Төзімді тірек қылған тәртіп сақшысы

Төзімді тірек қылған тәртіп сақшысы
ашық дереккөз
Төзімді тірек қылған тәртіп сақшысы
Қай қоғамда болсын, ішкі тәртіпке ерекше көңіл бөлінеді. Яғни, қоғамдық тәртіпке байланысты мәселелерде ішкі істер органдарының маңызы зор. Бұл – елдің ішкі тыныштығы, азаматтардың еркін, бақытты ғұмыр кешуі мен еңбек етуі, ұрпақ өсіруі және олардың алаңсыз өмір сүруіне қамқор болатын құқық қорғау қызметкерлері. Иығына шен тағып, еліне, Отанына қалтқысыз еңбек етуге ант берген азаматтар. Қылмыспен күресте міндет пен сенім биігінен көрініп жүргендердің бірі – Руслан Балықбаев. 1990 жылы қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында дүниеге келген ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өз болашағын ішкі істер саласымен байланыстыруды армандайды. Жас жігіт Кеңестөбе ауылындағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінің біріне еркін жалдамалы қызметкер болып жұмысқа орналасады. Ал, 2018 жылы біздің өңірдегі №26 түзеу мекемесінен тағылымдамадан өтіп, бұл күнде осы мекемедегі сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік- психологиялық жұмыстар бөлімінің жасақ бастығы лауазымында қызмет атқаруда. Шені – әділет аға лейтенанты. Бүтін бір әулеттен шыққан жалғыз офицер өмірлік жары Айжан Сейітханова екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. 11 жасар үлкен ұлы Қалқаман бүгінгі таңда дзюдо үйірмесіне қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Сондай-ақ, Гүлсезім есімді қызы таэквондодан өз бағын сынап жүрсе, үшінші перзенті Айназым көркем гимнастиканы меңгеруге күш салуда. Ал, Аяна мен сүт кенжесі Ислам балабақшада тәрбиеленуде. Жауапкершілігі мол әрі аса көп қажыр- қайратты қажет ететін салада жүрген кейіпкеріміздің ата-анасы қарапайым еңбек адамдары. Әкесі Жеңіс өмір бойы құрылыс саласында жұмыс істеп, табан ақы, маңдай терімен отбасын асыраған азамат. Ал, анасы Раушан бала тәрбиесін қолға алып, отағасының тапқан табысын ұқсата білген жан. Русланмен тілдесу барысында оның ата-анасына деген ерекше құрметін анық байқадық. Ол екі сөзінің бірінде әке-шешесінен алған тәлім-тәрбиесін тілге тиек етіп, еңбекке ерте араласуына себепкер болған жандарға алғысын жеткізді. – Өмір болған соң, әр адамда әртүрлі арман-мақсат болары анық. Мәселен, біреу байлыққа, енді бірі мансапқа қызығады. Ал, менің ата-анам ешкімнен ештеңе сұрамай, қарапайым өмір сүруді жөн санады. Ес білгелі әкем құрылыс саласында еңбек етсе, анам үйде бала тәрбиесімен айналысты. Біздің үйде жоқшылық та болған жоқ, асып-тасып та кеткен жоқпыз. Бастысы, ата-анам бізге адал еңбек етуді үйретті. Өздері үлгі болды. Бұл – бізге берілген тәрбиенің төресі деп білемін. Ол үшін ата-анама айтар алғысым шексіз, – деді ол. Әрине, бір ғана мақалада тәртіп сақшыларының барлық жұмысын қамти алдық деп айта алмаймыз. Десе де, бұл күні қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің қоғамдық тыныштықты сақтау жолында үнемі қырағылық танытып, тынымсыз қызмет ететінін аңғардық. Сонымен қатар, форма киген жанның жауапкершілігі еселеп артатынын ұғындық. Өзгенің тағдырына жауапты болуда нақты шешім қабылдап, жедел әрекет ету – құқық қорғау қызметкерлерінің басты ұстанымы. Шын мәнінде, шен тағып, қоғамдық тыныштықты қорғау екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Сол себепті, сақшыларымызға қандай құрмет көрсетсек те аздық етпейді.  

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар