Қарасораны кәдеге жарату қаншалықты тиімді?

Қарасораны кәдеге жарату қаншалықты тиімді?
ашық дереккөз
Қарасораны кәдеге жарату қаншалықты тиімді?
Шу ауданында жабайы өсетін қарасораны зерттеумен айналысатын жоғары санатты мамандар мен ғалымдардың қатысуымен көшпелі кеңес отырысы өтті. Басқосуда қарасораны өндірістік және медициналық мақсатта пайдалану мен түбегейлі жоюдың тәсілдері талқыланды. Жиынды ашып беріп, жүргізіп отырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров әуелі өсімдіктанушы ғалымдарға сөз берді. Өз кезегінде ғалымдар АҚШ елдерінде қарасораны өндірістік мақсатта пайдаланып, одан түскен қаражатқа мектеп, балабақша салып жатқанын алға тартты. Ал, бізде бұл мәселе 30 жылдан бері талқыланып, оң шешімін таппай келе жатыр. – Шу ауданында қарасораны зерттеумен айналысып жүргеніме 18 жыл болды. Оның адам денсаулығына пайдалы жағы аз емес. Ең алдымен, қатерлі ісік ауруына әсері мол. Біз жасап жатқан дәрі фармацевтикада әлі сынама күйінде. Әзірге, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі өнімімізге рұқсат берген жоқ. Жалпы, Шудағы қарасорадан ауыр індеттерге әсер ететін төрт түрлі дәрі шығардық. Ауруды басатын спрей ойлап таптық. 15 миллиметрлі флаконның бағасы Еуропада 600 еуро тұрады және ол екі аптаға жетеді. Біз бұл өнімді 15 жыл зерделеп, жасап шығардық. Егер Үкіметтен рұқсат берілсе, қолданысқа енгізуге дайынбыз. Негізінде, жабайы өскін қоғамға өте зиян. Бірақ, оны медициналық бағытта 1-2 жылыжай салып, заңды түрде аз мөлшерде ғана өсіріп, пайдалануға болады. Дәрілік бағытта пайдалануға көп қарасора қажет емес. Сондықтан, жабайы алқапты қарасорадан тазартуды толық қолдаймын. Ал, медицина үшін Үкімет рұқсат берсе жеткілікті, қаражатты өз қалтамыздан құямыз, – дейді «КФК Далафарм» ЖШС директоры Серік Құлманов. Көшпелі отырыс барысында облыс прокурорының бірін ші орын басары Қанат Мамаев қарасораға қатысты заңбұзушылықтармен күрес жұмыстарын күшейтіп, ғалымдардан өндірістік және медициналық бағытта кәдеге жаратудың тиімді жолдарын саралауды ұсынды. «Zhana Zhol Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Александр Ким қарасораны өндірістік бағытта кәдеге жаратуға бағытталған ғылыми жобасымен таныстырды. «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өкілдері ұсынылған жобаға қатысты өз ойларын ортаға салды. Ғалымдар кез келген ғылыми жобаның нәтижесі еңбек пен уақытты талап ететінін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, ешқандай ғылыми- зерттеу базасы болмай тұрып, жобаны жүзеге асыруға болмайтынын, ол үшін толыққанды зерделеудің қажеттілігін және білікті мамандарды тартудың маңызына тоқталды. – Шудың құмды аумағына Т. Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм аудандарының жерлері де кіреді. Бүгінгі іс-шарада ғылыми қызметкерлердің қарасораны қалай жоюға болатыны туралы мәселелер жан-жақты талқыланды. Бірінші тәсілі – алқап аумағын тамырымен тазартып, жерді жырту, екіншісі – гербицит арқылы күйдіру, үшіншісі – тұқымы гүлдемей тұрғанда кесіп тастау. Ғалымдар осылай үш жыл кесіп отырса, түбегейлі жойылады деген деректер айтуда. Былтыр ауданға қарасты 5 ауылдық округте 16 500 гектар жерге қарасораның өскені анықталған. Оны әкімшілік, прокуратура, ауыл шаруашылығы саласы мамандары бірлесіп кесу жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде 7 500 тонна қарасора жойылған. Биыл сол жұмысты екі есеге арттырамыз, – деді Шу ауданының прокуроры Қайыржан Қуатбеков. Құзырлы орган қызметкерлерінің айтуынша, биыл 4 айда есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл желісі бойынша 193 құқықбұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 528 килограмм 156 грамм түрлі есірткі құралдары тәркіленіпті. Кеңес отырысында 1989 дерек бойынша аумағы 138 мың гектарды алып жатқан алқапта жабайы қарасораның қаншалықты көлемде, қалай өсетінін түбегейлі зерттеу керектігі айтылды. Жиын соңында кеңес мүшелері жабайы қарасора өсетін алқапқа барып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар