Жамбыл футболы жандана түседі

Жамбыл футболы жандана түседі
ашық дереккөз
Жамбыл футболы жандана түседі
Белгілі футболшы Ұлан Қонысбаев әуелі ағасы Думанмен бірге шахмат үйірмесіне қатысып, біраз жүлдеге қол жеткізіпті. Кейіннен сол ағасымен бірге футболға ауысыпты. Екеуі де танымал футболшы болды. Ұлан 14 жасында жасөспірімдер арасында өткен республикалық турнирде сауатты ойын үлгісін көрсетіп, көзге түседі. Ол кезде футболдан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері – Владимир Фомичев. Сол кісі аталған турнирде Ұланға риза болып: «Ұлан, ұлттық құраманың футболшысы бол!» деп тілек жазып, қолтаңба берген екен. 2008 жылы о блысымыздың бас футбол командасы «Тараз» бірінші топқа түсіп қалған. Бас бапкер жоғарыда біз айтып өткен Владимир Фомичев. Сол жылғы мақсат – жоғары лигаға қайта шығу. Қыруар ақшаға легионер жалдауға клубтың қаражаты жетпейді. 19 жасар Ұлан Қонысбаев команданың негізгі құрамына алынған. Сол кезде-ақ, «тіл-көзіміз тасқа» деп едік. Ұланның, әсіресе, жылдамдығы жоғары. Алаңның кез келген бұрышынан табыла кетеді. Бір жолы «Тараз» «Іле-Сәулет» деген командамен тең ойнап жатты. Жанкүйерлердің көңілі су сепкендей басылған. «Құдай-ау, айдаладағы бір ауданның командасын ұта алмай ма?» деп күйіп-піседі. Сол сол-ақ екен, осы Ұлан жарқ ете қалды. Қарсылас команданың алдындағы қарбаласта қонақтардың екі ойыншысын алдап барып, теңбіл допты қақпа торында тулатқан. Солай жүрегіміз лүпілдеп тұрған жерде жеңіске жеткенбіз. Сол жолы «Тараз» жоғары лигаға өтті. 2009 жылы «Тараз» премьер-лигада ойнады. Алғашқы ойындардың бірін өз алаңында «Ақтөбе» командасымен өткізді. «Ақтөбе» ол кезде еліміздің бес дүркін чемпионы болып, дүрілдеп тұрған. Ең үздік ойыншының бәрі осы ақтөбелік командада ойнайтын. Бұл ойынды көруге футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері келді. «Тараз» сол ойында 1:3 есебімен ұтылып қалды. Ол кездегі шамасы да сол еді. Тараздықтар сапынан соғылған жалғыз голдың авторы – Ұлан Қонысбаев. Ұлан осы тамаша голымен көзге түсіп, 20 жасында Қазақстан ұлттық құрамасына алынды. Еліміздің маңдайалды «Шахтер», «Астана» командаларының сапында ойнады. Чемпион атанды. Қазақстандағы үздік футболшыға айналды. Қазақстан құрамасы сапында Түркия құрамасының қақпасына соққан голы көрермендердің есінде. Сол Ұлан беріректе Қытайда өтіп жатқан жолдастық кездесуде аяғынан ауыр жарақат алып, футболда біраз үзіліс алған болатын. Қазіргі таңда да спорттан қол үзген жоқ. Әлі де футболдың айналасында жүр. Жақында ол Тараздан «Ұлан-Арена» футбол алаңын ашып, футболсүйер қауымға қуаныш сыйлады. Өзінің сүйікті қаласында, өзі алғаш футбол үйренген шаһарда мұндай игі іс жасауы – Ұланның үлкен азаматтығы. Аталған футбол алаңы 2018 жылы қолға алынып, бірқатар себептермен құрылысы тоқтап тұрған еді. Биыл толығымен аяқталып, ел игілігіне берілді. Футбол алаңының салынуына 39 миллион теңге қаражат кеткен. Әрине, аз қаражат емес. Бүгінгі таңда Думан Қонысбаев «Ұлан» атты жасөспірімдер командасын баптап жүр. Бұл команда республикалық жарыстардан жүлде алып қуантуда. Бұл да Қонысбаевтардың футболға қосып жатқан үлесі. Тараздағы «Ұлан-Арена» футбол алаңының ашылуында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулет облыс орталығында осындай стадион салып, спорттың дамуына үлес қосқан танымал футболшы Ұлан Қонысбаевқа алғысын білдірді. Іс-шарада сөйлеген жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы «Ұланның әкесі Әбиірбек те сергек, спорт пен қаламгерлікке жақын адам. Екі перзенті футболшы болды. Ұлан Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданында өмірге келген. Ол уақытта Әбиірбек сол жақта заңгер болып жұмыс істеген. Ұлан Шығыста туғанымен, екі жасынан бері Таразда өсті, қалыптасты. Футболдан үлкен жетістікке жетті. Енді міне, «Ұлан-Арена» футбол алаңын ашып отыр. Құтты болсын!», деді. Бұл жиынға танымал футболшы Таңат Нөсербаев және облысымызға белгілі бірқатар азаматтар ортақтасты. Ұланның «Футбол және мен» атты кітабы көпшілікке таныстырылды. – Футбол – менің тағдырым. Өмірге ешқандай өкпем жоқ. Жас кезімнен танылдым. Жолым болды. Ұлттық құрамада, еліміздің белді клубтарында доп тептім. Өзіміздің «Тараз» командасының абыройының артуына біраз үлес қостым. Енді «Ұлан-Арена» футбол алаңын салуға күш салдық. Осы алаңда жаттыққан жасөспірімдер Жамбыл футболын жандандыра түсіп, үздік ойыншылар шығады деп сенемін, – деді Ұлан Қонысбаев.

Ұқсас жаңалықтар