Қолында дипломы бар жастардың неге қоғамда орны жоқ?

Қолында дипломы бар жастардың неге қоғамда орны жоқ?
ашық дереккөз
Қолында дипломы бар жастардың неге қоғамда орны жоқ?

Неге біздің жастар дипломдарын қолына алғаннанкейін ғана қоғамнан өз орындарын іздей бастайды? Иә, еліміздегі әр мектепте соңғы қоңырау үні естіліп, түлектер алтын ұяларымен қоштасып үлгерді. Ендігі кезекте олардың алдында ҰБТ дейтін сынақ тұр. Сол бір сыннан сүрінгені де, амалын тауып сүрінбей өткендері де жүректері қалаған кез-келген оқу орнында білім алуына  елімізде бар жағдай жасалған. Алайда, жастардың басым көпшілігі төрт жылды зая кетіріп, тұлға болып қалыптасатын уақытта өз-өзін іздеуге енді кірісіп жатады. Ал, бұл мәселенің туындауына  әсер ететін бір емес, бірнеше факторлар бар...

Көп жағдайда мектеп бітіруші түлектердің қай салаға баратынын ҰБТ шешеді. Қазір үш оқушының екеуі жинаған баллы қандай мамандыққа жетсе, соған түсе салатыны белгілі. Сондай-ақ, олардың «грантқа түсіп алсам болды»деген ойы қабілеті жетпесе де грант көп бөлінетін физика-математика сияқты пәндерді таңдауына мәжбүр етеді. Нәтижесінде мүлде түсінбейтін сабақтарды өзін қинап,амалдың жоғынан бір жылдың ішінде оқуына тура келеді. Арғы жағы қалай болатынын айтпаса да түсінікті.  Университет қабырғасында жүргенде «Геодезия», «Механика матемитика», «Археология және этнология» секілді мамандықтарды естимін. Дәл сол студенттерден кейін қандай маман иесі болып шығатындығын сұрасам,нақты жауап жоқ. Себебі, олар өздері не оқып жатқандығын білмейді. Бірақ, шүкір грант бар. Бастысы ертеңгі күні туыстардың алдында басын көтеріп жүре алады, ата-анасы тойға ұялмай бара алады.

Таңдау жасауға ата-ана көмектесуі қажет

Тағы бір мәселе, ол ата-ананың ықпалымен оқуға түсу. Дұрыс, әр адам ата-ана ретінде баласына мамандық таңдауға көмектесуі тиіс. Бірақ, бізде балаға көмектесудің орнына, бала үшін шешім қабылдап жатады. Педагогика мамандығында оқитын студенттердің басым бөлігі отбасының айтуы бойынша сол саланы таңдаған. Неге? Себебі, педагогика өлмейтін, айлығы көп мамандық. Бәлкім солай шығар, дегенмен мәжбүрлікпен түскен студенттің керемет мұғалім болып кетуіне кепілдік бере аламыз ба?Бұл ата-ана тарапынан кеткен бірінші қателік. Екінші қателік, баланың кім болатынын соңғы екі жыл қалғанда ойлануы. Қабілеті мен қалауын шетке ысырып, баяғыша өлмейтін мамандықтарды іздей бастайды. Егер мемлекеттік қызмет, заңгер, мұғалім болғанын қаласа баланы кішкентайынан бастап сол салаға бейімдеп немесе қабілетін арттыруға тырысқан жөн болар еді.

Ал бізде бәрі керісінше?

Ендігі бір мәселе, баланы тәуелді етіп өсіру. Жалпы бізде педагогика және андрагогика деген екі түсінік бар. Ал, оқытушылар мен мұғалімдер көп жағдайда андрагогиканың не екендігін білмей жатады. Сол себепті педагогикалық қателіктер орын алады. Педагогика қарапайым тілмен айтсақ үйрету өнері. Мұғалім балаға түрлі заңдылықтарды жетектеп түсіндіруі тиіс, яғни, педагогика баланы оқыту туралы ғылым болса, андрагогика керісінше, ерексектерді үйретуге арналған ғылым. Он бірінші сынып оқитын баланың қайда барарын білмеуі, қызығушылығының болмауы педагогиканың жеміс бермеуінің салдарынан туындайды. Енді бұл жерден шығатын түйін, педагогиканың міндетін көпір ретіне андрагогикаға жіберу үшін  баланы барынша тәуелсіз етіп тәрбиелеу. Мұғалім болғандықтан он бір жылда оқушыдан тәуелсіз тұлға қалыптастырып үлгеру керек. Бірақ, бізде бәрі керісінше. Иә, білкім педагогиканың методикаларын қолданатын болар, алайда баланы барынша тәуелді етуге тырысады. Ол қалай десеңіз, жауабы айдан анық. Мектеп қабырғасында оқушы үнемі мұғалімнің ақылына сүйене отырып шешім қабылдайды. Тіпті, қарапайым олимпиада мен байқауларға қатысып,қатыспауын мұғалім шешеді. Нәтижесінде балаға бір қадам жасау үшін де рұқсат сұрап тұру керек болады. Ал, мектеп бітіретін уақытта тікенек еккен ұстаздар неге гүл шықпады деп уәж айтады.

ҰБТ ұрпақ тағдырын шешпейді

Төртінші мәселе, «Ұят болады» деген қоғамдық институттың болуы. Әрине, ол түсінік керек. Бірақ, осы оймен шектен тыс өмір сүру құлдық санадан әлі де арылмағанымызды көрсетіп отыр. Айналадағы адамдардың сөзіне жалтақтап, сырттан сын естуге қорқамыз.  Бізде мектеп бітірген соң бакалаврға түспей қалған оқушы өзін халық жауы болып кететіндей сезінеді. ҰБТ-ға кіргенде мамандық ауыстыра салуы немесе жыл сайын төмен балл жинаған түлектің суицидке баруы осының дәлелі болар.«Gap Year» алып, өзіңді тануға мүмкіндіктер қарастыру отбасыңды ел алдында «қарабет» қылумен бірдей. Ойланып қарасақ, төрт жылыңды зая кетіргенше, бір жылда өзіңді зерттеп, таңдау жасау әлдеқайда тиімдірек. Бірақ, сол тиімді жолмен жүру біз үшін ұятты нәрсе.

Шешім қабылдаған соң шегінбеу керек

Мамандық таңдау адам өміріндегі жауапкершілікті талап ететін шешім. Ал, жоғарыда көрсетілген мәселенің бәрі керісінше баланың өз бетінше шешім қабылдай алмауына алып келеді. Айлықтың көп болуы, мамандықтың өлмеуі біз айтқан саланы таңдағанынан емес, қабілет пен еңбектің нәтижесінде келетінін түсіну керек. Дегенмен,мектеп бітіріп жатқан түлекке осындай оймен бағыт көрсетуүлкен қателік екенін ескермейміз. Себебі, әбдеп құлақ естіп, көз үйреніп кеткен. Бірақ, үйде отырып «Жаңа Қазақстанның» құрылуын талап етеміз. Өз бетінше таңдау жасай алмаған, қысыммен өскен немесе не керектіні білмейтін маман «Жаңа Қазақстанды» құруы үшін бірінші өзін танып алуы керек. Міне, 21 жасқа толған ересек адамның дипломын қолына алған соң өзін іздеу мақсатында қайта артқа шегінуінің негізгі себебі осында жатыр.

 

Ұлданай БАЙҰЗАҚ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті

   

Ұқсас жаңалықтар