Басты талап – қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту

Басты талап – қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту
ашық дереккөз
Басты талап – қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту
«Amanat» партиясының облыстық филиалында Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Кеңестің кезекті басқосуында «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысы және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының бүгінгі жағдайы туралы мәселелер қаралды. Комиссия отырысына партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ермұхан Жұмабек және Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, сонымен бірге, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау мен кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасының басшылары ZOOM конференциясы арқылы аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары мен жауапты бөлім басшылары, аумақтық комиссия төрағалары қатысты. Айта кетерлігі, аймақта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар нысандар бой көтеруде. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Ол бойынша партия тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Шара да Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Бахыт Әлмұратов баяндама жасап, зерделеу жұмыстарының барысына кеңінен тоқталды. Оның сөзінше, жоба аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысында бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Атап айтқанда, Байзақ ауданы Түймекент, Дихан, Суханбаев, Үлгілі, Көктал және Құмжота ауылдарында 7,6 километр жол жөндеу жұмыстары баяу жүргізілген. Нәтижесінде барқатар жолдың бөлінген талапқа сай келмейтін тұстары анықталған. Ал, Жамбыл ауданы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасында көрсетілген 7 спорт кешенінің бүгінгі таңда бар болғаны үшеуінің ғана құрылыс жұмыстары басталған (Айша бибі 2021жылы, Жалпақтөбе, Пригородное және Гродиково 2022 жылы біту керек), нысандарға бөлінуі тиіс қаражаттар толық бөлінбеген, есесіне аталған құрылыс нысандары 2023 жылға қалдырылғандығы белгілі болды. – Сондай-ақ, Жуалы ауданы бойынша Б.Момышұлы ауылында спорт кешені салынуда, қаражат мөлшері 362 392 мың теңге. Ол нысан биыл тапсырылу керек болса, аталған спорт нысанының белгіленген уақытта тапсырылмау қаупі бар, себебі спортзалдың жөндеу жұмыстары стандартқа сәйкес келмеуіне байланысты салалық басқарма тарапынан қолдау таппаған. Ал, Меркі ауданы Сармолдаев ауылдық округіндегі салыну тиіс спорт сауықтыру кешеніне жалпы 394,1 миллион теңгеге бөлінуі керек болса, бүгінгі таңда бұл қаражат бөлінбеген. Партияның сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасы тағы да орындалмауда, – деді Б.Әлмұратов. Мұнан соң облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады. Басқарма басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019-2021 жылдары 93 ауылда жалпы бюджеттен бөлінген 18,6 миллиард теңгеге 332 жоба қаржыландырылғанын жеткізді. Нәтижесінде 36 білім, 10 денсаулық, 23 мәдениет, 23 спорт, 31 тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық нысаны және 337 километрді құрайтын ауылішілік көшелердің жолдары орташа жөндеуден өтіп, 3 мыңға жуық жұмыс орындары құрылыпты. Кеңес мүшелері басқарма басшысына бірқатар ұсыныстар берді. Атап айтқанда, аталған бағдарлама аясында салынып жатқан нысандарды қабылдап алуда партияны да араластыру қажеттігін жеткізді. Себебі, мердігер тарапынан сапасыз құрылыстардың қатары артқан. Бұл орайда Гүлдана Әлімжанқызы мұндай шараларға қарсы еместігін, керісінше қоғамдық бақылауды күшейтуге назар аударылып келе жатқанын тілге тиек етті. Келесі кезекте комиссия мүшесі Керімқұл Бегалиев тұрғынндар көп тұтынатын азық-түлік бағаларына жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесін хабарлады. Яғни, өңірдегі дүкен сөрелерінде макарон өнімдері 1,8, тұздалмаған сары май 1,5, күріш 1,2, айран 0,9 пайызға қымбаттаған. Ал күнбағыс сары майы 0,8, қарақұмық жармасы 3,6 пайызға арзандаған. Ал кәсіпкерлік және индустриялды- инновациялық дамыту бағдарламалары басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жорабекова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын көкөністердің 2024 жылғы маусымаралық кезеңге барлығы 6690 тонна көлемінде тұрақтандыру қорына форвардтық келісімшарты жасалынғанын жеткізді. Атап айтқанда, Магнум және сауда желісіне «айналым схемасы» арқылы қаржыландырып барлығы 94 тонна тауарға келісімшарт жасалынған. Бұдан өзге, 155 ірі сауда дүкеніне делдалсыз жыл басынан бері 1871 тонна 9 тауар (ұн, тауық еті, сүзбе, тұздалмаған сары май, макарон өнімдері, жұмыртқа, тұз, қант және айран) түрі бойынша тікелей жеткізу жұмыстары ұйымдастырылған. Басқосуда комиссия мүшелері қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігін және ақпараттандыру жұмыстарының ақсап тұрғанын жеткізді. Сондықтан жауапты сала басшыларына осы кемшіліктердің орнын толтыру туралы ұсыныстар берілді.  

Диас МАРАТҰЛЫ,

журналист.

Ұқсас жаңалықтар