Заңсыздыққа жол берген ауыл әкімдерінің ісі қаралды

Заңсыздыққа жол берген ауыл әкімдерінің ісі қаралды
ашық дереккөз
Заңсыздыққа жол берген ауыл әкімдерінің ісі қаралды
Сыбайлас жемқорлықпен ұштасқан және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралармен мемлекеттік қызметшілерді кеңінен қамту мақсатындағы Әдеп жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы Т.Рысқұлов ауданында өтті. Ашық әрі жариялы түрде өткен кеңес отырысына ауданның ауылдық округ әкімдері мен салалық бөлімдердің басшылары қатысты. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін Талас ауданы, Бостандық ауылдық округінің әкімі М.Рысдәулетовке және Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылдық округінің әкімі А.Әбішевке қатысты тәртіптік іс қаралды. Атап айтқанда М.Рысдәулетов мемлекеттік сатып алу шарты бойынша кейбір жұмыстардың іс жүзінде атқарылмағанына қарамастан, оларды ешқандай ескертусіз қабылдап, тиісті қара жатты мердігердің есепшотына аудару туралы шешім қабылдаған. Ал, А.Әбішев жер заңнамасының талаптарын бұза отырып, жеке тұлғаға жер учаскесін беру барысында заңсыз шешім қабылдаған. Кеңес мүшелері аталған екі мемлекеттік қызметшінің ісін қарай келе «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдануды ұсынды. Одан бөлек, облыс әкімдігі білім басқармасының және облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тәртіптік комиссияларының 2022 жылдың қорытындысы мен 2023 жылдың өткен кезеңінде атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы есептері тыңдалды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының биылғы бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстарға жасаған талдауының қорытындылары қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына орындалуы тиіс ұсыныстар берілді. Ауданның жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысымен танысып, тәртіптік жаза қолдану практикасы жөнінде мазмұнды ақпараттар алды. Ауданда «Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар және кәсіби мемлекеттік аппарат құруда қызметтік әдептіліктің рөлі» тақырыбында көшпелі семинар-кеңес өтті. Онда қызметтік әдеп ережелерін бұзудың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің имиджін көтеру мәселелері кеңінен айтылды. Семинар-кеңеске төрағалық еткен департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Руслан Шарипов бүгінде мемлекеттік аппараттың қызметі қоғам сұраныстарын қанағаттандыруға, яғни сервистік қызмет көрсетуге бағытталғанын, клиентке бағдарланған мемлекеттік аппарат құру арқылы мемлекеттік қызметшілердің көзқарасын түбегейлі өзгертуді талап ететіндігін атап өтті. Руслан Шәмелұлы мемлекеттік қызметшілерді халықпен, әріптестерімен өзара қарым- қатынаста жоғары мәдениетті ұстануға, ұжымда парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға шақырды. Сонымен бірге департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қуат Мәдиев мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар туралы ақпарат берді. Бұл күні Әдеп жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы аясында ауданда бірқатар кездесулер мен қабылдаулар ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Лесбек Илебаев аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты. Мұнда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігіне, тұрғындарға көрсетілетін сервистің сапасына және қызметкерлердің әдептілігі мәселелеріне баса назар аударылды. Лесбек Құралбайұлы орталыққа келушілермен сұхбаттасып, олардың мемлекеттік қызметтердің сапасына және қолжетімділігіне қатысты пікірлерін тыңдады. Сондай- ақ, қатысушыларды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, заңнамаларды түсіндіріп, тиісінше кеңес берді. Бұдан соң Құлан ауылдық округі әкімі аппаратының қызметшілерімен кездесу өтті. Кездесу барысында Лесбек Илебаев мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар, оның ішінде мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету жөнінде ақпарат берді. Қызметкерлерді жеке сұрақтарымен де қабылдап, әдептілікті күнделікті әдетке айналдыруға шақырды. Осындай кездесу ауданның зиялы қауым өкілдерімен бейресми форматта да өтті. Мемлекеттік қызметке кіру рәсімін оңайлату, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берген Лесбек Илебаев жоғары оқу орнын үздік бітірген азаматтар бір жыл ішінде конкурссыз аудан және ауылдық деңгейдегі төмен тұрған лауазымдарға орналаса алатындығын жеткізді. Сондай- ақ, мемлекеттік қызметшілерге бағалау нәтижесі бойынша бонустар төленетіні де айтылды. Зиялы қауым өкілдерінің кәсіби мемлекеттік аппаратты дамыту жөніндегі пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев аудан әкімі аппаратының қызметкерлерімен кездесті. Қасымхан Естемесұлы мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл заңнамаларының, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарын және мемлекеттік қызметтегі шектеулерді түсіндіріп, азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Кеңес мүшесі Махметғали Сарыбеков болса Құлан агротехникалық жоғары колледжінің оқытушылар құрамымен, білімгерлерімен кездесті. Болашақ мемлекеттік қызметшілер білім алып жатқан оқу орнында өзара қарым- қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастырудың маңыздылығы, жалпыға бірдей моральдық-әдептілік нормалардың сақталуы сөз болды. Махметғали Нұрғалиұлы мемлекеттік қызметтің және мемлекет саясатын жүзеге асыратын әрбір мемлекеттік қызметшінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Әдеп жөніндегі кеңестердің рөлі жөнінде жас білімгерлерге тың ақпараттар берді. Осындай кездесуді Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Марат Баяндин Ш.Уәлиханов орта мектебінде өткізіп, мұғалімдер мен оқушыларды жеке сұрақтарымен қабылдады. Көшпелі кеңес аясында аудандық «Qulan tany» газеті редакциясының ұжымымен кездескен «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалының директоры Гүлбаршын Құланбаева бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік саясатты жергілікті жерлерде жүргізудегі рөлі, журналистік әдептілік, жалпыға бірдей моральдық- әдептілік нормалардың сақталуы жөнінде әңгіме өрбітті. Көшпелі кеңесте ауданның барлық сала мамандары мен білім алушы жастарға мемлекеттік қызмет және әдеп нормалары турасында молынан мәлімет берілді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар