Дала өрті шекара таңдамайды

Дала өрті шекара таңдамайды
ашық дереккөз
Дала өрті шекара таңдамайды
Өрт сөндіру бөлімшелерін тұрақты түрде жауынгерлік әзірлікте ұстау қашанда төтенше жағдайды жедел жою қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады. Осыған орай төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдар бойынша күштер мен құралдардың өзара әрекетін жетілдіру, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын өрт қауіпті кезеңге дайындау мақсатындағы іс-шаралар облыс аумағында да жиі өтіп тұрады. Осы аптаның ортасында облыстың Жамбыл ауданы мен Қырғыз Республикасы, Талас облысының трансшекаралық аумағындағы Қызылқайнар ауылының маңында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығуға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, Жамбыл ауданының азаматтық қорғау қызметінің, сонымен қатар, облыс әкімдігінің орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Жамбыл мемлекеттік мекемесінің күштері мен құралдары, Жамбыл ауданының Қызылқайнар және Гродеково ауылдық округтерінің ерікті өртке қарсы құрылымдары мен Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімі, «Қазавиақұтқару» АҚ мамандары қатысты. Өзара іс-қимыл жасайтын тараптардың тартылатын күштері мен құралдарының тізбесін түзетуді жүргізе отырып, өткізу пункттері мен пункттерден тыс мемлекеттік шекараны құтқару қызметтерінің оңайлатылған кесіп өту тәртібі пысықталған жиынға барлығы 134 адам мен 30 техника тартылды. Оқу-жаттығу алдында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев, облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен, Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Талас облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары Нурлис Төрөқұлов сөйлеп, өрт қаупінің алдын алу шараларын өткізу қашанда өзекті екеніне тоқталып, жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі. Алдымен табиғи өртті сөндіруге жұмылдырылғандар диспетчерге белгі беруден бастап, жедел штаб құруға және ірі орманды дала өртін сөндіруге дейінгі күштермен және құралдармен маневр жасаудың барлық циклін жүзеге асырды. Бұдан кейін облыс аумағында орман және дала өрттерімен байланысты төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, ірі табиғи өрттерді жою кезінде облыстың төтенше жағдайлар департаменті мен азаматтық қорғау қызметтері бөлімшелерінің өзара тәжірибелік іс-қимылы жан-жақты пысықталды. Жалпы, оқу-жаттығу барысында табиғи өрттерді сөндіруді ұйымдастыру тактикасы қолданылып, өрт сөндіру бөлімшелерінің іс-қимылдарын басқару бойынша басшы құрамның дағдыларын, сондай-ақ өртте жедел штаб жұмысының және арнайы қызметтердің өзара іс-қимылдары, жеке құрамның, штаттағы қызметкерлер мен техниканың өрт орнына құлақтандыру схемасы және жедел келу тәртібі, өзара ақпарат алмасу, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою бойынша өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес күштер мен құралдарды тарту мәселелері бойынша өзара әрекеттестік шаралары жүзеге асырылды. Сонымен қатар, ауылдық округтердің ерікті өртке қарсы құрылымдарын хабарландыру, өрт орнына жинау және келу тәртібін пысықтау, олардың өрт сөндіру амалдары жөніндегі іс-қимылдарын ұйымдастыру, өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес далалық жағдайда жедел штабпен, жергілікті және орталық басқару органдарымен, сондай-ақ өзге де қызметтермен байланысты ұйымдастыру бойынша іс-қимылдар атқарылды. Осындай шартты табиғи өртті сөндіру бойынша өрт-техникалық жаттығу бұған дейін облыс аумағындағы барлық 15 орман шаруашылығында өткізіліп, онда ауылдық округтердің ерікті өртке қарсы құрылымдарының, орман өрт командаларының жеке құрамын жинау және хабарландыру жүйесі, сондай-ақ табиғи өртті сөндіруге дайындығы тексерілді. Көршілес жатқан Қырғыз елімен шекаралас аймақта өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына келген Байзақ орман шаруашылығы мекемесінің директоры Бауыржан Желеубаевтың айтуынша, дәл қазір күннің ысуына байланысты өрт қауіпінің ең жоғары кезеңі жүріп жатыр. Сондықтан осындай дайындық шараларын ұйымдастырып өткізу өте маңызды. «Бүгінгі шараға арнайы өрт сөндіру жасақшыларының құрамынан 15 адам қатысуда. Жалпы мекемедегі 64 адамның 19-ы орманшы-қорықшы болса, 11-і өрт сөндіруші. Бүгінгі оқу-жаттығуға соқасы бар трактор, өрт сөндіру көлігі сияқты техникаларымызбен қатысып жатырмыз», – деді Бауыржан Берікбайұлы. Оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқан еріктілердің қатарында кәсіпкер Рамазан Маратұлы да бар. – Қараой ауылдық округіне қарасты Сұлутөр ауылының ерікті жастары осындай жиындарға көп атсалысады. Бүгін де оншақты ерікті осында келдік. От деген тілсіз жау ғой. Өзім де өртпен бетпе-бет кездескен бірнеше жағдайлар болды, үй, көлік өртенген кезде көмекке келдік. Ал, көршілес жатқан бауырлас екі ел арасында өтіп жатқан бүгінгідей өрт-тактикалық жаттығулардың біз сияқты еріктілердің тәжірибе жинақтауына көмегі көп болатыны анық, – дейді Жамбыл ауданының еріктілер тобының мүшесі. Оқу-жаттығу жиынының соңында оған қатысу барысында ерекшеленген бір топ өрт сөндірушілер мен орман-қорықшылар және еріктілер Алғыс хаттармен марапатталды.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар