Тарихи шайқастарда шейіт болған

Тарихи  шайқастарда шейіт болған
ашық дереккөз
Тарихи шайқастарда шейіт болған

Жамбылдықтар есімін ұлықтау – парызымыз

1941 жылдың 22 маусымында КСРО-ның тыныштығын бұзып неміс басқыншыларының әділетсіз соғыс бастағанына биыл 74 жыл болды. Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына келер жылы 70 жыл толмақ.

Соғыс ананы баласынан, жарынан, біреулерді бауырларынан, туған-туыстарынан ажыратты, 27 миллион адам опат болды. Осы шығынның ішінде, халық өсімінің негізі болатын 16-45 жас аралықтарындағы ер азаматтардың 70 пайызы қаза тапты. 1710 қала, 70 мың елді мекен қираған. Адами, материалдық шығын 2 триллион 270 миллиард рубль болған. Ұлы Отан соғысына 1 миллион 700 мың қазақстандық қатысқан, оның 630 мыңнан астамы елге оралмады. Еңбек майданына Қазақстаннан 700 мың адам алынған. Олар Сібірдің, Оралдың, еліміздің шахталарында, өндірістерінде еңбек етті. 7 миллион халқымыздың 16 пайызы соғыс пен еңбек майданына тартылған. Республикамызда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиялары, 7 атқыштар бригадасы, 50-дей полк, батальондар жасақталынды. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» – деген ұранмен халқымыз қаржылай, азық-түлік, киім-кешекпен майданға көмегін берді. 1944-45 жылдары азат етілген аудандарға мал айдап апарып, егін егуге және қираған қала, өндірістерді қалпына келтіруге жәрдемдестік. Осы зұлматты басынан өткерген, опат болған боздақтарымыздың, қан төгіп елге аман оралғандардың, тылдағы жанқиярлық еңбекті көтерген ата, әжелеріміздің, аға, әпкелер мен жеңгелеріміздің өмір-деректерін, тағдырларын білу, есте ұстау, мақтан тұту, ұлықтау – аға ұрпақ біздер мен өскелең ұрпақ, отаншылдық тәрбиеге жауапты үкіметтік мекемелер қызметкерлерінің парызы. Біз «Парыз» қоғамдық бірлестігі биыл сәуір айынан бері облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына «Тарихи шайқастардағы жамбылдықтар» атты акцияны атқарудамыз. Мақсатымыз: Ленинград, Новгород, Курск, Орел, Москва, Сталинград, Калинин, Псков, Смоленск, Витебск ұрыстарында қаза болған жамбылдықтардың есімдерін, нақтылы деректерін ескерткіштеріне жазғызу. Ресейдің 1-ші телеканалы жариялаған «Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлер есімін мәңгі еске сақтау» акциясына аталған шайқастарда қаза болған жамбылдық жауынгерлердің тізімін және есімдері ұлықталғандардың дерегін жіберу. Сол деректерді облыстық, аудандық мұрағаттарға өткізу. «Тарихи шайқастардағы жамбылдықтар» атты еңбек жазу және «Жауынгерлер даңқы ізімен» атты деректі фильм түсіру. Осы мақсатты орындауды өткен күзде қолға алдым. Ленинград, Новгородқа 2500 жамбылдық жауынгердің тізімін, 500 «қара қағаздарын» апарып, облыстық әскери комиссариаттарына тапсырдым. Міне, бүгінгі күнде 240 жауынгеріміздің есімі ескерткіштеріне жазылды, жұмыс жалғасуда. Мойынқұм, Қордай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер соғыста қаза тапқан бірде-бір жауынгердің «қара қағазын» тауып бермеді, өтінішім қанағаттандырылмады. Ленинградқа сапарым, деректеулерім екі ел тарихшыларының назарына ілініп, 2014 жылдың 27-ші наурызында Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға шақырылдым. «Ленинград қорғанысына жамбылдықтардың қосқан үлесі» атты баяндамамды конференцияда жоғары бағалап, Курскіде өтетін IV форумға қатысуға шешім шығарды. 28-30 сәуірде Курскі қаласында өткен «Бірлікпен келген Жеңіс» атты халықаралық IV форум Украина мен Белоруссияның азат етілуінің 70 жылдығына арналды. Форумда «Курскі, Орел шайқастарындағы жамбылдықтар» атты баяндамамда 1050 қаза болған жауынгеріміздің тізімін, дерегін әкелгенімді айттым. Кеңес Одағының Батыры таластық Дәулетбеков Амантайдың екі жылғы соғыста зеңбірек бөлімшесі мен 29 жау танкісін, өздігімен жүретін 9 зеңбіректі, т.б. техника мен атыс ұяларын және 200-ден астам немісті жойғанын, 1943 жылы 9 шілдеде өзінің соңғы ұрысында немістердің 13 рет жасаған шабуылына тойтарыс бергенін, расчетындағы 6 жауынгердің қаза болғанын, Луговойдағы Каменка ауылының азаматы Белогорцев Ефим екеуі қоян-қолтық айқаста күші басым жаудан мерт болғанын мәлімдедім. Осы ерлігі үшін 1943 жылы 22 желтоқсанда А. Дәулетбековке қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенін де тілге тиек еттім. 2012 жылы Тараз қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен тапқан екі құнды дерек – 1943 жылы әскери басшылықтың Батыр атағына ұсынған құжат және облыстық «Путь Сталина» газетіндегі «Герой Дәулетбеков» атты мақала көшірмелерін Талас ауданы әкімдігіне, Майтөбе ауылы әкімі мен мектеп басшысына бердім. Және де Батыр туралы мәліметті 2013 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің мұрағат бөліміне «Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары» кітабына енгізуге тапсырдым. Курскідегі облыстық әскери комиссариатқа жиған-терген деректерімді бердім. Батырымыз Курскі шайқасында Кеңес Одағы Батыры атағын алғандар кітабына енбеген, яғни, мұндағылар биылға дейін ол туралы білмеген. Облыстық комиссариат пен Курскі әкімшілігі сыртқы байланыс бөлімінің жетекшісі құнды дерегіме, іздеу-деректеуіме табыс тілеп, Дәулетбековтың қаза болған 235,5 биіктік қандай елді мекенде екенін анықтап хабарлаймыз деген. Көпшілікке айтарым, қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен әке-аталарыңыздың «қара қағазын» немесе «хабарсыз» деген деректің көшірмесін бекіткізіп, маған жолдаңыздар. Ол болмаған жағдайда, соғысқа шақырылғандарды тіркеген журналдан олардың қашан, қайда аттанғаны туралы деректі алып, Москва облысы Подольск қаласы, Қорғаныс күштері Орталық мұрағатына аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім арқылы жолдау қажет. Немесе интернеттегі www.obd.memorial.ru сайтынан жауынгердің қаза болған мерзімі мен жерленген жері көрсетілген дерегі шықса, маған хабар беріңіздер. Құрметті аудандар басшылығы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, ішкі саясат, қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшылары алда келе жатқан Жеңістің 70 жылдығына арналған үкіметтік іс-шаралардың бірі – деректеу, ұлықтауға атсалысыңыздар. Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық жауынгерлер тарихының жаңа беттерінің толықтырылуына өз үлестерімізді қосайық!

Бекқұлы Әліұлы, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Каменка ауылы, Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар