Әкелер рөлін жандандыру – ұлттық болмысымыздан ажырамаудың кепілі

Әкелер рөлін жандандыру – ұлттық болмысымыздан ажырамаудың кепілі
ашық дереккөз
Әкелер рөлін жандандыру – ұлттық болмысымыздан ажырамаудың кепілі
Бүгінгі таңда кейбір жас ұрпақтың әлжуаз, бос белбеу болып өсіп келе жатқаны жасырын емес. Себебі, отбасындағы әке беделі төмендеп, бала тәрбиесінде әйелдердің үлес салмағы арта түсуде. Осылайша, дәстүрлі қазақ қоғамында барлық мәселені шешіп, ұл-қызын сөзімен ғана емес, қабағымен тәрбиелейтін әкелер лайықты бағасын ала алмай келеді. «Amanat» партиясы өңірлік филиалының ұйымдастыруымен өткен «Әке және ұлт тәрбиесі» атты дөңгелек үстелде бұл мәселе кеңінен қаузалды. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өткен шараға аманаттықтармен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, бірқатар болашақ әкелер қатысты. Жиынды саяси партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ермұхамед Жұмабек ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде үйдің басшысы, ұрпақтың панасы әрі тәрбиешісі – әкені сыйлау, оған құрметпен қарап, ілтипат таныту баланың парызы екенін атап өтті. «Әкенің айтқанына көніп, ақылымен жүру перзент үшін парыз. Себебі, ол ұл-қызға тек жақсы болашақ сыйлайды. Сондықтан, әкені ренжітпей, асқар таудың аласармауына әрекет етуіміз керек», – деді Ермұхамед Нұрмаханбетұлы. Бұдан кейін белгілі дәрігер-хирург Сағындық Ордабеков бала тәрбиесінде әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбек қорлығының ықпалы зор екенін жеткізді. Ал, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Абдурахман Зайнутдинов ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге үйретуі тиістігіне тоқталды. Сөзінше, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік-береке болмақ. Ардагер журналист Асқарбек Сейілхан бала тәрбиесінде өскен ортасы да өз ықпалын тигізетінін айтып, қоғам тарапынан ер балалардың мұғалім болуына жағдай жасалуы қажеттігін тілге тиек етті. – Мектеп білім беретін мекеме ғана емес, сондай-ақ, тәрбие ошағы. Ал, әрбір білім ордасында отбасындағы сияқты әйелмен қатар, ер азаматтардың болғаны жөн. Мұның жас ұрпақтың білімді болуымен қатар, көргенді, тәрбиелі, әдепті болып өсуіне оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Мектептердегі ер мұғалімнің аздығы ұрпақ болашағына кері әсер етеді. Ер мұғалімдердің тәрбиесі ұлдар үшін ғана емес, қыздар үшін де керек. Себебі, қыз балалар мектептегі ағайларын үлгі тұтады. Дос, болашақ жар таңдағанда да қателеспеуі үшін мектептегі мұғаліміне ұқсайтын азаматты іздейді. Ер мұғалімдердің көбірек болуының тағы бір пайдасы, қыздарымыз ибалы, қылықты болып өседі. Ұятты, ар-намысты жоғары қоятын қыздар көбейеді. Сондай-ақ, ұл балалар ер азаматтарға қарап бой түзейді. Сондықтан, ұстаз болуға ниетті ер балаларға грант санын көбейткен жөн. Ал, «Amanat» партиясы бұл істе белсенділік танытса, құба-құп, – деді ол. Басқосу соңында өзге де қатысушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Өз кезегінде жастар да көкейлеріндегі сұрақты қойып, оған лайықты жауап алды.  

Қайрат ӘБСАМАТ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар