- Advertisement -

«Ақынға облыс берген мемлекетті, Таппайсың іздесең де әлемнен мың…»

116

- Advertisement -

Жыл сайын Таразда «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл да сол дәстүрлі айтыс жалғасын тапқан еді. Сол жыр аламанында топ жарған ақындардың үздік айтыстарын облыстық «Aq jol» газетіне жариялауды жөн санадық.

Абай облысының ақыны Рүстем Қайыртайұлы мен Жамбыл облысының ақыны Алина Айдаралының айтысы:

Рүстем:
Ақтаңдақ тұлғасы бар әр елдердің,
Еліміз Мұхаң, Ғабең, Сәбеңдердің.
Абайы мен Жамбылы қазағымның,
Теңдесі Аристотель, Гомерлердің.
Ақынға облыс берген мемлекетті,
Таппайсың іздесең де әлемнен мың.
Алпыс жолмен кетейін амандасып,
Дәрменімді айтыста дәлелдермін.
Ақынның облысына алдыменен,
Хакімнің облысынан сәлем бердім.

КСРО қонбағанмен айға барып,
Кинода жапырағын жайғаны анық.
Елубай, Шәкен, Серке, Қалибекті,
Экраннан көріп өсті қаймана жұрт.
Жетпіс жыл бұрын бұдан «Жамбыл» деген,
Киноның шыққандығы айдан анық.
Жамбылды жарқыратып ойнап шықты,
Аймаңдай Аймановтай қайран алып,
Тәуелсіздік алғалы Жабаевқа,
Тәуір фильм әлі де сайламадық.
Он киноның тоғызы комедия,
Осы біз кетпедік пе майдаланып.
«Жамбылдың жастық шағы» фильмінің,
Жалғасын түсіруді ойламадық.
Тазабеков ағамыз көзі жайнап,
Ғажап етіп рөлін ойнады анық.
Ақынды ақын ойнаса керемет қой,
Қызыл тілін тісіне қайрап алып.
Мен де бір ұсыныс бар кино жайлы,
Таразда айтпай, айтамын қайда барып.
Жамбылдың қарттық шағын түсірсек қой,
Шорабек Айдаровты пайдаланып.

Әр адам еңбектеген сәби болар,
Әрине, еңбекпенен дамиды олар.
Он оқитын қызбенен жұптағанда,
Ойыма түсті-ау дәурен-дариғалар.
2002-де мен он оқушы едім,
Ешкім жоқ ед ақын деп тани қалар.
Сол жылы айтыста алғаш көлік ұтып,
Хат жазған мектебіме Мадиналар.
Ол кезде хит еді ғой Алтынкүлмен,
Ақмарал, Айнұр, Маржан, Карималар.
2013-терде шырқап тұрды,
Қарлығаш, Әсем, Сара, Жамиғалар.
2023-те шықты міне,
Айдай болып жарқырап Алиналар.
Шіркін-ай, өмір деген осы екен ғой,
Алма кезек дейтұғын қағида бар.
«Шевролет», «Кобольт» деген шығып еді,
Өтпей қалды «Тойота-Кариналар».

Жаңа айттым мектепте оқып көлік міндім,
Жүрсінге сарбаз болған бөрікті ұлмын.
2006-да мен ҚазМУ-ымнан
Диплом ап білімімді толықтырдым.
Сен сол жыл туу туралы куәлік ап,
Іңгәлап дүниеге еніп кірдің.
Сен бесікте жатқанда балапан боп,
Мен қасқырдай күні-түні жорық қылдым.
Сол балапан айналып аққу құсқа,
Бірі бопты көз тоймас көріктімнің.
Сексеннің жартысына келгеніме,
Сені көріп амал жоқ сеніп тұрмын.
Диплом алған кезде туған қыздың,
Дидарын сахнадан көріп тұрмын.
Өзім әлі жап-жаспын деп ойлаушы ем,
Қалқам-ау қайдан ғана жолықтырдым.
Қартайдық, қайғы ойладық дегендейін,
Ішім жылап біртүрлі болып тұрмын.

Ал, енді ағытайын тиегімді,
Демес ешкім бірлікті күйе қылды.
Қазақпын, түбім Семей, найманмын деп,
Жасырмай айтып жүрем сүйегімді.
Біздің ұлы шешеміз Қызай ана,
Үйсіннің қызы болған білемін -ді.
Бәйдібек би, Домалақ анамызды,
Нағашы деп тұтамыз кие құнды.
Өз шешем де Үйсіннің бір қызы еді,
Анаға хан да басын ие білді.
Таразға жиенмін деп бұл Рүстем,
Талай мәрте тай түгіл түйе мінді.
Жиенмін деп жүлдеңді алғам талай,
Түгендеп мінерімді, киерімді.
Жамбылда жолықтырдым осы жолы,
Алинадай аруды шие ерінді.
Мұнда бір балқар қыз бар деп естіп ем,
Айтысты сәби күннен сүйе білді.
Анасы Найман екен деген ақпар,
Мені бөлек сезімге ие қылды.
Япыр-ай, осы жолы қайтпекпін деп,
Келгелі қасып келдім иегімді.
Жиенмін деп кеп жүріп Қаратауға,
Өзімнің тауып алдым жиенімді.

Қарамай уақыттың келтесіне,
Шабайын тайбурылдай мен көсіле.
Көгілдірі аққудың жиен қызды,
Көңілімнің орайын көрпесіне.
Айтыстан соң арнайы шақырамын,
Нағашың қарт Семейдің өлкесіне.
Таласта жүзіп өскен ерке құсым,
Ертістің кеп қонғайсың кең төсіне.
Көрсетіп Күршім, Үржар, Аякөзді,
Ақсуатқа ап барам ертесіне.
Ерте көктем шыққанда ен салып қайт,
Салып қойып қырық бір серкешіңе.
Аман-сау ап келемін Қаратауға,
Түйенің отырғызып өркешіне.
Титтей зиян тимейді, айналайын,
Өзіңдей анасының еркесіне.
Өз баласын жетектеп біздің Семей,
Жиенін мінгізеді желкесіне.

Мен едім айтыстағы тарлан шұбар,
Кез келді тарланыңды сәл қамшылар.
Әпкем де жүрек жұтқан батыр екен,
Балқардың жігітіне болған сыңар.
Өзіңді Күнекей ғып туған екен,
Келісті жан көрікті жаннан шығар.
Жиенімнің айтпасам сұлулығын,
Дәл қазір атым өліп, арбам сынар.
Қытайдың жібегіндей сусылдаған,
Шаштарын қара түнге малған шығар.
Жанарың жаңбыр жуған қарақаттай,
Кірпігің қолдан соққан қорған шығар.
Бет жүзің бүгін піскен бүлдіргендей,
Тістерің тізіп қойған маржан шығар.
Иегің ителгінің тамағындай,
Лүп еткен самал желге тоңған шығар.
Жамбыл атам тоқсаннан асқан кезде,
Қыдырып Кавказ жаққа барған шығар.
Балқарлар да Қап тауын мекендеген,
Мынау сөз астарында мән бар шығар.
Қарт Жамбыл ғашық болған Кавказ қызы,
Әрі кетсе сендей-ақ болған шығар.

Бір сөзге бір сөз келіп ағылып тұр,
Тек қана қалмаса екен жаңылып тіл.
Жамбылдың қарттық шағы киносына,
Эпизод тауып алдым тағы да ұтқыр.
Жамбылдың Кавказ барған сюжетіне,
Мына жағдай сұранып, жалынып тұр.
Атамыз ғашық болған сұлуды іздеп,
Қап тауына бармаймыз сабылып құр.
Сол қыз менің қасымда отқан жоқ па,
Жарқырап дүрия көйлек жамылып дүр.
Өзі де Құдай білед кет әрі емес,
Тағы бір актриса табылып тұр.

Алина:
Қыран ұшар қанатын қомдап құзға,
Қаз-үйрек қаңқылдайды тоңғақ мұзда.
Жамбылдың киносына түсіруге,
Тараздық ақындарды таңдапсыз да.
Қарт жырау ғашық болған жас арудың,
Рөлін көрші дейді сомдап қызға.
Айтпақшы, сол киноның сценарист пен
Режиссері өзіңіз болмақсыз ба?
Тендер қаражатына үнем жасап,
Бір-ақ көзден игере салмақсыз ба?
Қадамын ұрындырмай қарлы мұзға,
Жаратқан жар болады арлы қызға.
Тараздық туыстарым талшыбықтай,
Иіліп сәлем бердім жалпыңызға.
Тұр едім тұңғыш рет тәуекел деп,
Салуға өнерімді талқыңызға.
Сарыбайға жолыққан жас Жамбылдай,
Бар еді бата сұрау салтымызда.
Қол жайдым ақ самайлы апалармен,
Қасиетті қария қартымызға.
Баукең мен Шер-ағаңдай ұл туғызған,
Алты Алаш ынтық сіздің даңқыңызға.
Сөзім менен сезімді бір сабада,
Сапырып айналдырдым бал қымызға.
Батырмай жиегіне бармағымды,
Ұсындым жыр кесені алдыңызға.

Бұлақтың тазалығы сағасынан,
Қазақтың дархандығы даласынан.
Есен-сау келдіңіз бе есіл ағам,
Ертістің емен өскен жағасынан.
Тұлпардың тастақ жерде тасырқамай,
Шабуы аяқтағы тағасынан.
Қыз едім Найман елі жомарт елден,
Жылы сөз естіп өскен анасынан.
Айтыста сізді бүгін жолықтырып,
Куә боп тұрғандаймын дәл осыған.
Ағамнан жиендік қып ой алайын,
Қой ұрлап түлкі болмай қорасынан.
Ағайын, бұл қалай деп таңырқама,
Алина асып түссе ағасынан.
Бәріңіз білесіздер адам түгіл,
Алма да ұзамайды ағашынан.
Байқасақ тек жігіттің ғана емес,
Қыздың да жақсы болуы нағашыдан.

Тектілігі кәдімгі төреге тең,
Түр сипаты ағамның бөлек екен.
Бәйтерек Бәйдібектің желмен ұшқан,
Жапырағынан жаралған терек екен.
Домалақ анамыз бен Қызай апам,
Жайлы айтқаның тарихи дерек екен.
Үйдегі анамыз да Үйсін болса,
Қаратауды ешқашан деме бөтен.
Біреудің қызын алған бабаңызбен,
Әкеңіз бажа болып келеді екен.
Аға, сенің Жамбылға жиендігің,
Менен гөрі көп ғасыр керек екен.

Сыр іздеп ақ қайыңның бүртігінен,
Ақынның іші жылап, сырты күлген.
Тегіне тоқталардай Алинаның,
Көзге бөлек боп тұр ма тұрқы бірден.
Қаным балқар болса да жаным қазақ,
Екенін Жамбылымның жұрты білген.
Қазақтың қасиетті бесігінде,
Жырымен Жамбылымның кірпік ілгем.
Ұлт ұстазы атанған Ұлы Абайдың,
Уыз тілі сорғалап тұр тілімнен.
Балқардан туған қазақ қызымын мен,
Халқымменен мың өліп, мың тірілген.

Абыройды ойлаған адал ағам,
Кісінің күрсінгенін қаламаған.
Абайдайын қартайып қайғы ойланып,
Көрінгендей болдың-ау, аға, маған.
Қырма сақал тұлғасын құрмет тұтпай,
Қыр соңынан күшіктей абалаған.
Карималар орнына Алиналар,
Шықты десең оған несін нала болам.
Жас қыз жасып қалар деп ойламаңыз,
Шығарда қуатымды шамалағам.
Партада отырғанда бала болам,
Айтысқа шыққан кезде дана болам.
Он бестегі Сараға елудегі,
Біржан да баласың деп қарамаған.

Рүстем:
Алина ағайынға ұнап отыр,
Көздер көріп, түріліп құлақ отыр.
Қарағым, мен жай ғана бүркітпін ғой,
Оң жағыңда ақиық қыран отыр.
Осы қызбен өзім шіркін айтыссам деп,
Аманжол ағам әрең шыдап отыр.

Тентек жан мен емеспін тілі қотыр,
Қарағым, кино тілін ұғып отыр.
Көп жағдайдан хабардар қыз екенсің,
Алина, саған ішім жылып отыр.
Тендерді бір-ақ көзден игермек деп,
Жиен қызым жымиып күліп отыр.
Шынында бармақ басты, көз қыстыдан,
Біздің талай салалар құрып отыр.
Ағайын, жемқорлықты тез жоймасақ,
Құлайды ұлт дейтұғын ұлы көпір.
Тендердің жеңдер деген системасын,
Мінекей, көрдіңдер ме біліп — оқыр.
Мектептегі оқушы былай тұрсын,
«Садиктегі» сәби де біліп отыр.

Балқар қыз бал татырып жырлағанда,
Бал асатып жатқандай күллі адамға.
Жылқының майын жаққан сүйек құсап,
Жұмсарып кеттім өзім тыңдағанда.
Қаракөз қазақтардың өздері де,
Қазақшаңды қақпай тұр бұл заманда.
Бұйрықты ана тілде бере алмай жүр,
Қорғанысты басқарған құлжалар да.
Антты да акцентпен бергендер,
Билік жақсы болғанда, тіл жаман ба?
Мақалдатып, отырған мәтелдетіп,
Алина, болсын саған риза Алла.
Партадағы балқар қыз үлгі болсын,
Парламентте отырған мырзаларға.

Жүрегі бір болмай ма жыры бірдің,
Тілегі бір болмай ма мұңы бірдің.
Бәрі сендей болса ғой жерлестердің,
Тілеушісі қазақтық тұғырымның.
Алғыс айту күндері жылда-жылда,
Көбейгенін сеземін күдігімінің.
Өзімізге өзіміз алғыс айтып,
Өзгелердің ниетін шын ұғындым.
Жүз отыздай ұлыс пен біздің елде,
Түрлі-түрлі ұйымдар ірі бұл күн.
Біргеміз, бірліктеміз дегенменен,
Ұшқыны жоқ негізгі ірі ұғымның.
Қазақшаны жоқ әлі үйренгісі,
Дүнген, орыс, кәріс пен түрігіңнің.
Иесіне құрметпен қараса ғой,
Суын ішіп жүргендер құдығымның.
Маған десең 6 Ассамблея құрсаңдағы
Тілегі бір болар тек тілі бірдің.
Ал, қалғаны бос ұран, бос әңгіме,
Әртүрлі ұйымдарға жүгінудің.
Барлық ұлыс сөйлесе бір-ақ тілде,
Көкесі сол емес пе бірігудің.

Жамбылдан несібемді мол асағам,
Шүкір менен айтамын тоба соған.
Жамбылға жиендігің тым терең деп,
Алина, оған берме оңаша мән.
Мен бүгін жиенмін деп бәлсінбейін,
Ағайын, оған несін аласарам.
Роза Мұқанова әпкем отыр,
Бергеніңе мың шүкір о, Жасаған.
Сол әпкемді жар еткен жездеміз бар,
Әкім Таразидайын тамаша адам.

Жиен қызбен жолығып қалғаннан соң,
Туыстыққа басқандай жол аша алам.
Қарғаның тамырындай қазақпыз ғой,
Таразға бүгін құда бола салам.

Туғанменен Шығыстың даласында,
Тұрады ағаң Алматы қаласында.
Келер жылы мектептен қанат қағар,
Алинаның сол тұр-ау санасында.
Айтпақшы, ҰБТ-ны тапсырған соң,
Шығам деп студенттік жаңа шыңға.
Оқуға Алматыға барасың ба,
Жоқ әлде, Астанаға барасың ба?
Не де болса келсеңші Алматыға,
Бар онда арқа сүйер нағашың да.
Ең бастысы, жүрегі тыныш болып,
Алаңсыз ұйықтайды анашың да.
Сенбі сайын үйге кеп меніменен,
Айтысқа дайындалып аласың да.
Семей жақсы етін жейсің, сорпа дайын,
Күніңді қаратпаймыз қара суға.
Жақында жеңгең тағы қызды болған,
Жанұям – үйлесіммен жарасым да.
Жеңгеңіз Алтын алқа алам деп жүр,
Жылда-жылда жүкті боп нанасың ба?
Сабақтан үзіліс жасап, айналайын,
Бала қарап тұрасың арасында.
Бірімізге-біріміз көмектесіп,
Айналсақ айып болмас жанашырға.

Қатқанынша қабырға, бұғанаңыз,
Жақсы тәрбие беріпті сірә, анаңыз.
Қыздарымыз бой жетсе саған қарап,
Құдайға мың шүкір деп қуанамыз.
Кітапханаға өзіміз ертіп барып,
Керекті мағлұматқа суарамыз.
Үйімізден қонақтар үзілмейді,
Жолаушыға сақтаулы сыбағамыз.
Нан илеп, бауырсақ та пісіресің,
Бесаспап бойжеткен боп сірә, нағыз.
Кастрюльді жеңешең үйретеді,
Гастрольді реттейді бұл ағаңыз.
Өмірлік серігіңді кездестірсең,
Кит арқалап барамыз құдаға біз.
Диплом ғана алмайсың төрт-бес жылда,
Дипломат ханшайым ғып шығарамыз.
Домалақ анамыздай қылмасақ та,
Күміскүл әпкеміздей қыла аламыз.

Алина:
Тіл – қылыш, ауыз – оның қыны емес пе,
Тура жауап сұрақтың құны емес пе?
Алматыға оқуға түссең біздің,
Үйіміз саған дайын тұр емес пе?
Үйде жеңгең нан илеп, үй жинауды,
Үйретед деген сөзі ірі емес пе?
Жиеніне жанашыр нағашылар,
Жиенге өстіп жақсылық тілемес пе?
Ағайыңның ішінде қулығы бар,
Дейді күмән айналып бір елеске.
Сенсіз де Семей жақтың талай қызы,
Алматыда үй таппай жүр емес пе?
Соларды жинап алса қайда қалды,
Алданба дейді мұндай құр елеске.
Сабақтан шаршап келген студентке,
Бала қарау тағы бір жыр емес пе?
Ал енді ыдыс жинап, ас пісіру,
Ойласам ол да өзінше мұң емес пе?
Қорытындылап қарасақ мұның бәрі,
Отбасылық пайданың бірі емес пе?
Ағатай, бұл жұмысқа шақыратын,
Жарнаманың жаңаша түрі емес пе?

Жемге қосып берсе де қызыл майды,
Қиқусыз қазанат та қызынбайды.
Қолдап жібер ағайын бүгін мені,
Бұл айтыс шақырымы ұзын бәйгі.
Қыздарыңнан алақан аямаңдар,
Шапалақтан ораза бұзылмайды.

Болса деп елдің мұңы жыр еткенім,
Алдыңда ақтарайын жүрек кенін.
Бетінен шық құлаған жапырақтай,
Қарашы көңілімнің дір еткенін.
Оразада Алланың аятымен,
Тазару ниет пенен жүректерің.
Дұға тілеп аузыңды ашар кезде,
Көтеріліп алақан білектерің.
Иманның нұры түсіп жап-жарық қып,
Кеуденің күн түспейтін түнектерін.
Жаратқанның алдында қабыл болсын,
Жасаған барлық дұға-тілектерің.

Жамбылдың атын айтса жан гүлдейді,
Кеудемді күмбірлеген ән билейді.
Орыстарға Иван деп айқайласаң,
Біреуі жалт бұрылып менмін дейді.
Арабқа Мұхаммед деп дауыстасаң,
Біреу келіп шақырдың ба келдім дейді.
Жүз отыз тілге жыры аударылған,
Жыраудың атын қалай жан білмейді.
Әуезов Индияға барған кезде,
Бір қызықтың куәсі болдым дейді.
Қазақтың атын ешкім білмеген соң,
Жәкеңнің атын айта салдым дейді.
Жыр алыбын олар шулап танығанда,
Марқайып сонда біраз қалдым дейді.
Шетелде жүрген турист қазақтарды,
Сыртынан анау жүрген Жамбыл дейді.

Сиырың сүтті болса, құртың майлы,
Қаймағың қою болса, ұртың майлы.
Халықтың пейіліне байланысты,
Әр заман туғызар бір сұрқылтайды.
Сайлау өтіп кетсе де салқындамай,
Саясаттың қазаны бұрқылдайды.
Тақырыпқа тұздық қып мен айтайын,
Ағалар айтқан сөзді ұлтым жайлы.
Абыздары алақан жайған елдің,
Әйелдері қол бастар ұл тумайды.
Ақындары депутат болған елдің,
Саясатта жағасы жыртылмайды.

Ағамыз жырдың бітік дәнін өрді,
Риза боп соқты жас пен кәрі қолды.
Былтырлары халыққа жиенмін деп,
Айтқан жыры халыққа дәрі болды.
Ал менімен шыққан нағашы боп,
Жолымен сахнаның сәні болды.
Асанәлі атамызға балдызбын деп,
Айтқанда ауызының дәмі болды.
Роза апамызға туыстықпен,
Керек десең құдаңыз тағы болды.
Кең пейіл екеніміз соншалықты,
Күйеуден басқасының бәрі болды.

Рүстем:
Таразда талай туыс, танысым бар,
Ботбай, Сиқым, Шымыр мен Жанысым бар.
Ысты, Қаңлы, Ошақты арысым бар,
Талас пен Аса деген ағысым бар.
Бізге де күйеубала болмады-ау деп,
Па, шіркін, қыз екенсің намысың бар.
Шырағым, шариғатты білесің ғой,
Молдадан алып жүрген дәрісің бар.
Егер еркек қаласа айыбы жоқ,
Әлбетте көбейеді абысындар.
Бұл жаққа жиен болу үлкен бақыт,
Онсыз да берісім бар, алысым бар,
Әйтпесе Пайғамбардың жолыменен,
Күйеу де бола салар шансым бар.

Әулиеатам мәрт мекен, диы мықты,
Тәңірдің саған берген сыйы құтты.
Бір ғасырды мен айтып жырлайыншы,
Ең іздер кітап оқып шиырыпты.
«Көкшолақ» деп ән салса Кенен атам,
Байтал мінген бай қызы қиылыпты.
Полковник Момышұлы көрінгенде,
Генералдар келіндей иіліпті.
Асанбай Асқаровтай асқар тұлға,
Ел басқарса асықтай иіріпті.
Жуалының Шерханы шамырқанса,
Жауар күнгі бұлттай боп түйіліпті.
Мырзатай, Әкім, Несіпбек, Арғынбайлар,
Руханиятқа шақырған дүйім ұлтты.
Асанәлі мен Тұңғышбай қос өзендей,
Театрдың теңізіне құйылыпты.
Ер Қайрат еркек тоқты құрбандық деп,
Қыздардың намысы үшін қиылыпты.
Бетбаевтың термесі тәлім-тағылым,
Әбдімомын көкемнің күйі рухты.
Ермахан, Бақтияр мен Бейбіттерің,
Жеңісімен көзге жас үйіріпті.
Әзімбек, Айтмұханбет, Мұхаңдар да,
Теңеу айтса тыңдаушы сүйініпті.
Қайсыбірін айтайын асылдардың,
Көре алмайтын дұшпандар күйініпті.
Таразыға тартқанда тарландарды,
Таразға тең жартысы бұйырыпты.

Жырымен жылытсын деп бұ халықты,
Жамбыл тауда бір алау тұтаныпты.
Жамбыл жырау ағылып жырлағанда,
Суалған емшектен де сүт ағыпты.
Қарттықтың емі бар ма әттең бір-ақ,
Мықтылар да тағдырға мұқалыпты.
Сүйегі асыл қайыстай қалың Жамбыл,
Жүзге жетіп жібектей жұқарыпты.
Жан тапсырар сәтінде қайран қария,
Жанына шақыртыпты Мұқановты.

Қозғауға мұрша бермей тісін кәрілік,
Сәбеңе соңғы сөзін ұсынғандық.
Сен менің жаназамды шығар депті,
Демім бітіп таусылды күшім барлық.
Ол уақыт қызыл Совет дәуірі еді,
Үш әріп жүрер әрбір ісіңді аңдып.
Сәбең болса қызылдың қызы еді,
Осы шығар қарамай қысылғандық.
Бірақ Сәбең аят пен дұға оқыпты,
Көрер демей көлденең кісің барлық.
Біз болсақ Жамбылды да, Сәбитті де,
Сталиншіл едік деп құшырландық.
Осы бір оқиғаны ойыңа алсаң,
Сезесің ұлылардың ісін барлық.
Жәкеңнің қылғаны да имандылық,
Сәбеңнің қылғаны да мұсылмандық.

Мұң зарын заманының айта туған,
Әр ақын дәуірінен ой татырған.
Талант деген тартуы Тәңірінің,
Ақын боп шықпайды адам әй, тақырдан.
Адам деген туады бір-ақ рет,
Солай ғой ақиқатын айт оқырман.
Жанарбек қайта тумас Әшімжаннан,
Жандарбек қайта тумас Айтақыннан.
Жыр Жамбыл дүниеге екі туып,
Еліне езуінен май татырған.
Тоғыз ай анасының құрсағында,
Құздағы жұмыртқадай шайқатылған.
Тоқсанға келгенінде толғақ қысып,
Заманның құрсағынан қайта туған.
Мүсірепов Ғабит айтқан бұл пікірді,
Естідің демеңіздер қай пақырдан.

Тұрайық тілек айтып кестелі біз,
Қазіргі ахуалдарды ескеріңіз.
Көктемдерің ағайын егісті боп,
Көктесін тау мен қырат, төскейіңіз.
Жаздарыңыз жаңбырлы, келісті боп,
Сарқылмасын саба мен местеріңіз.
Күздеріңіз керемет жемісті боп,
Үсік шалмай жиналсын өскеніңіз.
Әр үйге газ тартылып қысты күні,
Қыз-қыз қайнап тұрса екен пештеріңіз.
Қалада тұратұғын ағайындар,
Ташкеннен ыстық болсын кештеріңіз.
Бұл күнде бұдан асқан тілек бар ма,
Ешқашан жарылмасын ТЭЦ-теріңіз.

Алина, ақ жүрекпен ағаласаң,
Бағыңды Құдай ашсын бағаласаң.
Алла жазса келесің Алматыға,
Айқара құшағымды саған ашам.
Жалақысыз жұмыс деп жабырқама,
Ас үйге кірмей-ақ қой қаламасаң.
Үш бөлмемнің біреуін сен ала ғой,
Жарамас жатақхана жағаласаң.
Өтірік уәде беріп отырғам жоқ,
Шешетін шаруаң болса араласам.
Нағашы боп несіне жер басамын,
Бір жиенді қорғауға жарамасам.

Алина:
Ағамның өлеңінің түбі жоқ қой,
Тиген жерін күйдірер тілі шоқ қой.
Үйінде екі қыз бен жеңешем бар,
Арқасында арқалаған жүгі көп қой.
Күйеу болар шанс бар деп шыға қалды,
Ондайды қойдым дейтін түрі жоқ қой.

Шығыстан шұғылалы үміт тарап,
Семейге ел қарайды тігіп қабақ.
Алла берген аспан асты Атырауға,
Алып күн ақырындап жүріп барад.
Жүзіп жүріп Жамбылға келген кезде,
Жымиып төбемізден күліп қарап.
Тал түсте төбемізден сенесің бе,
Тапжылмай біраз уақыт тұрып қалад.

Жастық шықса сахнаға жалын атып,
Ағама елестеді сағым уақыт.
Келсең егер жанашыр боп күтіп алам,
Дейтұғын нағашыңның бары бақыт.
Оң баға мен ақ батасын берсе егер,
Одан артық керек емес жаныма түк.
Жақсы жырын Алинадан аямады,
Жиенім деп жанымды жадыратып.
Бұйырса келер жылы барып қалам,
«Ахау, Семей» әнімді аңыратып.
Мен барғанша атаған серкелерді,
Семіртіп қоясыз ғой маңыратып.

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support