Энергетикалық сусындардың зияны көп, салдары ауыр

Энергетикалық сусындардың зияны көп, салдары ауыр
ашық дереккөз
Энергетикалық сусындардың зияны көп, салдары ауыр

Сергіткіш сусын туралы мәселе – қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда энергетикалық сусынды тұтынатын адамдар саны артуда. Дүкендерде оның бағасы басқа сусындардан жоғары болса да сатылымы жоғары.

Энергетикалық сусындар – сонау ХХ ғасырда ойлап табылған адамзаттың өнертабысы. Бұл сергіткіш сусын туралы қаншалықты білеміз? Энергетикалық сусын расымен адамды сергіте ме? Оның құрамындағы глюкоза, матеин, мелатонин, таурин, гуарана, карнитин, кофеин, женьшень, рибоза, инозит секілді қоспалардың қызметі қандай? Сергіткіш сусынды қандай адамдардың тұтынуына тыйым салынған? Бұл сұрақтардың жауабын табу үшін әлеуметтік желілер мен интернет көздерін пайдалануға тура келді. Шындығында сергіткіш сусындардың зияны туралы мәселені алғаш рет 2010 жылы ақпанда сол кездегі еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев көтерген болатын. «Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына өте қауіпті химикаттар бар. Оларды жиырмасыншы ғасырдың 60 жылдары Вьетнамда соғысқан америкалық жауынгерлердің моральдік және әскери рухын ынталандыру үшін АҚШ-тың Қорғаныс Министрлігі әзірлеген. Алайда, осындай сусындарды тұрақты пайдаланудың нәтижесінде жауынгерлердің арасында бас ауруы, ми ісігі, бауыр ауруы сынды дертке шалдыққандар көбейіп кеткен. Мұның салдарынан сескенген Пентагон сусындарды әскерлерге беруге тыйым салуға мәжбүр болған. Ал, тарихта болған осындай келеңсіз оқиғалардан сабақ алудың орнына, елімізде кейінгі кезде энергетикалық сусындарды құмарта ішетіндердің қарасы көбейе бастаған», деп халықтың назарын оның зияндығына аударуға тырысқан еді. Осыдан кейін, дәлірек айтсақ 2013 жылы энергетикалық сусындарды мөлшерден тыс тұтынуға тыйым салынған. Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің 2013 жылғы 19 тамыздағы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулысы да шыққан. Онда орта және арнаулы орта білім беретін, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын жерлерде, мәдени-көпшілік шараларда мұндай сусындарды сатуға шектеу қойылған. Егер шынымен тыйым салынған болса, неліктен энергетикалық сусындардың сыртындағы: «Аяғы ауыр әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, қарттарға, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды» деген жазуға қарамастан, қазір жасы мен кәрісіне дейін еркін тұтынып жүр?! Өкінішке қарай, ол шектеу тек қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Астана медицина университетінің профессоры Наталья Сливкинаның айтуынша, әдетте энергетикалық сусынның құрамында 10-15 шақты қоспа болады екен. Жоғарыда айтылып кеткен ол қоспалармен қоса, В тобының дәрумені кездеседі. Олардың әрқайсысы ағзаға қуат береді. Бірақ сол қоспалар ішіндегі гуанара және женьшень деп аталатын шөп қоспаларының еш зияны да, тіпті пайдасы да жоқ екен. Ал, кофеин – түссіз және ақ түсті келетін ащы кристалдар. Психикаға қатты әсер ететіндіктен, сұйықтыққа тәуелділікті туындатады. Бір ішкеннен-ақ өзіне баурап алатыны да сондықтан. «Кофеиннің мөлшері неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым жүйке белсенді жұмыс істей бастайды. Қуат кофеин арқылы келеді деген қате пікір. Өйткені, ол – сіздің өз энергияңыз. Кофеин тек сіздің ағзаңызда бар құрамның әсерін күшейте түседі. Сусынның әсері бойыңыздан кеткеннен кейін, тез шаршайсыз. Әр адам кофеинді күніне 400 грамнан ғана қолдануы керек. Бұдан денсаулыққа аса зиян келмейді. Сусынның құрамындағы тауринге тоқталар болсақ, аминоқышқыл болғандықтан, жүректі белсендірек жұмыс істетеді. Ағзадағы қажетсіз заттардың алмасуы жүрек бұлшықеттерінің жұмысына кері әсер етеді. Салдарынан жүрекке зақым келуі мүмкін. Бірақ, бұл бірде-бір зертханада дәлелденбеген», – дейді Наталья Сливкина. Биология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Белгібаев бұл тұжырымға өз қарсылығын білдірді. Оның пікірінше, адам ағзасында 100 грамм таурин болады. Ол – денедегі бұлшықеттердің қалыптасуына септігін тигізеді. Балаларға арналған тағамдардың құрамында да бар. Глюкуронолактонның әсері де тура осындай. «Өндірушілер ағзада жоқ нәрсені сусынға қоспайды», дейді ол. Иә, бұл рас шығар, бірақ ағзаға қажетті мөлшерден тыс энергетикалық сусынды қолданғанның әсерінен көптеп тұтынушылар өмірден ерте кетіп жатыр. Келесі L-карнитин – аминоқышқылы. Бір жүйке талшығынан екіншісіне импульстарды тезірек беруге көмектеседі. Шаршағанды басып, төзімділік орнатады. Сусын құрамында оның мөлшері тым аз болғандықтан, әсері біліне қоймайды. Матеин – мате шайінің бөлшегі. Аш болғанда, орнын толтырып отырады. Глюкоза – денеге тез және жеңіл сіңетін қанттың түрі. Адам ағзасында зат алмасу процесіне қатысады. Негізгі бөлігі энергия қоры ретінде жұмсалады. Сондай-ақ, сусын құрамында аз мөлшерде көмірқышқыл газы да бар. Осылардың барлығы қосылып, адамға 3-4 сағатқа дейін белсенді болып жүруіне көмектеседі. Тұла бойыңыздан тарқаған сәтте, бәрі бәз қалпына қайта түседі. Сондықтан, кофеинге негізделген сусындар түнде ұйықтамай, ауыр жұмыс істейтін қызметкерлерге таптырмайтын сусын болып отыр. Ал, оны жайдан-жай ішу зиян болып саналмақ. Дәрігерлердің айтуынша, энергетикалық сусынды спорттық жаттығулардан кейін ішпеу керек. Ол қан қысымын лезде көтеріп жібереді екен. Кофеиннің шектен тыс артық болуы ұйқысыздыққа, жүйке және тітіркенуге, жүрек жұмысының бұзылуына әкеледі. Осыдан кейін жүрек бұлшықетінің зақымдануы және жүйке жүйесінің толық салдануы орын алады. Сайып келгенде, бұл өлімге әкеледі. Энергетикалық сусындар құтыларының сыртында жазылған құрамында көрсетілген, түрлі дәрумендер мен табиғи ингредиенттер бар екенін оқуға болады. Бірақ барлық витаминдер жасанды түрде өндірілетінін және олардың құрамында синтетикалық ингредиенттер бар екенін ұмытпаңыз. Жалпы, мұндай сусындарды пайдалану қатаң шектелуі керек. Өйткені, күніне бір банкадан артық ішудің нәтижесі қайғылы жағдаймен аяқталуы ғажап емес. Егер адам энергетикалық сусындарды жиі тұтынатын болса, онда ол созылмалы ұйқысыздықты дамытады. Бұл өз кезегінде ашуланшақтық пен депрессияға әкелетінін айтады дәрігерлер. Сонымен қатар, әртүрлі синтетикалық витаминдердің жоғары мөлшері денеде аллергиялық реакцияларға әкеледі екен. Қант пен әртүрлі қышқылдардың көп мөлшерінің әсерінен тіс эмалі бұзылып, ауыз қуысында қышқылдық-негіздік тепе-теңдік бұзылады. Түрлі елді мекендерде энергетикалық сусын тек дәрігердің нұсқауымен және тек дәріханада ғана сатып алынады екен. АҚШ-тың Бостон қаласындағы Тафтс университетінің ғалымдары әлемде қантты газдалған сусындарды пайдалану салдарынан жыл сайын шамамен 184 мың адам өлетінін есептеген. Зерттеу нәтижелері «Circulation» журналында жарияланған. Ғалымдардың пікірінше, егер адам қантсыз шай не сусындарды ішуден бас тарта алмаса, кем дегенде жемістер мен жеміс шырындары түріндегі пайдалы дүниелермен алмастыруды ұсынады. Ең болмаса, өзіміздің табиғи сусын қымыз немесе шұбат секілді сусындармен де алмастыруға болады. Ол энергетикалық сусындардан әлдеқайда ағзаға пайдалы әрі түрлі ауруларға ем. Шұбат – әрі тағам, әрі емдік қасиеті бар сусын. Қыр елінде қымыз бен шұбаттан жазылмайтын ауру кемде-кем дейді. Шұбат – өкпе, асқазан, түрлі ішек ауруларына бірден-бір шипалы сусын. Сондықтан да энергетикалық сусындардан аулақ болған жөн.  

Дариға АСҚАР,

М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің веб-журналистика мамандығының

2-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар