Ақ семсер жырдың жампозы

Ақ семсер жырдың жампозы
ашық дереккөз
Ақ семсер жырдың жампозы
Облыстық «Aq jol» газеті ғасырлық ғұмырында талай таланттардың тұсауын кесіп, сәт сапар тілеген тағылымды басылым. 1966 жылы сол кездегі «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінде Шона Смаханұлы жас ақын Рафаэль Ниязбековке ақ жол тілеп, өлеңдеріне бата берген екен. «Aq jol»- дың ақ батасын алған Рафаэль ақын кейіннен талай аламанда оза шауып, «Ақ семсер ақын» атанғаны белгілі. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада ақын Рафаэль Ниязбековтің 80 жылдығына орай алқалы жиын өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, белгілі қаламгер Мәлік Отарбаев, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып бастаған бір топ қаламгерлер Рафаэль Ниязбековтің шығармашылығы туралы жақсы ой-пікірлерін айтып, өр мінезді ақынды сағынышпен еске алды. Бұл кешке ақынның жамбылдық бір топ жерлестері де қатысты. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің арнайы хатын облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт, Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова табыс етіп, ақынның жарына камзол кигізіп, иығына орамал жапты. Өз кезегінде қаламгердің жары барша жиналған көпшілікке, Жамбыл облысынан келген делегацияға алғысын білдірді. Кеш барысында өзге де танымал тұлғалар Рафаэль Ниязбеков жөнінде кеңінен толғанып, мазмұнды естеліктер айтты. Ақынның өміршең жырлары мен мұралары жас ұрпақтың санасында жатталып, болашаққа жол тарта берері анық.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар