Жамбылда не жаңалық?
Медицина ісін ілгерілету назардан тыс қалған емес
- author «Ақ жол»
- 10 мамыр, 2023
- 230
Медицина ісін ілгерілету назардан тыс қалған емес
Адамзат үшін басты байлық – денсаулық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа Жолдауларында денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше тоқталып, халықтың денсаулығын жақсарту шараларына көңіл бөліп, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жайын жақсартуға мән беріп келеді. Таяуда VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «...Адам капиталын дамытуға қатысты тағы бір мәселе – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді болуы. Еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажет. Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл – өте маңызды. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламентте бір жылға жуық талқыланды. Бұл құжатта, негізінен, дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру ғана көзделген. Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді», – деп қадап айтты. Сол айтылғандарды қоғам болып қолдап, жүзеге асырсақ, болашағымыз жарқын болары сөзсіз. Халықтың денсаулығын жақсарту және азаматтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті екендігін Президент алға тартып отыр. Медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен әлеуетін көтеру де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, алдағы жылдары медицина мамандарын даярлау ісі мен профилактикалық жұмыстар қарқын алып, әрбір қалада, аудан орталығы мен ірі ауылдарда сапалы дәрігерлік көмек көрсетілетін болады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көбейіп, дәрігер мамандығының беделін арттыру үшін медицина мамандарының мәртебесі заң жүзінде бекітілмек. Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл – Әділетті Қазақстан құруды мақсат еткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоспары. Елімізде қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» бағдарламасына сай әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау іс-шаралары жүзеге асып келеді. Бүгіндері облысымызда 388 емдеу-профилактикалық медицина нысаны халыққа тұрақты қызмет етіп тұр. Оның 26-сы аурухана, 9-ы қалалық емхана, 10-ы аудандық орталық емхана, 132-сі ауылдық дәрігерлік амбулатория, 122-сі фельдшерлік- акушерлік пункт, 158-і медициналық пункт және тағы басқалар. Сонымен қатар, 11 жылжымалы медициналық кешен ауыл тұрғындарына қызмет етуде. Өткен жылы 2,2 миллиард теңгеге жаңа құрал-жабдықтар мен аппараттар алынды. 9,1 миллиард теңгені құрайтын 24 нысанның құрылысы пайдалануға берілді. Құрылысы 2018 жылы басталған облыстық онкология және хирургия орталығының құрылысы жақында аяқталып, пайдалануға берілмек. Таяу жылдары Тараз қаласында облыстық инфекциялық аурулар ауруханасы, перинатальдық орталық және бірнеше емхана бой көтермек. Қалада бірнеше оңалту орталығы мен профилакториялар халыққа жүйелі түрде қызмет етуде. Біраз емханалар мен ауруханалар диагностикалық цифрлы рентген аппараттармен, УЗД, КТ және МРТ қондырғыларымен қамтамасыз етілді. Аудандық ауруханаларда да жаңа инновациялық технологиялар (кіші инвазивтік хирургия, лапароскопиялық оталар, УЗД диагностика және тағы басқалар) батыл енгізілуде. Тараз қаласында 3 кардиохирургиялық орталық, 3 нейроинсульттік бөлімше пациенттерге жүйелі түрде қызмет етуде. Санитарлық авиация мен телемедицина, жедел медициналық жәрдем, цифрлық медицина қызметі жақсара түсуде.
Кадр дайындау мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Талабы бар дәрігерлердің білімін жетілдіру мақсатында шеберлік курстары, семинарлар өткізіліп, дәрігерлер кезек-кезек шетелдік клиникаларға жіберіліп, тәжірибе алмасуда. С.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университетпен меморандумға отырып, қажетті кадрлар дайындау ісі жалғасып жатыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасына сәйкес, ауылдарда бірнеше фельдшерлік амбулаториялық пункт пен медициналық амбулаториялар ғимараттары бой көтеріп, ауыл тұрғындарына қызмет ете бастайды. Облысымыз үш аймаққа бөлініп, Қаратау және Шу қалаларында, Меркі ауданында көпбейінді ауданаралық медициналық орталықтар ашылуда. Оларды заманауи талаптарға сай диагностикалық және емдік құрал-жабдықтармен, аппараттармен қ а м т а м а с ы з е т у ж о с п а р л а н ы п о т ы р . Ауданаралық нейроинсульттік, кардиология, травматология орталықтарын ашу мәселесі де оң шешімін табуда. Бұл – медициналық көмектің сапасын едәуір жақсартатынына еш күмән келтірмейді.
Таяуда Парламент Мәжілісінің кезекті бір отырысында жерлесіміз, дәрігер, депутат Гүлдара Нұрымова елімізде халық денсаулығын жақсартуға қажетті бір сала – трансплантология (ағзаларды алмастыру) мәселесін көтеріп, тек бүйрек алмастыру үшін донор кезегінде тұрған пациенттердің саны 4 мыңға жуықтағанын, олардың денсаулығы қыл ұшында тұрғанын хабардар етіп, өткен жылы донорды күткен науқастардың 320-сы бүйрек жетімсіздігінен көз жұмғанын жеткізді. Үкіметіміз донорлық туралы арнайы заң қабылдап, Пәкістан, Иран, Қытай мемлекеттері сияқты әртүрлі себептермен кенеттен қайтыс болғандардың бүйректерін донорлыққа алып немесе өз бүйректерінің бірін сатуға келісім бергендердің бүйрегін реципиентке алуға рұқсат етуді ұсынды. Әйтпесе, әзірше елімізде науқастың жақын туыстары ғана донор болып отыр. Егер олай бола берсе, трансплантология мәселесі таяу жылдары шешілмейтіні рас. Проблема сол күйінше қала бермек. «Мәжіліс депутаты, әріптесіміз Гүлдара Нұрымова трансплантология мәселесін орынды көтерді. Елімізде бұл сала көп жылдардан бері ойдағыдай шешілмей келеді. Жүрек, бауыр, өкпе алмастыру оталары тым сиреп кетті. Бүйрек транплантациясы да мәз емес, көңіл көншітпейді. Мәліметтер бойынша, ағза алмастыруды қажет етіп бес мыңнан астам пациент донор күту кезегінде тұр. Оның басты себебінің бірі – донарлардың жетіспеушілігі болса, екіншісі – бұрынғы министр Е.Біртанов өз бұйрығымен ағза алмастыру операцияларын тек мемлекеттік клиникаларда жасауға рұқсат беріп, ал жекеменшік медициналық орталықтар мен ауруханаларда тыйым салды. Әйтпесе, біраз жекеменшік клиникалар трансплантология жасауды қолға алып, шетелдік клиникаларда трансплантолог- мамандар дайындап, жаңа технологияларды енгізіп, заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен қаруланып, алғашқы ағза алмастыру оталарын бастаған болатын. Біздің клиника да «Кардиохирургиялық және трансплантология ғылыми-клиникалық орталық» деп аталады. Осыдан біраз жыл бұрын 11 науқасқа бүйрек трансплантациясын жасадық, тәжірибе жинадық. Оны ары қарай жалғастырамыз, жетілдіреміз деп отырғанда әлгі бұйрық шықты да, барлық ісіміз тоқтап қалды. Оның аяғы немен бітерін депутат қарындасымыз Г.Нұрымова өз сөзінде ашық айтты», – дейді елімізге белгілі кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Жошыбаев.
Расын айтуымыз керек, денсаулық сақтау ісіне және оны жақсарту мақсатында мемлекетіміз көптеген жағымды іс-шаралар жоспарлап отыр. Бірақ, халық әлі де өз денсаулығына енжар қарайтынын мойындауымыз керек. Мысалы, онкологиялық аурулар елімізде айылын жимай отыр, керісінше жыл сайын көбейіп барады. Оған басты себеп көп адамдар өз денсаулығына жүрдім-бардым қарауында. Емханаға барып қажетті скринингтен өтуді артық санайды. Тіпті, учаскелік медбике телефон шалып, скринингке келуін сұраса да селт етпейтіндер бар. Дәрігерге ауруы әбден асқынғанда, жаны мұрын ұшына жеткенде ғана уақыт өткізіп барады. Ондай кезде дәрігерлердің күші, әрине жетпей, сырқаттың жаны қиналады. Соңы өліммен аяқталады. Қарап отырсақ, онкологиялық аурулардың ел ішінде өршіп бара жатқанына тек экология, тамақ сапасы, саламатты өмір салтын сақтамау ғана емес, өзіміздің уақтылы қажетті скринингтен өтпеуімізден екенін түсінгеніміз жөн. Қан қысымымыз көтеріліп, артериялық гипертонияға, қант диабетіне, жүрек инфарктына, инсультқа шалдығуымыздың да бір себебі өзімізден десем, қателеспейміз.
Бүгінгі таңда халыққа берілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру істері көптеген мәселелерді талап етіп отыр. Бірақ, олардың рет-ретімен іске асатынына сенеміз. Өйткені, оған біздің мемлекетімізде мүмкіншілік бар.
Медицина мамандарының мәртебесін көтеру арқылы тұтастай денсаулық сақтау саласының қыры мен сырын, ағы мен қарасын айыруға болатыны белгілі. Сол себепті ақ желеңді жандардың еңбегін елеп, қадір-қасиетін өсіру жағы ескерілуде. Биыл дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, медбикелердің жалақысы 20 пайызға көтерілді. Бірақ, көптеген аурухана басшылары бұл мәселені толық шеше алмай отыр. Өйткені, бұйрық бар да, тиісті қаржы жоқ, бөлінген жылдық бюджет барлығына толық жетпейді.
Дәрігер қай заманда да дәрігер ғой. Адам денсаулығы мен өмірі үшін жауапкершілік жеңіл емес. Оның міндеті – уақыт талғамай адамдарға көмектесу. Ол қалыптасқан қағида. Алайда нарықтық заман жастардың көзқарасын өзгертуде. Сөздің шыны керек, ақша төленбесе, жастар қазір аяғын аттап басқысы келмейді. Ал біздің кезімізде бәрі басқаша болды. Кезекшілікке жөнді ақша төленбейтін. Соған қарамастан ауруханадағы кезекшілікке өзіміз сұранып баратын едік. Демалыс, мереке күндеріміз негізінен ауруханада өтетін. Міне, соның арқасында көп нәрсе үйрендік, еңбекке төселдік, кәсіби шеберлігіміз өсті. Хирургиядағы алғашқы ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, майдангер-хирург Нағым Мұқышов және басқа да тәжірибелі әріптестеріміз де кәсіби білікті маман болу үшін көп іздену, еңбек ету қажеттілігін жиі айтатын. Бастапқы кезде бұл істе әлеуметтік- материалдық тұрғыдан ұтылуың мүмкін, алайда ертең алдың жарық болатынына сендіретін. Шынында да, егер сен білімді, білікті, адал дәрігер болсаң, ел-жұрт құрмет тұтады, атақ-абырой, жадыраңқы көңіл, еңбек рахаты өзі келеді. Дүние, ақша адамға жолдас емес, пейіліңді бұзады, адамгершілік жолдан тайдырады. Қолдарына қандауыр ұстаған, мойнына фонондоскоп ілген және де басқа жас әріптестерім осыны қаперінде ұстаса екен.
Иә, тізе берсек медицина саласында қаншама жаңа реформалар қабылданып жатыр. Оның бәрі де халықтың денсаулығын қорғау, сақтау, өмір сапасын арттыруға бағытталған. Бірақ, басты байлық – денсаулықты сақтау жалғыз дәрігердің еңбегімен ғана жүзеге асатын іс емес. Оған халық та өз денсаулығын күтумен үлес қосуы керек. Мемлекет басшысының игілікті көздеген бастамаларын мақсатты түрде іске асыру да бәріміз жұмылғанда ғана нәтижелі болмақ. Өмірді нұрландырып, денсаулықты қорғауға бір кісідей жұмылайық.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, облыстық аурухананың бөлімше меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, облыстың Құрметті азаматы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді