- Advertisement -

Қазақ достарыма құрметім зор

71

- Advertisement -

Ынтымақ бар жерде береке де, мереке де, табыс та бар. Мен мұны Талас ауданына жолым түскен сайын, Сулхадин мырзаны кездестірген сайын түсінемін. Бұл кісіні ұзақ жылдардан бері білемін. Әр кездескенде таза қазақ тілінде сөйлесіп, әзілдесіп, ойларымызбен бөлісеміз. Кездескен сайын оның бойынан жылылық, ізгілік көремін. Қасқабұлақ ауылы жайлы кеңінен әңгімелесеміз. Тіпті, аталған ауылдың тыныс-тіршілігін облыстық басылымдарға сан рет жаздық та.

Сонымен, «Мен қазақпын ғой» деп қалжыңдайтын Сулхадин Мустафаев деген кім? Сөйтсем, Сұлтекең өзіміздің Қасқабұлақта туған, тіршілігі жергілікті азаматтармен біте қайнасқан «қазақ» болып кеткен азамат екен. Себебі, өзінің өмір жолында жергілікті ұлт өкілдерінің жақсылығын көп көріпті. «Қазақпын» деп шырылдайтыны да содан.

Сулхадин 1963 жылы Қасқабұлақ орта мектебінің табалдырығын аттағанда оның сынып жетекшісі Тұрсынбек Темірбеков деген қазақ азаматы болған екен. 1979 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық инситутына сырттай оқуға түсіп, аталған мектепке физика пәні мұғалімі болып орналасады. Ал 1984 жылдан бастап 27 жыл бойы Қасқабұлақ орта мектебінің директоры болады. О л уақытта да аудандық білім бөлімін ұзақ жыл басқарған Шәйбек Шоңов, Асқар Қуаныш секілді кісілердің жақсылығы мен шапағатын көп көрді. Мектепке мұғалім болуы туралы бұйрық шығарған да осы Шоңов екен. Ол Талас ауданын басқарған бірнеше азаматпен қызметтес болған. Атап айтқанда, 1978 жылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Рахыжан Ерсейітовтен бастап, зейнетке шығарында аудан әкімі болған Бақыт Қазанбасов мырзаға дейінгі барлық басшылармен бірлесе жұмыс атқарған. Ол 1979 жылдан 2011 жылдарға дейін әуелі аудандық кеңестің, кейіннен аудандық мәслихаттың депутаты болды. Ауылдардың өзекті мәселелерін көтеріп жүрді.

Сулхадин Темірұлы 2011- 2020 жылдар аралығында Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі болды. Басқасын айтпағанда ол әкім болып тұрғанда Қасқабұлаққа 120 орындық жаңа мектеп салынды. Қаратау мен Қасқабұлақты жалғайтын 11 шақырым жол асфальтталды. Ауылдың барлық көшелеріне асфальт төселді. Орта мектепте қазақ сыныптары ашылды. Білім беру саласының үздігі, Талас ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Жалпы, 21 медальмен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазіргі таңда Жамбыл облысының Құрметті депутаты, Талас аудандық қоғамдық кеңестің және билер кеңесінің мүшесі. Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Осы қоғамдық қызметтің барлығында да елдің бірлігін, ынтымағын көтеріп, татулықтың жолында тер төгіп жүр.

– Менің таластықтарға алғысым зор. Қашанда еңбегім бағаланып, құрмет көрдім. Директор да болдым, депутат та, әкім де болдым. Солай болғаным үшін емес, қазақ халқын жақсы көремін. Достарымның бәрі жергілікті ұлт өкілдері. Білім саласында жүргенде облыстық білім басқармасын ұзақ жыл басқарған Жатай Жұмәділовтің де жанашырлығын көрдім. Ауылдық округ әкімі болған кезімде әріптестерім, Ойық ауылдық округінің әкімі болған Болатжан Дуанбек пен Ақкөл ауылдық округінің әкімі болған Асқар Қуаныш үшеуміз бауырдай сыйластық. Үшеуміз құрдас, бір жылдың төлдері едік. Сол қызыққа толы жылдар естен кетпейді. Мен қазақ достарымнан көп жақсылық көрдім.

Мұның барлығы мемлекетіміздегі ұлттар достығына деген саясаттың мықтылығының арқасында деп ойлаймын. Алдағы уақытта да біздің От анымыздың дамуына ұлттар достығының әсері мол болады деп білемін. Қазақтай кең, дархан, жомарт халықтың басына қонатын бақ, көретін жақсы күндері көп болатынына сенемін. Әр қазақ досыма құрметпен қараймын, – дейді Сулхадин Темірұлы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support