Қадірі артық Қадірбек көкем...

Қадірі артық Қадірбек көкем...
ашық дереккөз
Қадірі артық Қадірбек көкем...
Менің ес жиып, етек жапқан, оң-солымды танып, бозбалалықтан жігіттікке өтер жылдарым Жамбыл облысындағы Қаратау қаласына баруға салынған темір жол бойында, бұрындары Крупская колхозы, бүгінде Өрнек атын қайтарған ауылдың өкпе тұсындағы 56 разъезде өтті. Сол разъезде әкемнің туған інісі Шыңғысбай тәтем бригадир болатын. Жеңгеміз Зәкия ошақты руынан болған соң ба, әлде басқалай өрімтал қатарластықпен бе, әйтеуір Өрнек ауылында кәдімгідей абыройлы, құда бала болып, ойын баласы ретінде де, бозбала болып та аралас-құралас болып жүрдік. Неге екенін қайдам, Өрнек ауылында клуб болғанмен, жақсы кинолар, театр спектакльдері сирек болатын. Ал, көрші ауылымыз «Қызыл октябрь» колхозының клубы жиі-жиі жақсы кинолар, театр қойылымдарын көрсетіп тұратын. Сондықтан да, әсіресе, 56 разъездің жігіттіке бой ұрып, шашт арын бриолинмен майлап тарауға әуестенген біздер арасы 2 километрдей болатын сол ауылға бүгіндері Ерназар деген ежелгі атын қайтарып алған мекеннің клубына жиі баратынбыз. Біздерден ересек жігіттер де сол ауылды көбірек төңіректеуші еді... Әзірге сарыауыз балапан сынды біздер қайдан білейік, сөйтсек, әлгі ересектер сол ауылдағы шымырдың қыздарына көз салады екен де... Бір күні сол ауылдың клубында көрсетілген Радж Капур ойнайтын үнді киносынан шыға бере қырғын төбелес басталып кеткені. Менен бір жас үлкендігі бар Мақұлбек атты бала сол ауылдың атамандығына үміткер сияқты бұзықтау еді, менімен іштартар достығы да бар болатын. Біраз таяқ жеген соң, «жеңіске» жеткендердің ортасында қоқиланып тұрған Мақұлбекке «Бұларың не?» демеймін бе. Сөйтсем, ошақтының әлгі ересектерін ауылының қыздарынан қызғанған түрлері екен. Біздің ересектер де «Жығылған – күреске тоймайдының» жетегінде әлі де сөз лақтырысып, тәжікелесуін қояр емес. «Немене, өз қарындастарыңа өздерің үйленбекшісіңдер ме» деп өкпелерін жаудырып-ақ жатыр. Сол кезде ту сыртымыздан гүжілдеген бір дауыс бәрімізге тоқтау салғандай болған. Кейін білдім, ол дауыс сол ауылдың атаманы Қадірбек Уәлиев деген көкемдікі екен. Бәріміз, сол Мақұлбек те жан-жаққа тым-тырақай қашып отырып, қас қарая ауылымыздан табылғанбыз. ...Дәм бұйырып, есейіп, Алматыдан бір-ақ шықтық. Мақұлбек сол Тараз жерінде орнықты, бастық болды, әкім болды. Бұзықтығын атбегіне ауыстырып, көкпаршы да болды. Мен өнер көкпарын тарттым. Алматы мәдени орта болған соң, дос-жаранның дені ақын-жазушылар, артистер, драматургтерге ауысты. Жазушылар одағында болсын, театрлардағы кездесу- талқылауларда да тағы сол гүжіл дауыс еріксіз өзіне назар аудартатын. Өнер жайлы айтыс-тартыстарда ортадан әділетті сөзін айқайлап айтатын осы кісі әйтеуір мен жағымда екендігін сезетінмін. Талдау-тұжырымдары білімді, театр өнеріне, драматургияның қыр-сырына қанықтығы менмұндалап тұратын. Сол Ерназардағы адуын Қадірбек көкем екенін қайдан білейін, бала кездегі төбелестегі уақиға еміс қана есте. Оның үстіне жасы үлкен кісі, тегеуріні темірдей болған соң, көп жақындай бермей, сырттай риза болатынмын. Бір күндері кезекті театр қойылымын талдау үстінде еркінсіп барып қолын алып, ықыласымды білдіре әңгімеге тарттым. «Өй бала, сен менің атымды білгенмен, затымды білмей жүр екенсің. Мен өзің жиі төбелесетін атышулы Қызыл октябрьдің шымырымын, сен Крупскийдің ошақтыларына құда баласың ғой! Мен сен туралы Мақұлбек досыңнан сұрап алғам. Маған тартқан айқайшылығың бар екен, шымырға жиен емессің бе?» деп бір-ақ тоқтады. Есіме Радж Капур, үнді киносы, Ерназардағы төбелес сау ете қалды! «Бәсе, өз көкем екенсіз ғой, «қыз кезімнің» куәсі екенсіз ғой» деп құшақтай бердім. Мәдениет министрлігі Алматыда болған кезінде, бұл кісі министрліктің сүйегі мықты бөлімдерінің бірі – репертуарлық- редакциялық коллегиясының ең білімдар сарапшысы еді... Актерлығым асқаннан емес, шығармашылық аштық маза бермей, режиссураға табақтас бола бастадым. Атағы жер жарған Карло Гоццидің «Турандот ханшайым», кырғыз драматургі М.Ғапаровтың осы Қадірбек көкем аударған «Тұзды шөл» деп аталатын интеллектуалды пьесаларын өре-пәтігім, батылдығым жетіп, Әуезов театрының сахнасына қойдым. Газет-журналдар, сыншы- міншілер мені өгейсінді ме, үнсіздік танытты (әлде өрелері сыз берді ме). Сол кезде «Қазақ әдебиетіне» екеуіне де көлдей етіп, білімді талдау жасап, рецензия жазған жалғыз осы Қадірбек Уәлиев болды! Екінің бірінің қаламы қақалатын Жан Коктоның «Адам даусы» деп аталатын әлем мойындаған монопьесасын аударуға да тек осы кісінің өре-эрудициясы жеткен болатын. «Ат арытып, тон тоздырып», талай хан-сұлтандардың, би-бағландардың кейпінде арсыда қалған арман-өкпесін сахнадан, бүгіннің шер-шеменін, әділдігі мен туралығын іздеп, тоңмойын мінберлерден атой салдым, театрлардағы біраз қойылымдарға режиссерлік те жасадым. Сөйтіп жүріп 60 жастың да атына міндік. «Қолға қарға тышып» той жасадық, құрбы-құрдас, ағайын-туыс, әріптестердің бірін қалдырмай, 500 адамға дастарқан жайдық. Бес бірдей «сен тұр мен атайын» шәкірттерім қатарласа асабалық жасады. Жөн- жосығын бұзбай, рет-ретімен сөз сөйленді. Сол асабалар біріне-бірі сілтеп жүріп, Қадірбек көкемді «Тамашадағы» курстасым Қадірбек Демесиновпен шатастырып алды ма, білмедім. Сөйтіп, көкеме сөз тимей қалған. Менің де алақұйын тапырақтап жүріп, ойыма келмепті. Тойдың ортасынан ауа айқай шықты. Жолбарысша ақырып, ақсаңдап келе жатқан Қадірбек көкем, таяғын кезеп маған жақындай бере: «Әй, алашапқын! Аварияңа түскен әкеңді мен өлтірген жоқ едім! Әкеңнен боқтайын десем – бауырым, шешеңнен боқтайын десем – жасы үлкен, жеңге болып жарытқан жоқ еді, нағашыңды боқтайын десем, Димекеңнің туысы екен, басыңды мына таяқпен қақ айырайын десем – Төле биге немере ағайын екенсің, оның үстіне, ол баста ептеген болса да ми бар! Қаһарымды қайда төгейін, маған неге сөз бермедің, менің айтарым, бұған дейінгі көпірме-лепірме өтіріктерден мың есе артық еді ғой!» деп бір-ақ тоқтады. Асаба шәкірттеріме алара қарағаным сол еді, олар тұра қашып даладағы есік алдынан бір-ақ шықты. «Көке, – дедім. Қылша мойным – талша! Айып менен! Құлдық! Міне арқам – ұрыңыз!» дедім де алдына арқамды тосып иілдім. Сөзге құлаған естияр кісі ғой, ұрмайтын шығар деген дәмемнің быт-шыты шықты, көкемнің таяғы арқамды осып түсіп, қышуын қандырды. Сосын, өзіне қарай бұрып алды да, мейірлене құшағына алды, «Аман жүр, бауырым. Жасыңа жас қосылсын» деді де, есік жаққа бет түзеді. Содан көпке дейін көкемді көп кездестірмедім. «Ковидтің» құрған қақпанына түскен көп құрбандардың бірі болып, ана дүниеге кете барғанын бір-ақ естідім. Жаның пейіште шалқысын, ешкімге бас имей, ешкімге ұқсамай, өз жолыңмен адуын боп өткен, өктем ағам! Айқайың мен таяғыңды сағынып жүрмін, Көке! Арсыда, ақ бұлттардың арасында шығарсың...  

Тұңғышбай Әл-ТАРАЗИ.

ҚР Халық артисі.

Ұқсас жаңалықтар