Сыйлықтың төресі – қамшы

Сыйлықтың төресі – қамшы
ашық дереккөз
Сыйлықтың төресі – қамшы
Жастайынан ат жалын тартып, оның құлағында ойнаған әрбір қазақтың қолында қамшы болары сөзсіз. Ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайтын дүр қамшы азаматтың айбарын паш етіп, беделін айшықтайды. Сондықтан болар, оны бабаларымыз атқа мінгеннен бөлек алқалы жиындарда да қолдарынан тастамаған. Тіпті, кейбір келіспейтін мәселелерде қарсылығын ортаға қамшы тастаумен білдірген. Бүгінде қамшы өріп, ат әбзелдерін жасайтын шеберлер өте аз. Асқан төзім мен өрені талап ететін бұл іс бұрындары әрбір қазақтың күнделікті шаруасы болатын. Алайда, технологиялар дәуірінде төл өнерімізді дәріптеп жүрген жандарды төрге оздырғанымыз абзал. Себебі, олар ықылымнан келе жатқан жолды жалғап, кешегіні бүгінге табыстап жүрген жампоздар. Қолында қамшы, астында келісті ер-тұрманы бар атбегілерге артық дүние керек емес. Өйткені, олар атқа қажетті жабдықтарды жасату үшін қалауынша қамшы жасап беретін шеберлерді іздеп жатады. Сондай шебердің бірі – Шу ауданында тұратын Қуаныш Дулатбеков. Атбегілердің арманындағы дүниелерді дайындайтын ол тәуелсіздіктің құрдасы. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» дегенді халқымыз қалай дөп айтқан. Себебі, шулық жас шеберге бұл өнер нағашы әжесінен дарыған. Нағашылардың ауылында көп қонған бала Қуаныш әжесінен арқан өруді үйренген. Сол қызығушылығымен ол өзіне қажетті жүген, ноқта, арқан секілді бұйымдарды өріп алып жүрді. Оның бала кездегі икемі уақыт өте дамып, қамшы өруге ұласады. Сөйтіп 30 жасқа толғанда Қуаныш қамшының алуан түрін жасауға түбегейлі кіріседі. Оған Шу ауданындағы Мойынқұм ауылында тұратын Жәнібек есімді шебер ұстаздық етіп, жол көрсетті. Бүгінгі таңда өз кәсібін жолға қойған Қуаныш Жақанұлы өз бұйымдарын әлеуметтік желі арқылы саудалап жүр. Сонымен қатар, кішігірім өз дүкенін де ашқан. Оның айтуынша, ер азаматқа сыйлықтың төресі – қамшы. Сондықтан, қамшы жасатуға халықтың сұранысы күн сайын артып келеді. Бірер жылдың ішінде қанша қамшы жасағаны шебердің есінде жоқ. Әйтеуір аз емесі анық дейді. Сабы мен өріміне, басқа да қиындықтарына қарай әр қамшыны жасауға кемі 3 күн, ұзағы 10 күн уақыт арнайды. Соған байланысты бағасы да 5 мыңнан басталып, 20 мың теңгеден асып жығылады. Арасында көңілі қалаған адамдарға сыйлық ретінде тарту етіп жүр. Мәселен, өзінің замандасы, белгілі көкпаршы Ынтымақ Әліпбаевқа бірнеше рет қамшы жасап бергенін білдік. – Қазіргі таңда саусақпен санарлық шеберлер жасаған дүниені бұрын әрбір қазақ жасай білген. Бұған таңырқай қарайтын ештеңе жоқ. Көшпелі жұрттың баласы ретінде қанымызда ұсталық бар деп есептеймін. Сондықтан еш ерінбей кіріскен адам тым болмағанда өзіне қамшы жасап алуға шамасы жетеді. Өзімді осы салаға арнағандықтан түрлі тапсырыс қабылдаймын. Әркімнің қалауынша жасап бергендіктен, тапсырыс берушілер наразы болмайды. Қазір менің қамшыларым еліміздің түкпір-түкпіріндегі белгілі атбегі, шабандоздардың қолында жүр. Атап айтсам, аты көпке мәлім атбегі Секенай Бөбекбай, Саят Арынов және Алматы облыстық ұлттық ат спорты федерациясының президенті Орынтай Әмірғалиев мен өрген қамшыны қолданып жүр. Әрине, жас болғандықтан ізденіс үстіндемін. Жан-жақты шеберлермен тығыз байланыс жасап, білмеген дүниені сұрап аламын. Бұл өнер нағашы әжемнен дарыған деп білемін. Себебі, ол кісі өрімге ерекше қабілетті еді. Одан кейін Қабанбай деген лақап атпен танымал шеберге алғыс білдіремін, – дейді Қуаныш Дулатбеков. Кәсібін дөңгелетіп отырған жас шебер бүгінде ат әбзелдерін, қамшы мен садақ, басқа да атбегілерге қажет бұйымдарды сатады. Әрі дүкен ашуда несиенің көмегіне де жүгінбеген. Қазақтың жанына жақын өнермен айналысып, онымен нан тауып жүрген жас шеберді тек шулықтар ғана емес, қазақ еліндегі барша шабандоздар жақсы таниды. Сондықтан болар оған қамшы өргізіп, жылқыға керекті дүниелерді сатып алуда сенім артып, тұрақты тұтынушысына да айналған.  

Байжан ЕМБЕРДІ,

журналист.

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар