Ғалымдар шаруаларға кеңес берді

Ғалымдар шаруаларға кеңес берді
ашық дереккөз
Ғалымдар шаруаларға кеңес берді
KMF компаниясы мен «KMF-Демеу» қоры Тараз қаласында тұңғыш рет агрофорум өткізді. «Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудегі тиімді жолдар» тақырыбындағы басқосуда тамшылатып суару жабдықтарын, өсімдіктерді қорғау құралдарын және тұқымдарды, тыңайтқыштар мен ауылшаруашылық өнімдерін жеткізушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Компания өкілдері өз өнімдерін форумға қатысқан диқандарға кеңінен таныстырды. Ауыл шаруашылығының еңбеккерлері үшін пайдалы іс-шараға мұрындық болған КMF – еліміздің микроқаржыландыру нарығында көшбасшы. Нарықта 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Республиканың ірі қалаларында 15 филиалы және 117 бөлімшесі, 250 мыңнан аса тұтынушысы бар. Аталған қаржы ұйымы өз тұтынушыларына іскерлік білім жағынан көмектесу мақсатында ұйымдастырған агрофорумды алғысөзімен ашқан KMF-тің аймақтық директоры Дәурен Оралбек облыста 33 мыңға жуық тұтынушылары барын айтты.– Бүгінгі агрофорум ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін агросаланың білікті мамандарының тәжірибе алмасуымен, ғылыми тұрғыда тиімді тәсілдерін түсіндірумен пайдалы. Сондай-ақ, агро секторға қажетті өндіріспен айналысатын компаниялардың өкілдерімен тікелей кездесіп, танысып, кеңестерін алады. Өткен жылы KMF компаниясы мен KMF-Демеу қоры тұңғыш рет агрофорумды Қызылорда облысында өткізіп, оның тиімділігі мен нәтижелілігіне көз жеткізді. Сондықтан, биыл компаниямыз еліміздің бірқатар өңірінде осындай агрофорум өткізеді. KMF нарықта ширек ғасырдан аса уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан компания. Тұтынушыларымыздың басым бөлігі ауылды жерлерде тұрады, сол жерде шағын кәсіп ашып, ауылдастарына жұмыс беріп, ауыл шаруашылығын, жергілікті, тіпті ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған жандар. Ал KMF пен KMF-Демеу дәл сондай жандардың кәсібін одан әрі дамытып, арта түсуіне барынша көмек көрсетуге басымдық береді.Айта кетейін, Жамбыл филиалының кредиттік портфелі 26 миллиард теңгеден асады. Тұтынушыларымыздың саны 33 мыңға жуық. Халыққа тікелей қызмет көрсету бағытында облыстың барлық ауданында KMF бөлімшелері бар, – деді Дәурен Даниярұлы. Егін алқабынан мол өнім алу үшін тұқымды дұрыс таңдау жолдарын PhD докторы, өсімдік шаруашылығындағы сарапшы Бекзат Төрегелдиев өзінің 14 жылдық тәжірибесімен бөлісе отырып түсіндірді. – Көшетті 2-3 ай ғана дайындап, едәуір табыс тауып отырған шаруалар барын көп диқандар ескере бермейді. Өзім де жылыжайда көшет өсіріп, оны егіндік алқапқа отырғызып, табысын көріп жүрген фермермін. Жұмыс барысымен еліміздің барлық өңірлерін және ауыл шаруашылығымен айналысатын шетелдерді де аралап, ондағы егіндіктің жағдайымен танысып, сараптап көрдім. Шаруашылықта мол табысқа кенелу үшін ең әуелі тұқымның сапасына, оның өз бабымен жетілуіне көңіл бөлу керек, – деген Бекзат Абиұлы өзі кездестірген көптеген шаруалардың жағдайларын да әңгімеледі. Егін шаруашылығында қолданатын суды үнемді пайдаланып, табысты өнім алудың жолдарына PhD докторы Біржан Рахымжанов тоқталды. – Статистикалық тұрғыда айтсақ, Жамбыл облысында 230 мың гектар жер суармалы жер деп есептеледі. Бүгінгі таңда 180 мың гектар жер қолданыста екен. Бірақ «Қаз су шаруашылығы» мекемесі филиалының мәліметінше, былтыр 118 мың гектар жер ғана суарылған, яғни қалған жерлерге су бармаған. Жақында ғана Парламентте депутаттардың хабарлағанына сүйенсек, Жамбыл облысында 2022 жылы 69 мың гектар ғана жер қажетті сумен қамтамасыз етілген. Яғни, облыстағы суармалы жердің 30 пайызы суды қажетінше алған. Оңтүстік аймақтағы облыстардың ішінде Жамбыл облысы 4 миллиард текшеметр су қорының 75 пайызын Шу және Талас өзендері арқылы қырғыз елінен алады. Жерасты суларының болжамды көлемі 1,7 миллиард текшеметрін құдық қазу арқылы қосымша пайдалануға болады. Сонымен қатар, 84 ұңғыма бар екен. Соңғы 3 жылда 646 ұңғыма қазу жоспарланған. Шүкір, биыл жауын-шашын мол болды. Осындағы республикалық су шаруашылығы институтының мамандарынан сұраған едім, Қырғызстандағы су қоймалары да биыл жеткілікті деңгейде екен. Осыған қарап, биыл молшылық болар деген үміттеміз. Бірақ, кей диқандар егінге суды шектен тыс немесе тиімсіз уақытта беріп, жемісін жеткілікті деңгейде ала алмай жатады. Шаруалар біледі, топырақтың ылғалдылығы 80 пайыздан жоғары болса, егін өнімді болады. Егер егінге төккен теріңіз, еткен еңбегіңіз жемісті болсын десеңіз, егіншілікті таңертеңгі уақытта суару керек. Себебі, түнгі салқынмен өсімдіктің өз бойындағы суы қалпына келеді. Байқасаңыздар, кейде қызанақтың төбесі қарайып, ойылып тұрады, ал картоп пышақпен кескендей жарылып қалады. Бұның бәрі өсімдік қатты шөлдеген кезде суды молынан беріп жібергеннен болады. Сондықтан, суарғанда да ұқыптылық керек. Әсіресе, осы оңтүстік аймақтарда өсімдіктердің қатты шөлдейтін кезеңдері жиі орын алады, – деді ол. Тыңайтқыштарды орынды қолдану әдістері мен өсімдіктерді қорғау құралдары жөнінде агроном ғалым Нариман Масалиев тәжірибелік кеңес берді. Агрофорумның қорытындысында әр қатысушыға берілген қойындәптердің сауалнама парағына берген жауаптары арқылы ұтыс ойнатылып, шаруаларға қажетті түрлі бұйымдар тарту етілді. Біз де өз кезегімізде форумға қатысушы фермерлердің пікірін білгенді жөн көрдік. – Мен Жамбыл ауданының Айша бибі ауылынан келдім, негізгі кәсібім – мал шаруашылығы. Сол малыма қажетті жем-шөбін басқадан сатып алмай, өзім егіп, алқабымнан алғанды жөн көрдім. Шаруашылықпен шұғылдану барысында туындаған көптеген сұрақтарыма жауап алдым. Осындай көпке пайдалы іс-шараны ұйымдастырған KMF-ке алғыстан өзге айтарым жоқ, форум жоғары деңгейде ұйымдастырылды, – деді Сәрсенбек Нарқұлов. Агрофорумның негізгі көздегені де шаруаларға заманауи технологияларды таныстырып, ауыл шаруашылығы жайлы өзекті білім беру арқылы кәсіп жүргізуді жеңілдету. Форумға қатысушы шаруалардың кеңес берген ғалымдарға сұрақ қойып, белсенділік танытқанына қарап, мақсат орындалғанына көз жеткіздік. Шаруалар да осындай пайдалы жиындар жиі өткізіліп тұруын айтып, тарқасты. Айта кетейік, KMF – Орталық Азия мен Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы. Компания шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығына, жеке мақсаттар үшін және автокөлік сатып алуға микрокредит өнімдерін ұсынады, толығырақ kmf.kz сайтынан немесе ұялы телефоннан тегін қоңырау шалуға болатын 7474 байланыс орталығынан білуге болады.  

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыру құқығын беретін ҚНРДА-ның 26.02.2021 жылғы №02.21.0003. M лицензиясы

Ұқсас жаңалықтар