Мейірім шуағын сыйлаған мейірбике

Мейірім шуағын сыйлаған мейірбике
ашық дереккөз
Мейірім шуағын сыйлаған мейірбике
Күндіз-түні көз ілмей, көпшіліктің амандығы жолында уақытпен санаспай еңбек етіп келе жатқан мейірбикелер аз емес. Жауапкершіліктің жүгін абыроймен арқалап жүрген ақ халаттылардың арасында жас мамандар да бар. Осындай жаны ауырған әрбір адамға қол ұшын беруге дайын тұратын ізгі ниетті жандардың бірі – Жәмилә Беркімбаева. Жәмилә Оралбекқызы – облыстық аурухананың ең жауапты мейірбикелерінің бірі. Өмір мен өлімнің арасында жатқан кез келген науқастың дәнекері дәрігерлер болса, мейірбикелер – мейірім шуағын сыйлаушы жандар. Бұл салада екінің бірі жұмыс істей бермейтіні белгілі. Себебі, адам тағдыры қыл үстінде тұрғанда білгенінен жаңылмай, жауапкершілікпен жұмыс істей білудің өзі үлкен кәсіби шеберлікті талап етеді. – Мен өз еңбек жолымды 2006 жылдан бастадым. Бала күнімнен медицина саласының маманы болуды армандадым. Жүрек қалауымен, осы мамандыққа оқуға түстім, қазіргі уақытта бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Мейірбике болу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Уақыттың әр сәті санаулы болып тұрған сын сағатта дәрігерлерге құрал-саймандарын дер кезінде дайындап, ота сәтті өтуіне көмек қолын созамыз. Бізге науқас келген сәттен бастап шұғыл көмек көрсетіп, кейде тіпті алдын ала хабар түссе, ота үстелін ертерек дайындай бастаймыз. Көбіне бізге ескертпей, аяқасты науқастар келіп жатады. Сол кезде барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Таңертеңнен кешке дейін жанына шипа іздеген науқастардың қас-қабағына қарап, ем-домын жасап, өз міндеттерімді мінсіз атқаруға тырысамын, – дейді ол. Жәмилә секілді мамандар үшін ең маңыздысы – адам өмірін сақтап қалу болғандықтан, таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек ету әдетке айналған. Тіпті, басқа маман иелері секілді түскі ас ішуге де уақыт табылмайды. Соған қарамастан, өз ісіне жан- тәнімен берілген маман еңбек жолын саламен енді ғана байланыстыруды жоспарлап жүрген жастарға сенімді болуды айтады. – Дәрігерлермен бірге мейірбикелер де үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Сол себепті көп тәжірибе алмасып отырамыз. Салада әлі де үйренеріміз өте көп. Күнделікті жұмыс барысында білім, біліктілігімізді шыңдап отырамыз. Ауруханадағы жұмыс – шынайы өмір мектебіндегі қарбалас. Сондықтан, енді оқу бітіріп жатқан жас мамандарға ауруханаға таңертең келгенде табалдырықты тек сеніммен, жауапкершілікпен аттап, өз жұмысына тиянақты болу туралы кеңес айтар едім. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында қателесуіне болмайды. Медицина саласындағы өзімнің әріптестеріме сары алтындай сабырлылық, еңбектерінің жемістерін көрсін деп тілеймін, – дейді Жәмилә Оралбекқызы. Мейірбике мамандығы тек адамгершілігі мол жанның ғана қолынан келеді. Өйткені, өзгеге көмектесу – ақ ниетті, жаны таза адамның ісі. Мереке қарсаңында саладағы жас мамандардың ісіне сәттілік, толағай табыстар тілейміз.  

Сая ЕСБЕРГЕН,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар