- Advertisement -

«Брест» оқиғасы, «Хатынь» трагедиясы

85

- Advertisement -

2016 жылы 20 шілде күні Т.Рысқұлов ауданы, Каменка ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің зейнеткер мұғалімі, тарихшы, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әлиев ағамыздың басшылығымен облыстың әр ауданынан жиналған 12 кісі Алматыдан Минскіге ұшып кеттік. Мақсатымыз – Брест қамалын қорғауда ерлік көрсеткен аталарымыз жайлы толық мәліметтер алу, ол кісілерді еске алып, әруақтарына құран бағыштап қайту еді.

Біз мінген ұшақ Минскіге біздің уақыт бойынша таңғы 9:00-де келіп қонды. Күні бұрын хабарланғанындай елшіліктегі жігіттер бізді күтіп алып, қасымызға жолсерік, көлік беріп, қаладан 54 шақырым қашықтықтағы «Хатынь» ескерткішін көруге тартып кеттік. Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан жолға шықтық. Көлікте әрнәрсені айтып келе жатқан біздер «Хатынь» деген үлкен жазуды көргенде қабағымызды шытып, мұңая қалдық. Көліктен түсіп, үлкен жазудың жанында суретке түстік. Біраз жер жүрген соң, қарсы алдымызда екі қолына қаза тапқан баланың денесін көлденең ұстап тұрған қоладан жасалған адамның ескерткішін көрдік. Бұл немістер оқ жаудырғанда оқ тиген, денесі күйген Иосиф Каминский деген шаруа болатын. Оның жүзіне үңіле қараған адам қаншама қиындық көріп, қасірет шексе де денесін берік ұстап, еш мойымастан фашистер төккен өлімнен аман қалып, «фашизмге лағнет» деп тұрғандай өшпенділіктің ізін байқауға болады.

Хатынь селосы туралы түсінік берген кісі: «Фашистер билеп-төстеген қаралы үш жыл ішінде Беларусь жерінде 209 қаланың күл-талқанын шығарып, 9200 селоны жер бетінен жойып жіберді. Екі миллион екі жүз мың адамды өртенгенін өртеп, атқанын атып, асқанын асып, құртып жіберді. Бұл еліміздің адамдарының төрттен бір бөлігі еді. Анау тұрған үш қайың сол тірі қалған халқымыздың үш бөлігін бейнелейді. Бұл жерде небәрі 26 ғана түтіні бар «Хатынь» селосы бар еді.

1943 жылы март айының 22-сі күні фашистер селоны қоршап алды. Селоның үлкенді-кішілі 152 адамын мына жерде сарайға қамады. Оның ішінде 9 баласы бар Иосиф пен Анна Барановская, 7 баласы бар Александр мен Александра Новицкая, бір айлық Толик деген нәрестесімен 17 жасар Вера Яскевичтер бар еді. Сарайдың төңірегінде сабан үйі, оның үстіне бензин құйып өртеп жіберді. Жалынға тұншығып шырылдаған балалардың даусы, аналардың үрейлі зары бүкіл орманды күңірентіп жіберді. Жанталасып сарай есігін бұзып шыққандарды автоматтан оқ жаудырып қырған. 26 үйдің орнына үлкен қоңыраулы биік мұнара орнатылған. Анда-санда жел тұрғанда қоңыраулар қаңғырлап соғылып, сол үйлердің аяулы тұрғындарын жоқтағандай құлаққа күңіренген үн келеді, – дейді күрсініп. Беларусь жері орманды келгендіктен деревня да орманның қақ ортасына орналасқан екен. Партизандардың да жанын алып қалған осы ормандар екен ғой деген ойға қаласың. Село тұрғындары су ішіп тұрған 4 құдықтың орнына да ескерткіш орнатыпты. «Ал, енді мынау жатқандар республикамыздан мүлде жоқ болып жойылып кеткен 185 селоның зираты» деді. Шишаның ішінде бөлек топырақ салулы тұр екен, ол топырақтар жойылып кеткен селолардың топырағын әр аудандардан делегациялар әкеліп, құрбан болғандардың қасиетті топырағын арнайы ыдысқа салып жерлеген екен. Әр зираттың қасына жойылған селолардың аттары жазылған.

Хатынь мемориалының ұзындығы 182 метр. «Қайғылы қабырғада» 260 концлагерьге ескерткіш орнатып, онда азаппен өлтірілген адамдардың саны көрсетілген. Бір ғана Гомель қаласындағы 121-нөмірлі лагерьде 100 мың тұтқын өлтірілген. Қарап жүрсең өлтірілген адамдар санында шек жоқ. Жаның түршігетін көріністер.

Сол күні Минскідегі «Ұлы Отан соғысы тарихы» деп аталатын мұражайға келдік. Мұражай үйінің бірінші қабаты Кеңес Одағының Батыры В.И.Козловтың ерлігін паш ететін көріністер. Ал, енді екінші қабатқа көтерілсең бірінші залында тура фашистердің саған шабуыл жасап жатқанындай қорқынышты күйге түсесің. Себебі, мұнда түгелдей соғыс қаруы тұр.

Аспанда төніп келе жатқан жаудың ұшағы, жерде танкі, катюша, пулемет, зеңбірек, граната, автомат, оқ тескен солдат котелогі, жаралы солдаттар, оларды емдеп, жарасын таңып жатқан санитаркалар, блиндаждар, қираған селолар соғыстың барлық көрінісі көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жатады. Өлім төгіп тұрған бұл залда көп аялдағың келмейді, қорқынышты.

Келесі залға өтсең онда Отаны үшін аянбай соғысқан Кеңес Одағының Батыры, қазақ Ізғұтты Айтықовтың, Е.С.Әбдіжапаровтың ерліктері жазылған тақтайша және Беларусь партизандарының алдыңғы сапының қатарында Әди Шәріпов, Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жанкелдин, Жүсіп Наметов, Балым Ахмедияров, Анар Иманалиев, М.Аманғалиев сияқты батыр қазақтар тұр.

Одан кешкісін Москва-Брест бағытында келе жатқан пойызға мініп, таңертең Брест қаласына келіп түстік. «Интернационал» қонақ үйіне келіп орналастық та, қазақ елшілігіндегі жігіттердің көмегімен Брест қамалына қарай жол тарттық.

Міне, алдымызда бүкіл дүниежүзіне әйгілі қаһарман Брест қамалы тұр. Қамал қақпасы темір бетоннан ойылған үлкен бесжұлдыздан жасалған. Біз сол жұлдыздың астымен қамалға кірдік. Қақпаның қабырғасында солдаттың пышақпен ойып жазған «я умру, но не сдаюсь!» деген жазуы бар. Қарсы алдымызда жүз метрлік найза – обелиск көк тіреп тұр. Оның жанындағы алып солдат бейнесі жаралы болса да жауға тізе бүкпегенін аңғартады. Қорған ішіндегі оқ тескен казармалар, тұрғын үйлер, клуб, асхана бәрі-бәрі бір ай бойы қаптаған қалың жаумен арпалысқан шағын гарнизонның жанқиярлық соғысын көрсетіп тұр.

Арада 76 жыл өтсе де оқ тескен қамал, қираған үйлер сол қалпында сақталған. Оқ тимеген кірпіш, от шарпымаған жер жоқ. Фашистер қоршауында қалған қорған ішіндегі 3,5 мың адамның әрқайсысы ақырғы оғына дейін жауына атқан. Оқ азайып, азық-түлік таусылған. Тіпті, отыз метр жерде ағып жатқан Мухабец өзенінен су алып ішу мүмкіндігінен айырылған екен. Осылай қамал қаһармандары бір ай бойы жаумен теке тіресіп, басқа көмек келгенше қамалды жауға бермеуге тырысқан. Әнебір ескерткішке «Жажда» деп жазылған.Онда бір қолында автоматы, екінші қолымен каскасын ұстап су алуға еңбектеп келе жатқан солдат бейнеленген.

Бүкіл Брест қорғаны мұражайға айналған. Иә, қаһарман Брест оқиғасы, «Хатынь» трагедиясы бүгінгі ұрпақ үшін патриотизм мектебі десек асық айтқандық емес. Әттең, біздің өскелең ұрпақты осындай тарихи жерлерге апарса, олардың Отанына, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі арта түсер еді-ау деп ойлаймын.

 

Баршагүл БАЯЛИЕВА,

зейнеткер ұстаз,

Тараз қаласының тұрғыны.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support