Майдангер есімі мәңгі есте

Майдангер есімі мәңгі есте
ашық дереккөз
Майдангер есімі мәңгі есте
Қаракемер ауылында өткен Ұлы Отан соғысына қатысушы Әсет Кемпірековтің туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу іс-шарасын осылай сипаттағанымыз орынды болар. Осындай құрмет көрсеткендей Әсет Кемпіреков кім еді? Алдымен оқырманға осы жайын түсіндіргіміз келді. Әрі жастарға үлгі болу үшін. Кешегі ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы адамзат баласына зор қайғы-қасірет әкелгені тарихтан мәлім. 1418 күн мен түнге ұласқан сол соғыста ұрпақ болашағы үшін қасық қанын төгіп, шыбын жанын пида еткендер – нағыз ердің ері! Сол қанқасап соғыста қара ниет жауды өз апанында жайратып елге Жеңіспен оралғандар, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлағандар – нағыз батырлар. Әсет Кемпіреков сол батырлардың бірі еді. Тоғызыншы сыныпты бітірген жылы әскерге алынған жас жауынгер Көкшетаудағы полк мектебінде кіші командирлер курсын тәмамдағаннан кейін алғы шепке аттанған. Ол КСРО-ны, Еуропаның бірқатар елдерін басқыншы жаудан азат етуге қатысып, соғыстың соңғы нүктесін Берлинде бір-ақ қойды. Майдангердің жауынгерлік жорық жолдарын суреттеп, алған марапаттарын санамалап жатпай-ақ, жау ордасы Рейхстагқа шабуыл, оның төбесіне Жеңіс туын тігу үшін болған жан алып, жан беріскен шайқаста көрсеткен ерлігінің кейбір сәттерін баяндасақ та жетіп жатыр. Шабуыл полковник Ф.М.Зинченко басқаратын 756 полкке жүктелген. Өте қауіпті және құрметті тапсырма. Қауіптілігі – жау өліспей берісетін емес. Құрметтілігі – жау ордасына Жеңіс туын тігу осы әскери құрама жауынгерлерінің еншісіне тигелі отыр. Жау соңғы тұяқ серпіген, кеңес әскерлері нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен осы шешуші шайқас туралы полковник Ф.М.Зинченконың «Герои штурма Рейхстага» («Рейхстаг шабуылының батырлары») кітабында жан-жақты, егжей-тегжейлі жазылған. «Донбастық пулеметші Николай Лаврентьевич Терещенко, гомельдік жауынгер Иван Куприянович Савченко, өзбекстандық Абдулла Агашев және жамбылдық кіші лейтенант Әсет Кемпіреков, молдавиялық жауынгер Марк Дмитриевич Оат, армениялық Вачик Давидян, бәрі – бауыр әрі дос. Олар – Кеңес елінің түкпір-түкпірінен бір мақсат үшін соғысқандар. Олар Егоров пен Кантария тіккен Жеңіс туына жол ашты». «Ауыр жараланғанына қарамастан, кіші лейтенанттар, взвод командирлері Қабдолла Құскенов пен Әсет Кемпіреков майдан даласынан кетпей, жеңіс үшін шайқасты». Бұл үзінділер жоғарыда аталған кітаптан алынып отыр. «Рейхстагты алу үшін жасалған шабуыл нағыз қиямет қайым болды, Болат-ау! Ең шешуші шайқастардағы ең жауапты тапсырма – Рейхстагқа Жеңіс туын тігу бізге, 150-атқыштар дивизиясының 756-полкіне жүктелген. Ол ұрысты сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Рейхстагпен екі ортаны Шпрее каналы бөліп жатыр. Каналдан өтетін көпір үсті мен арғы-бергі жағындағы алаңдарда шыбындай қырылып жатқан өліктер. Әлгі бір дихлофос деген дәрімен қырады ғой бөлмелердегі шыбындарды. Тура сол сияқты. Біздің автоматшылар Жеңіс туын тігетіндерге жол ашуы керек. Қарыс жер алға жылжу мүмкін емес. Бірақ, біз сол мүмкін еместі мүмкінге айналдырып, Рейхстагқа ту тігушілерге жол аштық. Қазір ойлап отырсам, ертегі сияқты. Бірақ, сол біз ашқан жолмен Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып жетіп, бірінші болып ту тіккен Бішкекте училищеде бірге оқыған досым, қанды көйлек қаруласым Рақымжан Қошқарбаев екенін кейін білдім. Рақымжан нағыз батыр еді ғой. Кейін Мәскеуде болған Жеңіс шерулеріне бірге қатысып жүрдік. Ол менен бір жас кіші болса да, қазақтың «бес жас – бел құрдас» қағидасымен қалжыңдаса беретінбіз. Жарасымды, орынды қалжың. Одақ тарардан бұрын Мәскеуде өткен Жеңіс шерулерінің бірі. Шеру алдында Рейхстагқа ту тіккен екеудің бірі (біреуі қайтыс болып кеткен шығар) Жеңіс туын көтеріп келе жатқан. Біз ортаңғы топтамыз. Бір кезде жылдам алға озып кеткен Рақымжан адымдап жетіп барып әлгінің қолынан Туды жұлып алғаны. Онысымен қоймай: «Хватит тебе носить Знамя Победы! Теперь наша очередь!» – дегені жан-жағына естірте дауыстап. Біздің алдымызда ілби басып бара жатқан генералдар мен адмиралдардың «он прав, он прав» деген дауыстарын естігенде көңілімді қуаныш кернеді. Алдында «шу шығып кете ме» деген қорқыныш болғаны рас. Қанша дегенмен сырт жерде жүрміз. Бәрі тыныш өтті. Ешкім наразылық жасаған жоқ. Мойындағандары ғой. Қонақүйге келгенде «Раха-ау, сен зәремізді алдың ғой» дегенімде, ол: «Қорқатын ештеңе жоқ, бұлар бұға берсең, сұға береді», – деп еді. Нағыз батырдың сөзі. Дәм-тұзымыз таусылмаған екен, оқ пен оттың ортасынан аман-сау оралып, шама-шарқымызша елге қызмет еттік. Соғыста айла жүрмейді, ешкім пысықтығынан тірі қалған жоқ. Ажал адам таңдамайды. Сондықтан, соғыста қаза тапқандар қашанда құрметке лайық. Оларды ешқашан естен шығармаңдар!» дегені бар Әсет ағамен соңғы сұхбаттасқан сәттерімнің бірінде. Жалпы, мен ҰОС ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің озаты, ұлағатты ұстаз Әсет Кемпіреков туралы талай рет қалам тарту құрметіне ие болдым. Соның бәрінде де Әсекең әсіре мақтанудан аулақ, болған оқиғаларды қаз-қалпында әңгімелейтін. – Біздің қатарымыз күн санап азайып барады. Өміріміздің өнеге болатындай, жастар үлгі алатындай сәттері болса, оны жазғандарың дұрыс. Бірақ, жоқтан бар жасаудың қажеті шамалы. Жастар шынайы өмірдің шындығымен тәрбиеленсе, оларда отаншылдық рух қалыптасары хақ. Біздің бастан кешкендеріміз – оларға ертегі сияқты. Лайым олар соғысты көрмесін! Бірақ, шынайы, жүрекпен сезінетіндей жеткізу керек. Бұл бақыттың бағасын білу үшін керек, – деп еді қазына-қарт соңғы бір сәлемдесе барғанымда. Түсінген жанға осының өзі – өсиет. Биыл сол асыл адам, жеңімпаз майдангер, ұлағатты ұстаз Әсет Кемпірековтің туғанына 100 жыл толып отыр. Сөз басында осы айтулы күнге орай оның туған, өмір сүрген, еңбек еткен ата қонысы – Қаракемер ауылында еске алу іс-шарасы ұйымдастырылғанын айтқанбыз. Еске алу іс-шарасы ауыл орталығындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мен соғысқа қатысқандарға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы әруақтарға Құран бағыштағаннан кейін, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, Германиядағы Кеңес әскерлері және Варшава шарты әскерлері тобы ардагерлерінің Жамбыл облыстық ұйымының жетекшісі Сабырәлі Жетібаев, батырдың қызы, ардагер ұстаз Орал Әсетқызы және қарындасы Зейнекүл Атамқұловалар сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Жастарға өнеге болатындай, үлгі алатындай отаншылдық рухта, тәрбиелік мәні жоғары сөздер айтылды. Іс-шараның мақсаты да осы. Іс-шара соңы аудан өнерпаздарының концерті мен кіші футбол жарысына ұласты. Ардагердің шаңырағында оның әруағына бағышталып қонақасы беріліп, Құран оқылды. – Әсет ағай – керемет ұстаз. Ал, соғыста көрсеткен ерліктері туралы өзі ештеңе айтпайтын. «Сендер соғысты көрмеңдер!» дейтін де қоятын. Ол кісінің батырлығы туралы «Әсет әлемі» атты кітаптан оқып білдік. Қай жағынан алғанда да, жоғары бағалауға, үлгі-өнеге етуге тұрарлық тұлға. Соны кейінгі ұрпақ білуге тиіс. Сондықтан, майдангер есімін мәңгі есте сақтау мақсатында өткізілген бүгінгі іс-шара өте керек. Ұйымдастырушыларға рақмет! – деді қайтар жолда серіктес болған азамат, Әсет ағайдың шәкірті әрі туысы Байділдә Қасымқұлов. Ал, біз осы бір үлгілі үрдіс туралы оқырманға жеткізуге асықтық.  

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар