Біртуар презент

Біртуар презент
ашық дереккөз
Біртуар презент

Осыдан 12 жылдан астам уақыт бұрын, дәлірек айтқанда 2002 жылдың көктемінде сол кездегі аудан әкімі Ержанбек Ормаханұлы Нұрбековтің бастамасымен аудан орталығынан халқымыздың біртуар перзенті Тұрар Рысқұловтың ескерткішін орнату жөнінде игілікті іс қолға алынды. Халқының аяулы перзентінің есімін иеленген аудан жұртшылығы бұл бастаманы қызу қолдап, арнайы ашылған қорға өз қаражаттарын құйды. Ескерткішке конкурс жарияланып, жеңімпаз анықталған соң, оны жасау қолға алынды да орталықтағы Тұрар бюсті темір жол бекетіндегі перронға апарып қойылды. Түркістан-Сібір темір жолының алғашқы қадасын қадаған тау тұлғалы Тұрардың бейнесі темір жол бекетінен де орын тепті. Сол кезеңде аяулы перзент жайлы кітап шығару да қолға алынған болатын. Бұл жауапты шаруаның маған тапсырылғанын өзіме артылған үлкен сенім деп түсініп, мақтаныш санаған едім. Кітапты дайындау барысында Алматы қаласында тұратын Тұрар Рысқұловтың қызы Сәуле Тұрарқызымен жолығып, әңгімелесу бақытына ие болдым. Сондай-ақ ғылым академиясының ғалымдарымен де жүздесуіме тура келген еді. Осындай кездесудің бірінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Нұрпейіс ағамен жолығып, сұхбат жасаған екенмін. Кейін ол сұхбат «Тұрар – мәңгілік тұлға» кітабына енгізілді. Ал сұхбаттың толық нұсқасы жеке архивімде сақталып қалған. Халқымыздың аяулы перзенті Тұрар Рысқұловтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында сол сұхбатты оқырмандар назарына осыдан 12 жыл бұрын жазыл­ған нұсқасы түрінде ұсынуды жөн көрдік.

– Құрметті Кеңес аға, көзі қарақты, саналы азамат ретінде мен осыған дейін Тұрар Рысқұловты бір кісідей білемін деп жүруші едім. Қатты қателесіппін. Өзіңіз секілді ғалымдармен әңгімелесу барысында Тұрардың терең тұлға екендігіне көзім жетті. Бойынан небір жақсы қасиеттер табылатын аяулы перзенттің көптеген белгісіз қырларын танып-білгендей болдым. Аудан халқы, жас ұрпақ, есімін иеленген ежелгі Құлан жұртшылығы біртуар перзентін тереңірек білгені жөн ғой... – Иә, бұл күндері Тұрар Рысқұловты білмейтін көзі ашық, көңілі ояу қазақ жоқ десе болғандай. Оны тек қазақтар ғана емес, Қазақстанды мекендейтін басқа халықтардың өкілдері мен Орта Азия тұрғындарының көпшілігі біледі. Тұрар есімін халыққа кеңінен танытуда ол туралы романдар тізбегі мен «Сталинге хат» атты драмалық шығарма жазған Шерхан Мұртаза жазушылық және азаматтық ерлік жасады. Тұрартануға және оны жұртқа танытуға С.Бейсембаев, С.Көлбаев, В.Устинов, В.Григорьев, О.Қоңыратов, М.Қойгелдиев, Ж.Сүлейменов, М.Серікбаев, т.б ғалымдар белгілі дәрежеде өз үлестерін қосты. 1997-1998 жылдары Ұлттық ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен үш томдық шығармалар жинағын жариялады. Туған Республикамыздың егеменді ел болып, тарихи аренаға өз атымен қайта шығуы халқымыздың Тұрар Рысқұлов сияқты кезінде «халық жауы» аталып кеткен біртуар перзенттерінің өмірін, қоғамдық-саяси қызметін және шығармашылық мұрасын идеологиялық құрсаудан ада, тарихи шындыққа сай зерттеу үшін қолайлы жағдайлар туғызды. Бұрынғы кеңестік тарихнама мен саяси әдебиетте ел билігіне араласқан, коммунистік партия мен Кеңес өкіметі жүйелерінде ұзақ жылдар бойы жоғары лауазымды қызметтер атқарған адамдарға «көрнекті» немесе «аса көрнекті» мемлекет және партия қайраткері секілді көптеген марапаттау сөздер айтыла беретін. Осы сөздердің көпшілігі жалған айтылатын, өйткені ол сөздер арналған адамдардың атқарған іс-әрекеттері дәл солай мадақтауға тұрмайтын. Сондықтан осы мадақтау сөздер арналған адамдар өмірден озған немесе қызметтен түскен күннің ертеңінде-ақ олардың есімдері халық зердесінен өше бастап, біраз уақыттан кейін түгелдей ұмыт болып қала беретін. Ал ондайларға қарама-қарсы тағдыр иелері де біздің халқымыздың сан ғасырлық тарихында аз болмаған. Тарихымыздың кеңестік кезеңіндегі осындай бірегей халық перзенті – Тұрар Рысқұлов. Сталиншіл әкімшілік-әміршілік жүйе Тұрар Рысқұловқа көзі тірісінде «пантүркшіл», «панисламшыл», «ұлтшыл ауытқушы», «ұлтшыл» деген айып тағып, ұзақ жылдар моральдық және саяси соққыға ұшыратты да, 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен түрмеге жауып,1938 жылы оққа ұшырды. Содан кейін ондаған жылдар бойы оның есімі мен еліне жасаған қызметін атауға ресми түрде қатаң тыйым салынды. Тек 1960 жылдардан бері қарай Т.Рысқұловқа тағылған айыптар жалған екендігі жөнінде және оның сан қырлы қызметі туралы мерзімді баспасөзде жекелеген мақалалар жариялана бастады. Солардың алғашқысы өзі де «халық жауы» аталып, түрмелер мен концлагерьлердің «тұз-дәмін» барынша татып келген байырғы журналист Рахымалы аға Байжарасовтың мақаласы еді. 1984 жылдың соңында Тұрар Рысқұловтың 90 жылдық мерейтойы Республика көлемінде ресми түрде аталды, ол туралы бірнеше зерттеу еңбектер жарияланды және оның төл шығармалары жарық көрді. Тұрар Рысқұлов – халқымыздың ұлтжанды біртуар перзенті, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары шын мәніндегі қайраткер дәрежесіне жеткен тұлға, үлкен саясаткер, ұшқыр қаламды көсемсөз шебері, салиқалы тарихшы, шешен, бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы тума талант. Егер ол қысқа ғұмырының саналы кезеңін түгелге дерлік мемлекеттік-саяси қызметке арнамаса, одан қоғамдық ғылымдардың бірнеше саласы тарих, экономика, социология ғылымдары бойынша ғұлама зерттеуші қалыптасуы әбден мүмкін еді... Тұрар Рысқұлов адам ретінде де, қоғамдық және саяси қайраткер ретінде де ерте есейіп, жиырма жастан асар-аспас кезінде жұрт аузына ілініп, есімі халыққа танымал болды. 1894 жылғы 26 желтоқсанда Жетісу облысы, Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында (қазіргі Алматы облысы, Талғар ауданы Тұрар Рысқұлов атындағы ауыл) дүниеге келген Тұрар шешеден де, әкеден де ерте айырылып, жетімдіктің ауыртпалығын қаршадайынан көрді. Оның әкесі қайсар да турашыл Рысқұл Жылқыайдарұлы 1905 жылы облыс әскери губернаторының досы әрі Шығыс Талғар облысының билеушісі Саймасай Үшкемпіровті халыққа және тікелей өз басына жасаған қиянаты үшін атып өлтірген және сол айыбы үшін 1906 жылы 10 жылдық мерзімге алыстағы Сахалин аралына жер аударуға кесілген. Әкесі тергеуде болған бірнеше ай бойы 11 жастағы бала Тұрар онымен бірге түрмеде болып, оның ауласындағы әртүрлі жұмыстарды атқарған, түрме бастығының атқосшысы болған. Сөйтіп жүріп хат таныған, орыс тілін біршама дәрежеде меңгерген. Әкесі Сахалинге жер аударылған соң Тұрар Әулиеата уезіндегі туыстарын паналап, Қырғызбаев деген фамилияға ие болып, үш жылдық орыс-қазақ мектебінде оқып, одан соң Пішпектегі (Бішкек) ауылшаруашылық мектебін бітірген. 1915 жылы Ташкенттегі педагогикалық институтқа түсті. 1916 жылдан бастап, 20 жастан жаңадан асқан Тұрар қоғамдық-саяси өмірге қызу араласып кетті. Ол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің Әулиеата-Меркі ошағына идеялық тұрғыдан басшылық жасап, 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін осы өңірдің қазақ, қырғыз оқушы жастарын елдің қоғамдық-саяси өміріне араластыруға мұрындық болды. 1917 жылғы қыркүйекте «әлеуметтік әділеттілік», «ұлттар теңдігі», «барлық материалдық игілік–соны өндірушілерге» деген ұрандарға кәміл сеніп, оларды жақтаған Тұрар Коммунистік партияға мүше болды. Ал, 1918 жылғы сәуірде ол Әулиеата Советтерінің (Кеңестерінің) уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл кезде Тұрар 1916 жылғы көтеріліс жеңіліс тапқан соң Қытай ауып кеткен босқындарды ата мекендеріне қайтару және оларға қажетті көмек көрсету ісін ұйымдастырды. Осы кезден бастап Т.Рысқұлов Түркістан мен Қазақстанның көрнекті мемлекет және саяси қайраткері ретінде аса тез қарқынмен қалыптасып, толысты. Табиғат берген дарын, жан-жақты ұйымдастырушылық қабілет, қажымас қайрат пен жанкешті еңбекқорлық оны аз уақыт ішінде алғыр да парасатты қайраткерлер санатына қосты. – Тұрар Рысқұлов үлкен қоғамдық-саяси қызметке араласқан кезде небәрі 20 жастан жаңадан асыпты. Бұл мұрты жаңадан тебіндеген бозбаланың жасы ғой. Өзгелер оң-солын жаңадан тани бастаған тұста жас жеткіншектің сондай дәрежеге көтерілуінің сыры неде деп ойлайсыз? Қызмет баспалдағы бойынша да өте тез өсіп отырғанын аяулы перзенттің өмірбаяны дәлелдеп отыр. Бұл оған артылған үлкен сенім бе, әлде басқа амалдары болмағандық па? Қалай дегенде де бір ғана тұлғаның жалғыз өзі соншама жауапты қызметтерді атқаруы адамды таңқалдырмай қоймайды. Сіз бұған ғалым ретінде не айтар едіңіз? – Ең алдымен, тау тұлғалы Тұрардың халқына, Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі оны биік белестерге, егемендік жолындағы айқын мақсаттарға жетелеп отырды деп есептеймін. Оның елінің Тәуелсіздігі жолындағы толассыз күресі, ұлтына деген шексіз махаббаты елін, жерін шын сүюдің нағыз символы деп білген жөн. Бұл қазіргі жастарға үлгі болуы тиіс. Ал, оның қызмет баспалдағы бойынша тез өсуіне келетін болсақ, кремльдегілердің жаңа өзіңіз айтқандай басқа амалы болмағандықтан да соған еріксіз келді деп ойлаймын. Себебі, Тұрар әсіресе, ұлт республикаларын басқарудағы ойлары жөнінен өзгелерден көш бойы алда тұрды. Сондықтан да болар, 1918 жылғы күзде Тұрар Рысқұлов Советтердің Түркістан Орталық Атқару комитетіне (Түратком) қызметке шақырылып, Ташкентке ауысты. Мұнда ол бір мезгілде дерлік Түркістан АССР-і денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалып, Түратком төрағасының орынбасары және РКП(б)-нің өлкелік мұсылман бюросының төрағасы болып сайланды. Халық комиссары ретінде Т.Рысқұлов Республикада халықтың денсаулығын сақтау жүйесін құрып, ашаршылықпен күресу жұмыстарымен айналысса, мұсылман бюросы (мұсбюро) төрағасы ретінде Түркістан коммунистік партиясының барлық комитеттерінде мұсылман фракцияларын құру және жергілікті халықтар арасында саяси-ағарту істерімен шұғылданып, олардың өкілдерін республиканы басқару ісіне көптеп тарту үшін күрессе, Түратком төрағасының орынбасары ретінде өлкенің халық шаруашылығын қалпына келтірудің және көпұлтты Түркістанда ұлтаралық ымыра мен татулық орнату жолдарын іздестірді. Сонымен қатар 1919 жылы Тұрар Рысқұловтың Ферғанада орын алған басмашылар қозғалысының кейбір жетекшілерімен (құрбашылар) келіссөздер жүргізу нәтижесінде соғыс әрекеттерінің көлемін азайтуға қол жеткізуі көпшілікті таңдандырған батыл әрекет болды. Тұрардың қайраткерлік беделі мен абыройы күннен-күнге өсе түсті. Жас жағынан бозбаланың ауылынан әлі алыстай қоймаған Тұрар 1920 жылғы қаңтарда 25-ке толған шағында сол кезде құрамында қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Қазақстанның оңтүстік облыстары (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Талдықорған, Алматы) болған Түркістан Орталық Аткомының төрағасы болып сайлануы. Осы жауапты қызметте сол жылдың күзіне дейін болғанына қарамастан, Т.Рысқұлов Түркістан халықтарының шын мәніндегі саяси, экономикалық және рухани егемендігі үшін қажырлылықпен күресіп, бұл бағытта қолынан келгеннің бәрін істеді. Оған ең алдымен Түркістан Компартиясы мен ТҮРКАССР үкіметі құрамындағы ұлы державашыл шовинистермен аяусыз күрес жүргізіп, көп жағдайда оларға қолдау жасап отырған Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитеті мен РКП(б) Орталық Комитетінің құрамында В.Куйбышев, М.Фрунзе, Ф.Голощекин, тағы басқалар бар Түркістан істері жөніндегі комиссия (Түрккомиссия) мүшелерімен жиі-жиі өткір айтысуға шығуға тура келді. Бұл шиеленістер негізінен ұлт мәселесі төңірегінде өрістеді. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының толыққанды егемендігін жүзеге асыру үшін ол дәл сол кезде кеңестік негіздегі «Түрік идеясын» қалыптастырып, оны нақтылы түрде жүзеге асырудың жолын анықтауға көп тер төкті. 1920 жылғы 20-25 қаңтарда өткен Түркістан компартиясының V конференциясының мұсылман секциясында Тұрар Рысқұлов ұлттардың өзін-өзі билеу құқы туралы партиялық ұранды жүзеге асыру жөніндегі мәселені батыл қойып, Түркістан АКСР-ін Түрік Республикасы деп жариялауды, ал Түркістан компартиясының мұсылмандар секциялары негізінде Түрік компартиясын құруды талап етті. Т.Рысқұловтың бұл ұсыныстары конференция делегаттарының көпшілігі тарапынан қолдау тапқанымен, РКП(б) Орталық комитетінің Түрккомиссиясы тарапынан қатты қарсылыққа кездесті. – Тұрар Рысқұловтың кезінде Орта Азия халықтарының басын біріктіретін Түркістан Республикасын құрғысы келгендігі белгілі. Сол себепті оған «түркішіл», «ұлтшыл», «қауіпті адам» деген айыптаулар тағылып, сенімсіздік көрсетілді ғой. Ақыры сол сенімсіздік оққа байлады. Елінің болашағы жолында ештеңеден тайынбайтын қайсар жан сол кезде қылышынан қан тамып тұрған Сталиннің өзіне тайсалмай қарсы шықты деген сөз бар. Сіз бұған не дейсіз? – Оның ешқандай да жалғаны жоқ. Тарихи шындық. Осыдан кейін-ақ Түрккомиссия мен Түркістандағы шовинистік пиғылдағы әсіреқызыл (ультра) революционерлер Тұрардың соңына шырақ алып түсті. Оған партияның сара жолынан ауытқушы, пантүрікшіл деген саяси айыптар жаппай тағыла бастады. «Түрік идеясы» «Түрік мәселесінен» туындаған Тұрардың әрекеттері мен көзқарасына олар «Рысқұловшылдық» деген айдар тақты. Осындай «қауіпті» адамды Түркістанда қалдыруға болмайды деп шешілді. 1920 жылғы күзде Т.Рысқұлов Түратком төрағасы қызметінен босатылып, Мәскеуге ауыстырылды да РСФСР ұлт істері жөніндегі халық комиссарының, яғни И.Сталиннің екінші орынбасары болып тағайындалды. Осы кезден бастап болашақ құрбандық Т.Рысқұлов пен жендет И.Сталиннің 17 жылға созылған арбасуы басталды... Бұл жұмыста да Тұрарды көп тұрақтатпады. Ол 1920 жылдың соңында Әзірбайжандағы осы комиссариаттың өкілі болып ауыстырылды. Түркістандағы саяси хал-ахуалдың күрделенуі, басмашылар қозғалысының кең етек жаюы, өлкедегі экономикалық дағдарыстың өрши түсуі РКП(б) Орталық комитетін Тұрар Рысқұлов сияқты өлкені жақсы білетін және оны тығырықтан шығара алатын қайраткерді Түркістан АССР-індегі басшылық жұмысқа қайтадан әкелуге мәжбүр етті. 1922 жылдың күзінде Т.Рысқұлов халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Өкімет билігінің тізгінін өз қолына алған 28 жасар Тұрар жаңа экономикалық саясат негізінде өлке халық шаруашылығын түлету, мәдени өмірді жергілікті халықтардың әдет-ғұрпы мен ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып қайта құру бағытында кең көлемді, терең мазмұнды шараларды жүзеге асыруға басшылық жасай білді. Т.Рысқұлов халыққа білім беру ісіне бірінші кезекте маңыз берді. Талантты да талапты жастардың жоғары білім алуларына ол үкімет басшысы ретінде нақтылы көмек көрсетті. КСРО-ның орталық аудандарындағы жоғары оқу орындарымен қатар, шетелдік университеттер мен институттарға, ең алдымен Германия оқу орындарына, 20-жылдардың басында ондаған қазақ, өзбек, тәжік жастары мемлекет есебінен жіберілді. Тұрар Рысқұлов Түркістан АССР-і үкімет басшысы ретінде 1920 жылы тарих сахнасынан кеткен Алашорда қозғалысының жетекшілері мен белсенді мүшелеріне қолынан келген мүмкіндігіне сай қамқорлық жасады. Тұрар республика үкіметін басқарған тұста Ахмет Байтұрсыновтың, Халел Досмұхамбетовтің, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Мұхамеджан Тынышбаевтың және басқа да аса көрнекті қазақ зиялыларының Ташкент пен Қазақстанның оңтүстік өңірін паналап, ғылыми, педагогикалық және шығармашылық жұмыспен айналысуға мүмкіндік алулары Тұрар шапағатының нәтижесі екендігі күмән тудырмайды. Тұрар Рысқұлов 20-жылдардың басында Орта Азияның көптеген аудандарын қамтыған басмашылар қозғалысын көп қантөгіссіз ыдыратуға үлкен үлес қосты. Бұл жолда ол діни басшылармен, ірі саудагерлермен, ру, тайпа көсемдерімен, беделді ақсақалдармен, тіпті ымыраға келуге бейім жекелеген құрбашылармен бетпе-бет жолығып, келіссөздер жүргізуге дейін барды. Тұрар Рысқұлов өмір бойы мемлекеттік және партиялық саясаттағы ұлы державалық шовинизмнің көріністерімен батыл күрес жүргізді. Ол жергілікті ұлтшылдық көп жағдайда ұлыдержавалық шовинизмге жауап ретінде бой көрсететіндігін дәлелдеумен болды. Өзінің осы мәселелер төңірегіндегі ойларын РКП(б)-ның XII съезіндегі сөзінде, әсіресе 1923 жылғы 12 маусымда РКП(б) Орталық Комитетінде өткен ұлт республикалары жауапты қызметкерлерінің IV мәжілісінде ешбір бүкпесіз айтқан болатын. Бұл мәселе бойынша ол партия мен мемлекеттегі билікті сол кездің өзінде өз қолына шоғырландыра бастаған И.Сталинге қарсы келе беретін. Екеуінің арасындағы алғашқы ашық қақтығыс жоғарыда айтылған ұлт республикалары қызметкерлерінің IV мәжілісінде орын алды. Осы мәжілісте Сталин Тұрарды «татар ұлтшылы» Сұлтанғалиевпен пікірлессің, өзің де Сұлтанғалиев сияқты партия жолынан ауытқып жүрсің деп айыптағанда, ол олардан үзілді-кесілді бас тартты. «...Сталин жолдастың мәлімдемесі дұрыс емес. Сталин қателесіп отыр», – деп батылдықпен тура жауап берген. Бұл көзсіз ерлік еді. Өзіне осындай ашық түрде қарсы келуді күтпеген Сталин Тұрарға деген кешірмейтін кегін оны қайтарудың уақыты жеткенше ішінде сақтап қалған... Тұрар Рысқұлов сияқты беделді де қайсар қайраткерді КСРО-ның шығысындағы ірі автономия – Түркістан АКСР-іне басшы етіп ұстау империялық саясат жүргізіп отырған орталық үшін күн сайын қауіпті бола бастады. Әсіресе, 1924 жылдың соңына қарай жүзеге асырылуы белгіленген Орта Азияны ұлттық территориялық тұрғыдан межелеуден оны шеттету орталыққа аса қажет болды. 1924 жылы 14 сәуірде РКП(б) саяси бюросының ұсынысымен Т.Рысқұлов Коминтерннің атқару комитетінің орталық-шығыс бөліміне жұмысқа алынды да, сол жылғы жазда Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі етіп жіберілді. Одан елге қайта оралған Тұрар 1926 жылғы көктемде бірнеше ай ғана Қазақстанға келіп, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы қызметін атқарды. 1926 жылғы мамыр айында Тұрар Рысқұлов РСФСР Халық Комиссарлар Советі төрағасының орынбасары болып тағайындалып, осы бір жауапты қызметті табаны күректей 11 жыл – 1937 жылғы 15 мамырға дейін абыроймен атқарды. Осы қызметпен қатар Т.Рысқұлов КСРО Халық Комиссарлар Советі жанындағы мақта жөніндегі тұрақты мәжілістің, Түрксіб темір жолы құрылысына жәрдем беру комитетінің төрағалығына, коммуналдық шаруашылық бас басқармасының жетекшілігіне, Россиялық экономикалық кеңестің бірнеше комитеттерінің төрағалығына сайланды. – Дәл сол кезде Тұрардың бір басына жететін қызмет те, мансап та, байлық та бар болатын. Мәскеудегі жылы орнында өзінен жоғарылардың айтқанынан үнсіз бас шұлғып отыра берсе, ешкім кедергі де келтірмес еді. Алайда, өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоятын халықшыл Тұрар «Халқым» деп, «Жұртым» деп айқасқа түсті. Республикамызға белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің деректеріне сүйенетін болсақ, ашаршылық жылдары Қазақстанда 2,5 млн. адам опат болған екен. Егер Тұрар халқына қарлығаштың қанатымен су сепкендей қамқорлық танытпаса, бұл цифр жантүршігерлік мәліметке айналар еді ғой. Жоғарыда отырып талай мәселелерді табандылықпен шешкендігі де үлкен қайраткерлік емес пе? – Иә, жер шарындағы осы ірі елдің сан қилы мемлекеттік, шаруашылық және мәдени құрылысына тікелей байланысты мәселелерін шешу барысында Т.Рысқұлов аса ірі мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді және Кеңес Одағының қоғамдық-саяси және экономикалық өмірін жіті зерттеді. Тарихшылардың есебі бойынша Т.Рысқұлов тек қана 1931-1937 жылдары Россияның экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірінің әртүрлі мәселелеріне байланысты РСФСР Халық Комиссарлар Советінің 20-70 қаулысына қол қойыпты. Тұрар Рысқұлов жалпыроссиялық, бүкілодақтық мәселелерді шеше жүріп Қазақстанын, қайраткер ретінде қанатын бекіткен аяулы Түркістанын бір сәтке ойдан шығарған емес. Ол Қазақстан мен Орта Азияның экономикасы мен мәдениетін дамытуға зор үлес қосты. Түрксібтің белгіленген мерзімінен әлдеқайда ерте аяқталып, іске қосылуын қамтамасыз етуде үлкен қажыр-қайрат көрсетті. Ол сталиндік-голощекиндік «Кіші октябрь» бағытын жүзеге асыру нәтижесінде жаппай ашаршылыққа ұшыраған өз халқына ара түсіп шырылдады, Сталинге хаттар жазды, «ұлы көсеммен» сөзге келіп, айтысқа түсті, оның диктаторлық ел билеу тәртібіне қарсы шықты. Нәтижесінде 1937-1938 жылдарда бүкіл ел көлемінде орын алған үлкен террордың құрбаны болып кете барды. Ол 1937 жылғы 15 мамырда (кейбір мәліметтер бойынша 21 мамырда) Кисловодскіде демалып жатқан жерінде тұтқындалып, Москваға жедел жеткізілді де Ішкі істер халық комиссариятының тергеушілері капитан Глебов пен кіші лейтенант Лейманның алдынан бір-ақ шықты. Тергеушілер Тұрар Рысқұловқа 1919 жылдың өзінде алдына Түркістанды Кеңес Одағынан бөліп әкетуді көздеген және оның территориясында буржуазиялық мемлекет құруды мақсат еткен антикеңестік «Иттияхат-ва-тарраки» ұйымына қосылған, контрреволюцияшыл бухариншыл-рыковшыл орталықпен байланысқан деген сияқты көптеген жалған айыптар тақты. Содан кейін оның «ісі» сотқа берілді. НКВД-ның белгілі жендеті Ульрихтың төрағалығымен 1938 жылғы 8 ақпанда өткен сот үкімімен Тұрар Рысқұлов ату жазасына кесілді. Бұл әділетсіз үкім екі күннен кейін – 10 ақпан күні орындалды... Халқымыздың біртуар ұлы, аса көрнекті мемлекет қайраткері, ірі саясаткер, ғалым, көсемсөз шебері Тұрар Рысқұловтың өмір жолы осындай қасіретпен аяқталды. Бірақ тау тұлғалы Тұрарды, аяулы перзентін халқы ешқашан ұмытпақ емес. Оның өмірі, тағдыры туған жерін, Отанын, халқын шексіз сүюі бүгінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге. Сіздердің аудандарыңыздың халқы, яғни, тұрарлықтар біртуар перзенттің мұрат-мақсаттарына дақ түсірмей, Егемен Еліміздің гүлденуі жолында ынтымақ пен бірлікте еңбек ете береді деп ойлаймын. Қолға алған иманды шараларыңыз игілікті болсын! Кеңес аға, тау тұлғалы Тұрар Рысқұлов жайлы айтқан терең мағыналы әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбатты жүргізген Тұрсынхан Жаманбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар