Аталар берген ақ бата

Аталар берген ақ бата
ашық дереккөз
Аталар берген ақ бата
Қариясы бардың – қазынасы бар. Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық ардагерлер кеңесі және билер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Батаменен ел көгерер» атты облыстық байқауда біз бұған тағы бір көз жеткіздік. Іс-шараны облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, бата берудің терең тағылымына тоқталып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев: «Бата – ауыз әдебиетінің бір нұсқасы. Тереңнен сүзіп алынған інжу-маржандай сөздер биік парасатқа үндейді. Аузы дуалы, сөзі уәлі қариялар барлық істе де белсенді. Бүгінгі байқаудың жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін», – деді. Байқауға Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, Ақпарат саласының үздігі Алпамыс Қазыбаев, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқарбек Сейілхан, облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев қазылық етті. Тағылымы мол байқауға Тараз қаласы және барлық аудандардан жүзден жүйрік шыққан 11 үміткер қатысып, өзінің батасы, ел есіндегі белгілі тұлғалардың батасы және салт-дәстүрге қатысты бата түрлері бойынша сынға түсті. Алғашқы өз батасын беру кезеңі бойынша барлық үміткерлер жақсы өнер көрсетті. Екінші кезеңде Төле би, Бөлтірік шешен, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы берген баталар бойынша аталардың шеберлігі сыналды. Бұл кезеңде Төле бидің батасын керемет бере білген шулық Жайлаубек Қалиев, Бөлтірік шешен батасын айтқан жуалылық Сейітқазы Медетбеков ерекше көзге түсті. Батагөй қариялардың арасынан сондай-ақ, жамбылдық Орынбай Рысбаев, тараздық ғалым Исан Тілегенов, 88 жастағы құландық Тұрсынбай Елубаев, таластық Әділхан Тойшыманов белсенділіктерімен көзге түсті. Іс-шара барысында Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Ғани Мәтебаев, Мадина Сағынбекова және «Асыл аналар», «Әулиеата» ансамбльдері әннен шашу шашты. Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қорытындылап, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ, Еркін Құлымбайұлы аталған байқаудың бас жүлдесін иеленген жуалылық Сейтқазы Медетбековке 400 мың теңгенің сертификатын, дипломды табыс етіп, «Ең үздік батагөй – 2023» лентасын тақты. Бірінші жүлде Шу ауданынан келген Жайлаубек Қалиевке бұйырды. Оны «Аmanat» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ермұханбет Жұмабек табыс етті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев екінші жүлдеге ие болған тараздық Исан Тілегеновті, үшінші орынды иеленген Жамбыл ауданының қариясы Орынбай Рысбаевты дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапаттады. Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева арнайы жүлдені Т.Рысқұлов ауданынан қатысқан үміткер, 88 жастағы ақсақал Тұрсынбай Елубаевқа табыстады. Айта кетейік, аталған байқаудың аудандық, ауылдық кезеңдеріне екі жүзден астам ақсақал қатысқан. Тәрбиелік мәні бар іс-шара алдағы жылдары да жалғасын табады. Байқаудың республикалық кезеңінде облысымыздың намысын жүзден жүйрік шыққан Сейітқазы Медетбек қорғайтын болады.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар