Есірткіде - ертең жоқ

Есірткіде - ертең жоқ
ашық дереккөз
Есірткіде - ертең жоқ
Шам жарқыраған шақта көршінің үйі азан-қазан болды да қалды. 25 жасар тұңғышы өмірден өтті. Ұлының есірткіге тәуелді екенін білген ата-анасы ем-домын жасап, жылдар бойы қамқорлық танытып, қолдау көрсеткенімен, бүгінгі таң есірткі мөлшерін шамадан тыс асырған ұлдың жанын қиып кетті. Қым-қуыт тіршілікте көпбалалы отбасының отағасы мен отанасы жұмыс қамымен шалғайда жүргенде, уытты заттың уысына түскен жасөспірімнің тағдыры осылай 25-ші көктемінде аяқталды. Енді бәрі тым кеш. Қазақ «Баланы – бастан» деп тегін айтпаған. Есірткінің тұзағына ең алдымен жасөспірімдер түседі. Олар қызық көрген дүниесінің соңы немен тынарын бағамдай алмайды. Сондықтан, алданып, шырмалып қалады. Үлкендер жағы өздеріне төнген қауіптің алдын алып, ой елегінен өткізіп, соңы өкінішке алып келетін қатерден бас тартса, ой-өрісі әлі дами қоймаған жасөспірімдер үшін бәрі қызық. «Көрсем, білсем» деп жүріп, тұзаққа тез түседі. Жуырда осы мәселе «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі кеңес отырысында да талқыланды. Онда «Наркологиялық есепте тұрған 15-35 жастағы жастардың үлесін төмендету» мәселесі бойынша сөз қозғалды. – Облыстық психикалық денсаулық орталығында 2022 жылдың 5 айлық көрсеткіші бойынша психобелсенді заттармен зардап шегетін 72 науқас емделген болса, биыл 92 адам, яғни 20 адамға көбейіп отыр. Маскүнемдікпен биыл 59 науқас ем қабылдап жүрсе, былтыр 43 адам медицина көмегіне жүгінген. Нашақорлықтан биыл 33 науқас, былтыр 29 адам емделген. Есірткіні «ермек» етіп жүрген жасты қалай білуге болады? Жасөспірімнің тәбеті төмендеп, салмағы түсіп, ұйқышыл болып, оянуы қиындаса, сөйлеу мәнері нашарлап, үйге әдеттен тыс кеш оралса, көз жұмып қарауға болмайды. Әсіресе, үйден құнды заттар жоғалуы жиілесе, мінез-құлқы тұйықталса, үстінен ерекше иіс шығып, күдікті достары пайда болса, ашушаңдыққа бой алдырып, оқуға деген қызығушылығы төмендесе мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Синтетикалық препараттарды қолдану – сананың шатасуына, агрессивті мінезге, психиатриялық ауруға немесе жүрек қызметінің тоқтауына, яғни өлімге алып келеді, – деді кеңес отырысында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев. Негізі заң бойынша кәмелетке толмағандарды жасырын негізде тексеріп, емдеу көзделген. Мұндай зиянды заттарды қолдануды әдетке айналдырған балалар өз ортасынан, тіпті отбасынан да алшақтап кетеді. Санасы тым әлжуаз, ашуға жылдам бой алдырады. Суицидке бой алдырғыш келеді. Олардың миында тек бір ғана мақсат – есірткіге тәуелділік қана тұрады. Сол ой ғана маза бермейді. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметі бойынша, 2022-2023 жылдары есірткі заттарын тұтынушылар саны 2086 адамға жеткен. 14 пен 35 жас аралығында 874 жас тіркелген. – Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар ұйымдастырылуда. Соның ішінде, білім ордаларында профилактикалық шаралар мен кездесулер және семинарлар тұрақты жүргізіліп тұрады. «Қоғам сақшысы» жобасы аясында ғимараттардың қабырғаларындағы синтетикалық есірткі құралдарын жарнамалайтын граффити жазуларды жою бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің және 60-қа жуық жас волонтерлардың қатысуымен облыс орталығының ғимараттарының қабырғаларынан есірткі заттарды жарнамалайтын кодтық сөздері мен байланыс нөмірлері бар граффити жазуларды жою бойынша 12 іс-шара өткізіліп, қала бойынша 600-ден астам жазба жойылды, – деді басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхар. «Ата-анасының аялы алақанын сезініп, жүрек жылуына қанып өскен бала өзіне өмір сыйлаған жандарды уайымға салмасы анық. Балаға уақыт пен мейірімді молынан бөлу – барлық олқылықтың алдын алу, қауіп-қатерден сақтау деген сөз. Ел ертеңі еңселі болсын десек, бесігімізді түзейік!». Кеңес отырысына қатысушылар осындай байламға келіп тарқасты.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

Ұқсас жаңалықтар