- Advertisement -

Жайылманың түлегі

64

- Advertisement -

Жайылма ауылынан атағы жер жарған өнер мен әдебиеттің небір мықтылары шықты. Министрден бастап, мемлекеттік қызметтің, ауыл шаруашылығы саласының қаншама басшы азаматтарының қанатын қомдап ұшырған ауыл бұл. 1938 жылы мамырда дүние есігін ашып, осы ауылдағы мектептен үлкен өмірге жолдама алған Кәрсенбай Қунақұлы да солардың бірі.

Ашаршылық пен сталиндік қуғын-сүргіннен ел есін енді жиып жатқанда сұм соғыс басталды. Сол жылдардағы аласапыранда, соғыс жылдарында дүние есігін ашқандарда балдәурен балалық шақ деген болған жоқ. Сонда да сол аға ұрпақ өкілдерінің жастайынан білімге деген құштарлығы, жұмысқа деген жігері қандай еді! Оған күн санап қатары сиреп бара жатқан үлкендердің өмір жолына үңілген сайын көз жеткізе түсеміз.

1955 жылы ауылдағы орта мектепті үздік бітірген Кәрсенбай еңбек жолын шаруашылықтың трактор бригадасында бастайды. Екі жыл жұмыс істеп, 1957 жылы Алматы қаласындағы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының инженер-механик дайындайтын факультетін бітіріп шығады. 1962 жылы «Байқадам» кеңшарына механик болып орналасқан жоғары білімді жас маманның алдында сан тарау жол жатты. Шаруашылықтың техника жөндеу шеберханасында бақылаушы инженер, кейіннен бас инженер болып еңбек етіп жүргенде 1957 жылы ашылған «Шығанақ» кеңшарына бас инженер-механик болып тағайындалады. Ол кезде компартия үстемдік құрып тұрған заман. Қайда жұмсаса да барасың, тәртіп солай.

Елсіз жерден кеңшар ұйымдастыру айтқанға оңай болғанымен, қарапайым еңбек адамына да, ат үстінде жүрген азаматтарға да оңай емес еді. Оның үстіне, Шудың бармақтай келетін сонасы мен күндіз-түні ызыңы бір басылмайтын масасына таланып жатқанына қарамай, бел жазбай еңбек еткен сол кездің адамдарының жанкештілігіне қайран қаласың! Айдала, жапа түзде еңбек ету мүмкін емес деп, кері қайту қайда, партия міндеттеді, сөзсіз орындалуы тиіс. Солай болды да. Қандай бір тірлік болмасын, техникасыз атқарылмайды. Бірер жылда-ақ кеңшар орталығынан ақшаңқан үйлер бой түзеп, ауылдың ажары кірді. Шу өзенінің арғы-бергі бетінен мал қыстату учаскелері салынып, Бетпақ даласынан құдықтар қазылды. Осы жұмыстың басы-қасында кеңшардың бас мамандарының бірі – Кәрсенбай Қунақұлы жүрді. Оның ұйымдастырушылық, іскерлік қыры осы уақытта жарқырай көрінді. Оның үстіне, техника тілін жетік білетін жоғары білімді инженер жүргізуші тапшы болып жатса трактордың да, автокөліктің де рөліне отырып, жүргізе беретін.

Кеңес заманында бірқатар ауданның жаз жайлауы Сарыарқада болатын. Ары-бері көшкен малшы қауымының аяқ суытып, тоқтайтын жері осы Шығанақ ауылы. Ауданның басқа шаруашылықтарының діттеген жеріне аман-есен жетіп алуы үшін де бас инженер-механик көп еңбек сіңірді. Малшылар мен мамандарға ас-суын беріп, қоғам малына жем-шөбіне дейін дайындайтын. «Бізге қатысы жоқ» демей, мал-жанның амандығы үшін күндіз-түні тынымсыз еңбек еткен азаматтың еңбегін ауылдастары ғана емес, аудан малшылары аузынан тастамай айтып жүрді. Кәрсекеңнің осындай қасиетін «Коммунар» кеңшарында ұзақ жыл ферма меңгерушісі, зоотехник болып еңбек еткен әкем жарықтық әркез еске алып, айтып отырушы еді.

Бірде облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Бименде Садуақасов шалғайдағы шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысып, Шығанаққа келеді. Сонда облыс басшысы бас инженер-механиктің еңбегін ауылдастары аңыз қылып айтқанын естіп, өзі де ел үшін туған ердің еңбекқорлығын, іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін көріп, «аудан басқаратын азамат екен» дегенін алдыңғы толқын беріге дейін айтып жүрді. Кеңшар, аудан басқаруға ұсыныс болды ма, болмады ма ол жағын біле алмадық, шалғай өңірден «Шығанақ» кеңшарының іргетасын қалап, шаңырағын көтерген азаматтың еңбек жолы көрші облыста жалғасты.

Кәрекеңді 1968 жылы Шымкент облыстық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас инженерлігіне қызметке шақырады. «Туған жеріне туын тіккен» азамат «Кең-байтақ қазақ елі әр қазақ үшін де ата-қоныс, туған жер» деген қағиданы басшылыққа алып, Шымкентке аттанады. Іргелес жатқан өңірге мол тәжірибе жинап келген білікті кадр қандай қызметке барса да шыр айналдырды. Осында бөлім басшылығына тағайындалды. 1973 жылы облыстық партия комитетінде нұсқаушы, екі жылдан кейін Ленгір аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Осы қызметте жүргенде ауыл шаруашылығы, құрылыс, құқық қорғау, көлік салаларының жұмысына басшылық жасады. Жергілікті ұлт өкілдері молынан шоғырланған өңірде бірінші және үшінші хатшысы да «аға ұлт» өкілдері еді. Содан аудан тұрғындарының дені қандай да бір шаруамен екінші хатшыға қайырылып, мәселелерін бірден шешіп жататын. Ол кісінің сөздің емес, істің адамы екенін оңтүстіктіктер еске алып, айтып отырады. Сөз сөйлеуі мәдениеті де ерекше екенін, кішіпейілділік, адами асыл қасиеттері де, жүзінен мейірім төгіліп тұратын кісінің өзіне ерекше баулып алатынын да ұмытпайды.

Қандай қызметке ұсынса да, тартынбайтын қасиетімен ауыл шаруашылығын механизациялау мақсатымен жаңадан құрылған «Шымкентсельхозстроймонтаж» тресінің басқарушысы қызметін де абыроймен атқарды. Техниканың тілін жаңғақша шағатын білікті азамат көптеген ауылдарда астық тазалау, мал азығын дайындайтын цехтар құрып, су жеткізді. Шардара, Түркістан, Шолаққорғандағы ет комбинаты, Түлкібас, Бөржар және Шымкенттегі құс фабрикалары мен Қаракөл қой зауытындағы жабдықтардың бәрін осы трестің мамандары іске қосты. Іргелі кәсіпорынға айналған тресте құрылыс мекемелерінің саны екі есеге артып, 10-ға жетті. Іргелі мекемеде еңбек ететіндердің тұрмыстық жағдайының көтерілуіне дейін жағдай жасады. Оның басқа да басшылық қызметте жүргенде бүгінде Түркістан аталатын өңірді түлетудегі еткен еңбегі зор. Әрине, оны көрші облыстағы әріптестеріміз мерзімді басылымдарда әр қырынан жазып та келеді.

Шымкентке жолымыз түскенде аға буын өкілдерімен дастарқандас бола қалсақ, Сарысу ауданының тумасы екенімді естісе болды «Кәрсенбай Қунақұлын танисың ба?» деп сұрап жатады. «Неге танымайын, Шығанақтай ауылдың шырайын кіргізген, талай адамға шапағаты тиген ардақты ағамызды» деймін. Содан не керек, оңтүстіктің қонақжай жұрты «Кәрекеңнің інісі екен» деп құшақтарын ашып, құрақ ұшады. Сарысудың азаматының оңтүстік өңірде атқарған қызметін айтып, ел құрметіне бөленгенін тамсана еске алады.

«Іскер азамат жұмысшы-қызметкерлерден жоспарлы жұмысты, сапасын ғана талап етпей, олардың барлық жағдайын жасайтын. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман Шымкент қаласынан жұмысшыларға арнап 5 қабатты тұрғын үй салдырып, қоныстандырғаны компартия билік құрып тұрғанда ерлікке пара-пар тірлік еді» деп еске алғаны бар бір үлкен кісінің. Аты-жөнін қойын дәптеріме түртіп алмаппын. Құдайға шүкір, жақсы адамның көзін көрген, қызметтес, аралас-құралас болған алдыңғы толқын Түркістан облысында аз емес. Былтыр «Ақсу-Жабағылы» емдеу-сауықтыру санаторийінде ем алып, демалғанда да Кәрсенбай Қунақұлының жерлесі болғаным үшін де түркістандықтардан ерекше құрмет көрдім.

Ол Шымкент облысының және Ленгір ауданының Құрметті азаматы. Басқа да атақ, марапаты аз емес. Әрине, ер-азаматтың қай салада болмасын алаңсыз абыроймен еңбек етуі Құдай қосқан қосағына да байланысты. Жар таңдауда да, мамандық таңдауда да жаңылыспаған Кәрекеңе Зия апамызды адалынан берді. Ол да Сарысудың тумасы. Текті әулеттен шыққан. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады, бүгінде ағамыздың шаңырағының түтінін түзу шығарып отырған аяулы ана. Қыздары мен ұлы – Рауза, Раушан және Аят әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Олардан ұрпақ жалғасуда.

«Аллаға тәуба! Балалар әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Немерелердің өзі де қызметте. Қариям 83 жас жасады, әр жұма сайын Құранын үзбей рухына тағзым етіп отырмын, шырағым. Ел аман болсын, жастарға ғұмыр берсін!» дейді қарт ұстаз.

 

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support