Тіл туралы толғаныс

Тіл туралы толғаныс
ашық дереккөз
Тіл туралы толғаныс
Тіл көсегесі намысы бар азаматтардың табандылығымен көгереді. Мемлекеттік тілдің мәртебесі сонау жылдармен салыстырғанда шүкір, алға жылжу бар. Дегенмен, әлі де таза қазақ тілінде сөйлемейтін, отбасында ресми тілде сөйлесетін және оны мақтан көретін отбасылар аз емес. Бірер жыл бұрынғы Парламент Мәжілісіне депутат болған кейбір халық қалаулылары тіпті антты толық айта алмай, қара терге түсті. Ал, қаншама балабақша, мектептерде мыңдаған қазақ жеткіншегі өзге тілде сайрап жүргені жаныңды ауыртады. Бұл мемлекеттік тілді дамыту бағытында әлі біраз жұмыс жүргізілуі тиіс екенін көрсетеді. Менің ауылда тұратын қарапайым, шаруасын дөңгелетіп жүрген ағам: «Сол кездегі халық қалаулыларының үш ауыз сөйлемді мемлекеттік тілде еркін айта алмағаны әлі жанымды ауыртады. Мектеп жасында пионерге өттік. 6-7 сөйлем антты жаттап, айтып бердік. Комсомолға өткенде одан екі есе ұзақ ант сөзінен жаңылмадық. Әскерде екі бет әскери антты аз уақыттың ішінде жаттап, айттық. Ал, мәжілісмендер екі ауыз қазақшаны қорлап айтты», – деп күйінгені бар. Мен ойланып қалдым. Бір жағы алыс ауылдағы еңбек адамының тіл мәселесіне бейжай қарамай жүргеніне қуандым. Мемлекеттік тіл мүлдем тұралап тұр деп айта алмаймыз. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана облыстық «77» телеарнасында қазақша хабар жүргізген Виктория Тругевова деген орыс қызы қазақшаға қандай жетік, Тараз қаласында №34 орта мектепті басқарып отырған дүнген қызы Динара Нұралиева ше? Оның қазақшасынан бөлек, қазақтан шыққан тұлғаларға деген құрметі сүйсіндіреді. Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің 10-сынып оқушысы, балқар ұлтының өкілі Алина Айдаралы қазақ тілінде сөйлеу былай тұрсын, ақындар айтысына түсіп, үлкен аламандардан жүлде алып жүр. «Тегім – балқар ұлтынан болғанымен, жүрегім «қазақпын» деп соғып тұрады» деп жыр толғаған Алинаның мемлекеттік тілге құрметі көңіл қуантады. Қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері жүздеп саналады. Бұл тізімді ұзақ жалғай беруге болады. Ал, бірақ өзіміздің кейбір қаракөздеріміз мемлекеттік тілге менсінбей қарап жүргені жасырын емес. Ол туралы кезінде ақын Серік Қалиев: «Ананың тілі қуатым менің дейміз-ау, сол қуатымызды сүзгілеп жүр-ау, кей бұзау» деп ағынан жарылып, толғанған еді. Ана тілімізді мүйіздеп тастағысы келетін «бұзаулар» өкінішке қарай, әлі де бар. Еліміздегі әр тұрғынға мемлекеттік тілді еркін меңгермей, жұмысқа алынбайтын, жақсы жерде білім ала алмайтын жағдай туғызу керек. Қажеттілік тудыру қажет. Сонда ғана тіліміздің мәртебесі биіктей түседі.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар