- Advertisement -

Әрбір кәсіпкерге қолдау бар

83

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өңірлік кеңес отырысына қатысып, бірлескен жобалар шеңберінде жергілікті кәсіпкерлердің мәселелеріне назар аударды. Басқосуда әуелі облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев биыл алғашқы тоқсанда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, есепті кезеңде палатаға кәсіпкерлерден 96 өтініш келіп түскен. Өтініштердің басым бөлігі қорғау желісіне, яғни, жер мәселелері, әкімшілік кедергілер, сәулет және құрылыс, тариф белгілеу мен мемлекеттік сатып алу мәселелеріне байланысты. Бүгінде 4 өтініш оңынан шешілсе, 22-сі қаралу үстінде. Ал, экономикалық сипаттағы мәселелерге сәйкес, 68 өтініш түсіпті.

– Палатаға 3 айдың ішінде сараптамалық қорытынды алуға 26 нормативтік-құқықтық актінің жобасы келіп түсті. Оның ішінде, 6-уы бойынша ескертусіз сараптамалық қорытынды берілді. 14-і ескертулермен және ұсынымдармен пысықтауға жіберілсе, өзгесі бизнес субъектілерінің мүдделеріне әсер етпейді. Жыл басынан бері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 4 отырысы өткізіліп, нәтижесінде 5 мәселе оң шешімін тапты. Бұдан бөлек, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында тиісті сертификаттар берілуде. Жалпы, қазіргі күні облыс бойынша 3 мыңнан астам өндірістік компания бар. Бүгінгі таңда облыс және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тауарларға сертификат алуға өндірістік кәсіпорындармен белсенді жұмыс жүргізілуде. Палата тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне сервистік қызмет көрсету мақсатында жыл басынан бері 2341 кәсіпкерлік субъектілеріне 899 қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, жалпы құны 360 миллион теңгені құрайтын 72 бизнес-жоспары жазылды, – деді Еркін Садуахасұлы.

Бұдан кейін сөз алған «Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты атанған Ерболат Саурықов кәсіпкерлік сала экономикалық саясаттың аса маңызды жаңа бағдарына айналуға тиіс екенін атап өтті. Халық қалаулысы қарапайым жұрттың құрметіне бөленген бизнесмендер мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болуы қажет екеніне де кеңінен тоқталды.

Атап өтерлігі, бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде «Мен кәсіпкер» жобасы іске асырылуда. «Кәсіпке бағыт» және «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағытын қамтитын жобада өңірдің қажеттіліктері мен ерекшеліктері ескеріліп, бейіндік оқытуға баса мән беріледі. Облыстық кәсіпкерлер палатасы алаңында ашылған «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бұған дейін 544 әйелге 1887 қызмет түрін көрсеткен. Негізінен, орталыққа 36-49 және 17-35 жас аралығындағы әйелдер өтініш білдірген.

Жиын соңында облыс әкімі Президент айтқандай, мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген «тың күштерді» қалыптастыруда жергілікті билік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін баса айтты. Нұржан Молдиярұлы аймақтағы лайықты кәсіпкерлерді елге танытып, кәсібін кеңейту үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын да атап өтті. Сондай-ақ, өңір басшысы кәсіпкерлерді бюрократтар мен күштік құрылымдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау – атқамінерлерге жүктелген басты міндет екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте тұрғындардың табысын арттыру қажеттігіне айрықша тоқталды. Әрине, ол үшін өңір-өңірлердегі жергілікті кәсіпкерлердің жайлы жұмыс істеуіне жағдай жасап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Біз бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде, жамбылдық бизнесмендер өз кәсіптерін дамытып, барлық мүмкіндіктерге ие болуда. Мұның бәрі мықты нарықтық экономиканы қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, біз өзімізге жүктелген жауапкершілікті сезінеміз. Өз кезегінде жеке кәсіпкерлер де өз міндеттерін ұмытпауы керек. Адал азаматтарымыз заң аясында жұмыс істеп, кәсібін кеңейтемін десе жол ашық. Көптеген кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауын сезініп үлгерді. Тиісті субсидияға қол жеткізіп, кәсібін тіктеп алуға мүмкіндік алды. Шын мәнінде, әрбір кәсіпкерге қолдау бар. Енді іскер азаматтарымыз өздерін ғана ойламай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлуі керек, – деді Н.Нұржігітов.

Айта кетейік, бір аптадан соң облыс орталығында «ZHEIF-2023» инвестициялық форумы аясында «Қазақстанның үздік тауары-2023» өңірлік көрме-конкурсы өтеді деп күтілуде. «Шахристан» этномәдени кешенінің «Арбат» аллеясының аумағында өтетін шараға 100-ден астам жергілікті тауар өндірушілері қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар, бұл күні шикізаттан жасалған «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік тауарлар көрмесі көпшілік назарына ұсынылмақ.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support