- Advertisement -

Отбасы тәрбиесін танытатын дүние

77

- Advertisement -

Ақын, жазушы, ардагер журналист Баймаханбет Ахмет пен мәдениет саласының ардагері Малика Айданқызының қаламынан туған «Бақытты балалық шақ» атты кітабы отбасындағы бала тәрбиесіне арналған.

Кітап авторларының бірі Б.Ахмет «Балаларға бақытты балалық шақ пен болашақ сыйлау – ата-аналар мен мемлекеттің ең басты міндеті. Қолдарыңызға тиген мына кітапта, міне, осы тұрғыда отбасылық һәм әулеттік тәрбиенің де балаға берері мол екені біршама таратыла айтылады. Бұл – ата-аналар кітабы, демек, сіздің кітабыңыз!» дейді.

Тараз қаласындағы Абай атындағы кітапханада ұйымдастырылған «Кітап – ғажап әлем» кітап фестивалі барысында жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Кітапхана ауласында «Кітап әлемді бағындырады» атты үлкен көрме жабдықталған. Осында кітап көрмелеріне шолу жасалып, кітапхана оқырмандарына таныстырылды. Кітапхана оқырмандары, кішкене балдырғандардың биі көпшіліктің сүйіспеншілігін оятты.

Кешке Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов қатысып, Баймаханбет Ахметтің шығармашылығына табыс тілеп, ақынның иығына шапан жапты. Кітапхана қызметкерлері ақынның жаңа танымдық туындысы бойынша шолу жасап, «Өжет» хикаятынан сахналық қойылым қойды. Әннен шашу шашылды. Жаңа кітаптың тұсауын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Сәмен Құлбарақ пен сатирик ақын Бақытжан Советұлы кесті.

Соңынан ақынға өздерінің ізгі тілектерін арнады. Сәмен Құлбарақ ақынның өлеңдеріне тоқталса, Бақытжан Советұлы жазушылық қырын оқырманға таныстырды. Ал, балалар жазушысы Марат Құлибаев ақынның журналистік қырын аша түсті. Сондай-ақ, Б.Ахметке деген ізгі тілектерін Тараз қаласы әкімдігі және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева мен Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің хатшысы Сауранбек Жамалбеков жеткізді.

Кеш соңында кітапхана оқырмандары ақынға сұрақ қойып, өзара пікір алмасты.

 

 Диас МАРАТҰЛЫ,

журналист.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support