Рәміздер – ұлттың ұяты

Рәміздер – ұлттың ұяты
ашық дереккөз
Рәміздер – ұлттың ұяты
Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың төрағалығымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиын барысында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Ұлана Сламбекова баяндама жасап, зерделеу барысында анықталған кемшіліктерге тоқталды. – Тараз қаласы, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл және Меркі аудандарындағы мемлекеттік мекемелерде рәміздердің стандарттарға сәйкес қолданылуы мен орналастырылуы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 48 мемлекеттік мекеме қамтылды. Кемшіліктер анықталған жоқ. Одан кейін мамыр айында Жуалы, Қордай, Сарысу, Талас, Шу, Мойынқұм аудандарындағы жергілікті атқарушы органдар, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тағы басқа салаларға қарасты мекемелердегі рәміздерді пайдалану мен қолданылуына орай зерделеу жұмыстары жүргізілді. 213 мекеме қамтылды. Рәміздерді әрбір азамат құрметтеп ұстауға, ұқыппен қарауға міндеттелсе де Мойынқұм, Талас, Шу, Сарысу аудандарындағы бірнеше мекемеде түрлі жағдайлар анықталды, – деді Ұлана Сламбекова. Дегенмен, аталған кемшіліктер зерделеу жұмыстары аяқталғанға дейін бір күннің ішінде түзетіліп, қалпына келтірілген. Бұл мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары жауапты мекеме басшыларымен тілдесіп, мұндай келеңсіз жағдай ұлттың ұяты екенін ескертті. «Алдағы уақытта түрлі жағдай мен келеңсіз жайттар орын алса, Рәміздер күнін күтудің қажеті жоқ. Дәл сол олқылық орын алған уақытта, дер кезінде түзетіңіздер. Бұл – ұлттың ұяты», – деді Еркін Құлымбайұлы. Отырыста облыс бойынша Техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Д.Қалдығожин рәміздерді пайдаланудағы стандартты талаптар туралы сөз қозғаса, облыстық білім басқармасының басшысы М.Өмірбек рәміздерді пайдалану және қолдану бойынша баяндама жасады. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Еркін Үйсімбаев кемшіліктерге жол бермеу, жауапкершілікті арттыру мақсатында құзырлы мекемелерге тапсырма берді.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар