өмірден қайтқан кезде «Aq jol» газетінде еңбек етіп жүр едім. Бұл газеттегілер Қалдыбаевты тегіс құрметтейді. «Aq jol»-дықтар тегіс барып, жаназасында Арғынбай Бекбосыновпен қатар тұрып, бет сипадық. Арада бірер жыл өткенде Қалдыбаевтың отбасы Төле би көшесіндегі үйлерін сатып, теміржол жаққа көшіп кетті. Жазушы ұстазымыз 80 жасқа толғанда әлгі мекенжайды тауып, Бану апаймен жақсы әңгімелесіп, арқа-жарқа болып едік.

Бірде маған тараздық 11-сынып оқушысы Динара Орынтай деген қыз мақала алып келді. Сөз арасында жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың көршісі екенін айтып қалғаны. Жүрегім елжіреп кетті. Әлдекеңе деген сағыныш көңілімде сыздады. «Сен Әлдихан ағаның кітаптарын оқып па едің?», – дедім оған. «Иә, оқыдық. Мынау көрші үйде үлкен жазушы Әлдихан атаң тұрған» деп ата- анам үнемі мақтанышпен айтып отырады», – деді. Динара Алматыға журналистика мамандығына оқуға түскелі жүр екен. Екі-үш мақаласы жарық көрді. Көздеген университетіне де түсіп кетті.

Бірде Шу аудандық музейіне жолым түсті. Шу – Әлдекең өскен аудан. Музей меңгерушісінен «Сіздерде жерлес жазушы Әлдихан Қалдыбаевқа арналып бұрыш ұйымдастырылған ба?» деп сұрадым. Үнсіз қалды. Жазушының кітабы музейде бар екенін айтты. Онда да «Ата» деген жалғыз кітабы тұр екен.

Бұл күнде ортамызда Әлдихан ағай жоқ. Бірақ, Әлдихан Қалдыбаев еңбек еткен басылымдар әлі де елдің құрметіне ие. Қалдыбаев жазған кітаптар – бүгінгі оқырманның да үлкен олжасы.

Келешек жас ұрпақтар да Әлдихан Қалдыбаев есімін құрмет тұта беретіні анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support