Жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды

Жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды
ашық дереккөз
Жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында жылыту маусымының өтуіне байланысты мәселелер талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімдігінің басқарма басшылары және Тараз қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты. Басқосуда облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев атқарылған жұмыстарды тізбелеп, қазіргі ахуалды баяндады. – Жалпы, 9 жылу энергетика кешендерімен жылыту маусымы кезеңінде 1 миллион 63 мың гигакалорий жылу энергиясы өндіріліп, 121 миллион 393 мың текшеметр газ тұтынылды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштер 51,8 мың гигакалорийға және 6 мың текшеметрге артқан. Өңірде 1737 әлеуметтік нысан мен 1650 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілді. Жылыту маусымы кезеңінде жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде бірінші сипаттағы апатты жағдайлар мен технологиялық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Қазіргі таңда барлық отын-энергетика кешендерімен алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралар жоспары бекітілді. Биыл жалпы 11,7 шақырым жылу желілерін жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдары аралығында 98,6 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша 55 жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жоспарланып отыр. Сәйкесінше, бұл жобаларды 2024-2026 жылдары республикалық бюджет есебінен іске асыру көзделуде. Облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды құрайды, олардың тозу деңгейі 56,7 пайызды құрайды. 199 шақырым жылу желілері ауыстыруды қажет етеді. Айта кетейік, жылу желілері тозуының басым бөлігі ішкікварталдық жылу желілерінде қалыптасқан. 2015 жылдан 2023 жылға дейінгі көрсеткіштерге сәйкес, жылу желілерінің тозу деңгейі 13,3 пайызға төмендеген. Бұл жылдар аралығында жалпы 194 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015- 2019 жылдары 9 жоба бойынша жалпы сомасы 13,780 миллиард теңгеге 28,6 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртудан өткізілді. Биыл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің талабы бойынша, реконструкция жобаларын қаржыландыру үшін өңірдегі жылу желілеріне техникалық зерттеу жүргізу қажет. Ол үшін ағымдағы жылы облыс бойынша 99,5 шақырым жылу желілеріне техникалық зерттеу жұмыстары жоспарланған. Қажетті қаржы көлемі 68,4 миллион теңгені құрайды, – деді Құдайберген Нұрсерікұлы. Жиында облыс әкімі аудандарға газ тарту мәселесін алға қойып, әлеуметтік нысандарға жылу беру мәселесін уақтылы іске асыруды тапсырды. Нұржан Молдиярұлы аудан әкімдеріне газ тарату стансаларын пайдалануға қажетті қаржы тауып, тұрғындарға уақтылы газ беруді міндеттеді. – Облыстағы жылу беру нысандарының басым бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі. Өзгесін айтпағанда, мәдениет нысандарының жылыту маусымына әзірлігіне күмәнім бар. Отын қоймаларына керекті отын көлемін дайындау жұмысын әлі де жандандыру қажет. Шалғай ауылдағы мәдени нысандардың қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасаңыздар. Басқарма басшысы аудан әкімдерімен бірлесіп, жұмыстарды үйлестіруі тиіс. Жылу беру жұмыстарын өз мерзімінде аяқтауды тапсырамын. Жылу беру маусымын ешқандай кедергісіз өткізуіміз қажет. Бұл мәселе қатаң бақылауда. Барлық басшыларға жылыту маусымының уақытында басталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Әлеуметтік мәселелерге байланысты тұрғындар тарапынан дүрбелең туындамауы керек, – деді облыс әкімі. Басқосуда сондай-ақ, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жандандыру мәселелері де қаралды. Нұржан Нұржігітов белгіленбеген аумаққа қоқыс тастаған жерлестеріне айыппұл салмайтын аудан әкімдерін сынға алды. Мәселен, Меркі, Сарысу және Талас аудандарында экологияға зиян келтіру фактілері тіркелгенімен, жергілікті билік оларға жаза қолданбаған. Ал, Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында небәрі бір ғана айыппұл салыныпты. Облыс әкімі тәртіпке бағынбағандарға айыппұл салуға кедергі келтіретін басшылардың бұл әрекеті түрлі экологиялық акциялардың оң қорытындысына әсер ететінін атап өтті. Сондай- ақ, ол аудан әкімдеріне тәртіп сақшыларымен бірлесіп, бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауды міндеттеді. Ал, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбековаға қоқыс жинау мақсатында бөлінетін қаражатты қайта пысықтауды тапсырды.  

Есен ӨТЕУЛІ

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар