Бір шаңырақ астында

Бір шаңырақ астында
ашық дереккөз
Бір шаңырақ астында
Алаш еліне алғыс жауған күн Дүнген этносының қазақ жеріне қоныс аударуының 145 жылдығына орай Қордай ауданында сән-салтанаты жарасқан, мазмұны терең ауқымды шара өтті. Дүнген этносының қазақ халқына алғыс айту шарасы Масаншы ауылындағы «Қазақ халқына алғыс» ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.  Тарихтан тағдыр табыстырған дүнген ұлтының қазақ ұлысына алғыс айту шарасы барысында Масаншы ауылының ардагер ұстазы Биянху Арсма сөз сөйлеп, жиналған көпшілікке ізгі лебізін жеткізді. — Осынау 145 жылдың ішінде қазақ-дүнген ұлттарының тыныс-тіршілігі бір, ырысы мен ынтымағы жарасымды, қуанышы ортақ болып кетті. Қазір көшеден көргендердің өзі қайсымыздың қазақ, қайсымыздың дүнген екенімізді ажырата алмай жатады. Мұның бәрі қазақ халқының дархан пейілінің арқасы. Қиын-қыстау кезеңде өздеріңіздің бауырларыңызға басып, қуаныштарыңызбен бөліскендеріңіз үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бейбітшілігіміз баянды болсын, — деді ол. Өз кезегінде Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ұлтаралық бауырластық ұрпақтар сабақтастығына ұласып отырғанын айрықша атап өтсе, «Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махусеев Зайнутдин; —Пейілі дархан, құшағы кең қазақ халына мың да бір алғыс айтамыз. Осы бауырластық үрдісті жемісті жалғастырып отырған мемлекетіміздің саясатына да разымыз. Ауызбіршілік үстемдік құрған жерде қашанда нәтиже болады. Еліміздің басты жетістігі — бейбітшілігі. Татулықты ту еткен еліміздің тұғыры қашанда биік болсын, —деп тілегін жеткізді. Мұнан соң айтулы шараға арнайы келген қонақтар «Қазақ халқына алғыс» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір жарым ғасырға аяқ басқан бірлік пен ынтымақтың берік болуына тілеулестік білдірді. Мұнан соң алғыс айту шарасына арнайы келген меймандар Әл-Фараби атындағы № 50 мектеп аумағында ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Көрме алаңындағы киіз үйлерде Қордай аудандық тарихи – өлкетану музейінің жәдігерлері, облыс қолөнер шеберлерінің туындылары, достық нышаны мен ұлттық нақыштағы құндылықтар, салт-дәстүр, жөн-жоралғы, аңшылық-саятшылық тақырыптарынан мол мағлұмат беретін көріністер көпшілік назарына ұсынылды. Масаншы, Сортөбе, Бұлар-Батыр ауылдарының мұражай экспонаттары, дүнген этносының киім үлгілері мен көкөніс дақылдарының көрмесі де көпшіліктің көңілінен шықты. Дүнген халқының жусай, пияз, сарымсак, қырыққабат, брокколи өсіру әдістері мен жемістер көрмесі жиналғандардың назарын аударды. Мұнан соң «Халық бірлігі — әділетті Қазақстанның негізі» атты салтанатты жиыны өтті. Лэд экран арқылы дүнген ұлтының қазақ жеріне қоныстану тарихы туралы алтын қордан шағын деректі фильм көрсетілді. Салтанатты шара аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының театрландырылған көрінісімен ашылды. Қазақ халқына алғыс айту шарасын құттықтау сөзімен ашып берген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов ізгі тілегін жеткізді. — Бұл — баршамыз үшін айтулы күн. Тек дүнген ұлтының ғана емес, халықтар бірлігін көрсететін айтулы дата. Аталған 145 жылда дүнген ұлтының жеті ұрпағы қазақ халқымен қуаныш, мұңды бөлісіп өсті. Сол уақытта қасиетті топырағынан жер беріп, бауырына басқан дүнген халқы күні бүгінге дейін Ноғайбай бимен Кебекбай шешеннің атын ұрпақтан ұрпаққа ұмыттырмай келеді. Дүнген ұлты елімізге келіп егіншілікті дамыта бастады. Ауылшаруашылықтағы табыстары еңбекқорлықтың жемісі. Қазақ халқы оларға ешқандай қысым жасамай, ұлттық құндылықтары мен тілінің сақталуына дархандық танытты. Осынау баянды байланыс ешқашан ажырамасын, —деді Марат Алмасұлы. Сонымен қатар ол қазақ еліне, ғылымына, мәдениеті мен руханиятына еңбегі сіңген дүнген ұлтының қайраткерлерін, спорт саңлақтарын да айрықша атап өтті. Шара барысында ұлтаралық бірлікті нығайтуға белсенді атсалысып жүрген бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісімен және алғыс хатымен марапатталды. — 1850-1870 жылдары Қытайдағы Цинь билігінің жазалаушыларынан құтылу үшін 3 мыңнан аса дүнгендердің пана іздеген алғашқы толқыны Қазақстанға жер аударды. Қазақ тарихындағы білікті басшы Ноғайбай би қонақжайлылық танытып, екі ұлтты тағдыр қосты. Содан бері ауызбіршілікте мамыражай ғұмыр кешуде. Әрбір ұлт — өңір мен ел дамуының күші. Сондықтан қоғамдық келісім мен тұрақтылық біздің ең жоғарғы жетістігіміз. Баршамыз сол тұрақтылықты сақтауға бір кісідей атсалысайық, —деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров бірқатар азаматтарға «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарын табыстады. Сол секілді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этностараралық қатыныстарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин көпэтносты қоғамның ортақ даму мүддесі жолында және жастарды бауырмалдық пен патриоттыққа тәрбиелеу бағытында мұндай шараның маңыздылығы жоғары екенін жеткізіп, марапат легін жалғастырды. Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Закиржан Кузиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Гүлдара Нұрымова, «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұқаш Ескендіров, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Р.Б. Сүлейманов атындағы шығыстану институтының директоры, профессор, филология ғылымдары докторы Дүкен Мәсімханұлы, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылымының депутаты Илияс Буларовтар сөйлеп, татулықты ту еткен байтақ еліміздің болашағы баянды болуына тілеулестіктерін жеткізді. Салтанатты шара К. Әзірбаев атындағы облыстық және аудандық филармония өнерпаздарының концертіне ұласты.

Ұқсас жаңалықтар