Малы саудың жаны сау

Малы саудың жаны сау
ашық дереккөз
Малы саудың жаны сау
Аусыл – аса жұқпалы үй және жабайы ашатұяқты жануарлардың вирусты ауруы. Сыдырылып түскен күлдіреуіктің қабығында вирустың төзімділігі едәуір жоғары болады. Таулы жайылымда келесі жылғы жайылым маусымына дейін сақталады, сарқын суда жылдың суық мезгілінде 100 күннен артық, жаздың күні 21, күзде 49 күн сақталып тұрады. Мал жүнінде 50, киімде 100, үй ішінде 70 күнге дейін сақталады. Сүтте аусылдың вирусы 65°С-та 30 минутта, 70°С-та 15 минутта, 80-100°С-та бірнеше секундта белсенділігін жояды. Сойылған малдың етінде вирус ет бабына келу процесі кезінде түзілетін сүт қышқылының әсерінен тез белсенділігін жояды. Тұздалған және кептірілген өнімдерде 50 күнге дейін сақталынады. Аусылға бейім жануарлар: сиыр, шошқа, қой, ешкі, буйвол, қодас, түйе, бұғы және көптеген жабайы ашатұяқтылар (бөкен, бұлан, елік). Ең сезімтал жануарларға сиыр мен шошқа жатады. Кей жағдайда ауру малды бағып күткенде, аусылмен адам да ауырады. Жас малдың бейімділігі ересек малдан гөрі жоғары және оларда ауру ауыр түрінде өтеді. Аусыл қоздырушысының бастауы — ауырған, оның ішінде аурудың жасырын кезеңіндегі және вирус тасымалдаушы мал. Мұндай жануарлар вирусты сыртқы ортаға сүтімен, сілекейімен, несебі және нәжісімен бөліп шығарады. Бұның нәтижесінде қоражай, әртүрлі құрал-саймандар, жайылым, жем-шөп, суат, көлік жабдықтары, тағы басқалар ластанады. Вирус жануарлардың денесіне негізінен жем-шөп және сумен бірге, әртүрлі ластанған заттарды жалаған кезде ауыздың кілегей қабығы, желін мен сирақтың зақымданған терісі арқылы немесе ауру малмен бірге тұрғанда аэрогендік жолмен енеді. Аусылдың таралуына көп жағдайда шаруашылық-экономикалық байланыстар, малды өсіру ерекшеліктері, мал басының тығыздығы, халықтың жүріп-тұруы, мал азығын дайындау, мал өнімдерін сақтау, тасымалдау, өңдеу және т.б. жағдайлар әсер етеді. Алыстағы жайылымдарға малды айдау кезінде аурудың таралуы жылдамдайды. Ет және сүт өңдейтін мекемелер аусылдың таралуына көп әсер етеді. Аурудың белгілері. Қойда аусыл сиырға қарағанда біршама бәсең өтеді. Негізгі белгісі — дене ыстығының көтерілуі. Ауызда пайда болатын, тез басылып қалатын тарыдай ұсақ афталар (күлдіреуік жара) әдетте байқалмай қалуы мүмкін. Тұяқтың жоғарғы жағында, тұяқ көбесі мен тұяқ аралығында аурудың бесінші күнінде афта пайда болады. Мұндай жағдайда мал ақсайды. Аусыл сақман кезінде байқалса қозылар жүрек еті мен орталық жүйке жүйесінің зақымдануынан шығынға ұшырайды. Ересек қойлар аусыл вирусына сезімталдығының төмен болуынан отардағы барлық малдардың ауруға шалдығуы ұзақ уақытқа созылады. Шошқа аусыл болғанда талпақ танауында, желінінде, тұяқ көбесінде афта пайда болады. Ауырған доңыз ұзақ уақыт жатып алады, жорғалап қана, тізерлеп қозғалады. Экссудативтік процестер өрбігенде, ауру сирағына аз- маз зақым келсе тұяғы сыдырылып түсіп қалады. Торайларда аусыл сепсис түрінде өтеді де, ауру шыққан фермадағы барлық еметін торайлар қырылып қалады. Мүйізді ірі қарада аусылға тән патологиялық өзгерістердің ең бастысы – ауыз қуысында, желінде және сирақтарда кездесетін күлдіреуіктер. Кейде күлдіреуіктер мен қызылшақаланған орындар өңештің, таз қарын мен жалбыршақ қарынның кілегейлі қабығында қездеседі. Жүрек қабында транссудат жиналып, миокардта өліеттенген ақсары нүктелер кездеседі. Емі. Ауырған малды жедел оқшаулап, жақсы жағдай жасайды, жұмсақ жем-шөп береді. Құнарлы жемді, шырын тамырлы және түйін тамырлы мал азығын қайнатып береді. Басқа да ем-шаралар қолданылады. Ауырып сауыққан малда иммунитет бір жылдан бес жылға дейін сақталады. Қазіргі уақытта аурудың алдын алу үшін моно, я болмаса бивалентті немесе үшвалентті вакциналар қолданылады. Иммунитет екі рет егілген малда алты айдан артық сақталады. Сырттан әкелінетін мал басын 30 күндік карантинге қою, ауру тіркелген елдерден бейім малды, олардан алынған өнімдерді әкелуге тыйым салу шаралары ветеринарлық қызметте қатаң қадағаланады. Ауру ошағы тіркелген жағдайда елді мекенге карантин енгізіліп, оған қатысты шаралардың барлығы қарастырылады. Карантин соңғы ауру мал сауыққан соң немесе оның өлексесі өртелгеннен кейін, қорытынды залалсыздандыру жүргізіліп, 21 күн өткенде доғарылады.  

Асқар ТОХАБАЕВ,

облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар