- Advertisement -

Шекарашы Бақытжан

31

- Advertisement -

Миллиондаған адамның тыныштығын күзеткен әскери қызметтің маңызы ерекше. Ел тыныштығы жолында кірпік қақпай қызмет еткендердің бірі – Бақытжан Сөктаев. Ол жиырма жылдан бері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 85395 әскери бөлімде қызмет етіп келеді.

Бақытжан Сартбекұлы бала күнінен спортқа жақын, шапшаң болып өсті. Әскерде де үздік қызметімен көзге түсті. Ал 2004 жылдан бері Тараз қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атындағы 85395 әскери бөлімде еңбек етіп келеді. Соңғы 17 жылдан бері №5 мотоатқыштар бригадасында бөлімше командирі қызметін атқарады.

Бақытжан байсалды жігіт екен. Көп сөйлеуге де құмар емес. «Әскери саланың қиындығы қандай?» деген сауалымызға да асықпай жауап берді. «Әскери сала – Тәуелсіз Отанымызға ең керекті сала. Оның үстіне, біздікі мотоатқыштар бригадасы ғой. Қашанда алдыңғы шепте жүреміз. Әр салада да қиындықтар бар. Бірақ, әскери саланың қиындығы өте көп. Соғыс болмаса да, қару асынып алдыңғы қатарда жүресің. Оқу- жаттығу кезінде айлап сыртта қызмет атқарасың. Ай бойы ата- ана, бауырларды, достарыңды, отбасыңды көрмейсің. Тау мен тастың арасында ұрыс қимылдарын меңгересің. Әскери ауыр техникаларды жүргізесің. Оның да уақыты бар. Жылдам белгілеген жерге жеткізуің керек. Оқу-жиынында өзге өңірлермен жарыстар өткізіледі. Ол кезде де жылдамдық пен шапшаңдық, әскери қимылға бейімділік қажет. Шекара қызметінің жұмысы қарбалас. Оның бәрін жіпке тізіп айта беруге болмайды», дейді ол.

Бақытжан қызмет ететін 85395 әскери бөлімнің командирі – подполковник Жәнібек Құранбеков. Оның да осында ұзақ жылдан бері еңбек етіп жүрген Бақытжан Сартбекұлына деген көзқарасы жақсы.

Бақытжан Сартбекұлы ұзақ жылғы еңбегі үшін бірқатар марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилеріне 10 жыл» төсбелгісімен және мерекелік медальмен марапатталған. Сондай-ақ, Бақытжан Сөктаев «Мінсіз қызметі үшін» үшінші, екінші және бірінші дәрежелі медальдармен де марапатталған.

Командир үлгілі отбасының да тірегі. Асыл жары Насихат екеуі бірнеше ұл-қыз өсіріп отыр. Отан қорғау, шекара қызметіне енді келіп жатқан жас сарбаздар ұзақ жылғы тәжірибесі бар Бақытжан Сөктаевтан үлгі алады. Алдыңғы толқын да жауынгерге құрметпен қарайды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support