- Advertisement -

Қолы алтын Гүлсара

78

- Advertisement -

Мемлекеттің қолдауына ие болып, өз кәсібін ашып отырған жанның бірі – Гүлсара Орынбасарова. Ол төрт перзенттің анасы. Тұңғышы Қайрат әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті, қыздары Аяулым, Ақниет, ұлы Қайсар Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияда білім алуда. Жұбайы Нұрәлінің мамандығы – дәнекерлеуші.

2007 жылы Түркіменстанның «Гаоджак» қаласынан атамекенге қоныс аударған Баймахановтар әулеті Сарыкемер ауылында тұрады. Ата-енесімен бірнеше жыл бірге тұрып, қазыналы қариялардың батасын алған Нұрәлі мен Гүлсара жаңа баспана тұрғызып, бөлек шыққандарына төрт жылдың жүзі болыпты. Бала кезінен тігін тігумен айналысқан Гүлсараға әжесі Айнаш көйлектер тігуді үйретіпті. Ал арғы атасы Орынбасар етік, камзол тігудің шебері болса керек.

Гүлсара бір тігін машинасымен алғашында балалар киімдерін тіксе, тапсырыс көбейген соң ісін кеңейтуді қолға алады. Аудандағы білікті тігіншілермен бірлесіп жұмыс та істейді. Алайда, денсаулығына байланысты кәсібін үйде жалғастыруына тура келеді. Мұнда қаражаттың тапшылығы жұмысына кедергі келтіре бастайды. Содан Гүлсара аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, өткен жылдың желтоқсанында қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Қолына тиген қаражатқа көпфункциялы тігін, кішілеу екі оверлок машинасын, бу үтігін сатып алып, тігін бөлмесін жабдықтайды.

– Өз ісін бастаймын деген адамға мүмкіндік мол. Ал, жұмыс істеп, бизнес бастауға ниетті жастар үшін мемлекеттің осындай қолдауы қажет-ақ. Ең бастысы, алдыңа мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында ерінбей еңбек ету қажет. Жаның қалайтын жұмыспен айналысу ісіңе шабыт береді. Талмай еңбектеніп, іздену, шаршамай үйрену қажет. Әсіресе, біліміңді жетілдіріп отырудың пайдасы ұшан-теңіз. Жалпы, балалардың жейдесі, көйлектерімен ұлттық нақыштағы киімдерді тіккенді ұнатамын. Кішкентай балаларға киімді сәнді, әдемі етіп шығаруға барымды саламын. Барлық жұмыстарымды Іnstagram желісіне жүктеп отырамын. Тапсырыс алған кезде оған қажетті жіп, мата, басқа да қажетті бұйымдардың сапалысын сатып аламын. Кәсібіме қатысты әлеуметтік желіде ақылы курстарда білімімді жетілдіріп, түрлі идеяларды іске асырудамын. Мәселен, үстел шамын гүлдермен безендіріп, жаңа келбет бердім. Қазіргі таңда корсет, сыпыра, тақия, стол шамына сұраныстар көптеп түсе бастады. Қолғанатым – қыздарым. Сүйікті ісім арқылы табыс тауып, адал еңбектің арқасында абыройға бөленіп отырған жайым бар. Мемлекеттің жан-жақты қолдауына ризашылығымды білдіремін. Әрі мені әрдайым қолдап отыратын жұбайыма алғыс айтамын, – дейді ол.

Тігіншілік өнері арқылы өз ісін жүргізіп отырған іскер әйел өзінің жеке брендін қалыптастырып та үлгерген. Оның қолынан шыққан жастық тыстары, корсет, сан алуан тақиялар, белдемше, жакет, әйелдер мен ерлердің футболкалары, сәнді көйлектер, ұлттық нақыштағы балалар киімдері көз тартады. Бағасы қолжетімді. Әсіресе, ұлттық нақыштағы корсетке Алматы қаласы мен көршілес жатқан Жуалы ауданынан көптеп сұраныс түсіпті. Сондай- ақ, жақын елді мекендерден Іnstagram желісі арқылы тапсырыстар қабылдайды. Аудандық «Кербез» би студиясы балғын бишілерінің үстіндегі көздің жауын алатын көйлектер де Гүлсараның туындысы екен.

Қарапайым матадан сапалы киім тігетін тігінші өз өнімдерін өзгенің үстінен көргенде жүрегіне қуаныш ұялап, жұмысына шабыт беретіндігін жасырмады. Тағы бір айта кететін жайт, «алтын қолды тігінші» атанған Гүлсара қайырымдылық шараларына да атсалысып, тапсырыс берушілердің кейбір санаттарына жеңілдік жасап отыруды үрдіске енгізіпті.

 

Гүлшахар ӘБДІҚҰЛОВА,

журналист.

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support