- Advertisement -

Ұлы жеңіс – ұрпаққа аманат

91

- Advertisement -

Жеңіс күніне орай №20 орта мектепте «Ұлы жеңіс – ұрпаққа аманат» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Отты жылдардың шежіресін шерткен көрменің мақсаты – оқушыларға Ұлы Отан соғысы жылдары туралы тереңінен мағлұмат беру, Отан-Анаға деген сүйіспеншілігін ояту.

– Бұл шараны ұйымдастыру барысында оқушыларға Ұлы Отан соғысы жылдарындағы солдаттардың ерлігін паш етіп, халықтың басына туған ауыртпалықтың салмағын ұғып, жеңістің жеңіл жолмен келмегенін түсіндіруге талпындық. Бейбіт күннің балаларының Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне деген құрметі арта түсті, – дейді аталған мектеп кітапханасының меңгерушісі Құрманкүл Есалиева.

Көрмеде майдан даласы туралы жазылған шығармалардың қарасы қалың болды. Онда Бауыржан Момышұлының «Шындығын айтқанда», «Қанмен жазылған кітап», «Алыстан сәлем жолдаймын», «Соғыс қателікті кешірмейді» сынды бірнеше әдебиеті қамтылды. Сонымен қатар, Өтебай Қанахиннің «Ауыр күндерде», Қасым Қайсеновтің «Елімнің ертеңіне сенемін», Тілеу Көлбаевтың «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» және Ұлы Отан соғысы туралы жазылған орыс әдебиетінің шығармалары да оқырман назарына ұсынылды.

– Бұл шара барысында бойымызға патриоттық рух дарытып, соғыс жылдары туралы терең мағлұмат алдық. Мен әсіресе Әлия мен Мәншүк апаларыма ұқсап, елім мен жеріме қамқор болғым келеді. Көрмеден соң, кітапханадан Бауыржан Момышұлының кітабын оқуға алдым, – дейді 6-сынып оқушысы Әмина Маралбек.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support