ОТАР – ғылыми орталыққа айналар күн жақын

ОТАР – ғылыми орталыққа айналар күн жақын
ашық дереккөз
ОТАР – ғылыми орталыққа айналар күн жақын
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына іссапармен барып, Отардағ Биофармацевтикалық зауыттың құрылыс жұмысымен танысты. Зауыт жұмысымен арнайы танысқан аймақ басшысы құрылыс компаниясының қызметкерлерімен жиын өткізіп, зауыттың салыну барысы бойынша есебін тыңдады. Әрі зауыт қызметкерлерін Ғылым күнімен құттықтап, оларды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Облыс әкімінің Алғыс хатымен» марапаттады. – Осы зауытта қызмет істеп, кеше ғана Ұлттық ғылым академиясының басшылығына барған Күнсұлу Закария сияқты ғалымдарымызбен мақтанамыз. Сіздер де өз еліміздің ғылымын дамытуға үлестеріңізді қосасыздар деген сенімдеміз, – деді облыс әкімі. Айта кету керек, Биофармацевтикалық зауыттың құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Биыл құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде 60 жұмыс орны құрылып, жылына 30 миллионнан 60 миллионға дейін вакцина құйылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, субстанцияларды өндіру цехы мен «ОТАРФАРМ» қосалқы стансасының құрылысы да жыл соңына дейін аяқталып, іске қосылады. Қазіргі таңда аталған зауыттың құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі жүргізіліп жатыр, жалпы жұмысы 85 пайызға аяқталған. Былтыр Президент ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Сол Жарлық аясында қабылданған құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырған. Осы тапсырмаға сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында біраз жұмыстар қарқын алған болатын. Аталған бағдарламалардың ауылға жетуін қадағалау үшін ауыл, аудан, облыс деңгейіндегі әкімдер тұрғындармен жиі кездесу өткізіп келеді. Облыс әкімі Н.Нұржігітов өзінің кезекті сапарында Отар ауылдық мәдениет үйінде аталған ауылдық округтің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Президенттің адами капиталды дамыту мәселесі туралы сөз қозғаған әкім алда тұрғындардың білім және денсаулық сапасын арттыру мақсатында жұмыс жасалатынын айтып, тұрғындардың арыз тілегін тыңдады. Халықтың көбі жол, көпір және жер мәселесі туралы өз шағымдарын айтты. – Президенттің былтырғы шыққан Жарлығына сәйкес, ауыл тұрғындарымен жиі кездесіп, олардың мәселесін шешу – біздің парызымыз. Бүгінгі туындап отырған проблемаларды оңтайландырып, сіздерге жайлы өмір қалыптастырып беруге барымызды саламыз. Ең бастысы, өздеріңіз де біздің жасап жатқан жұмысымызға қолдау білдіріп, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын, – деді облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы. Сонымен қатар, аймақ басшысы «Кенен береке» ауыл шаруашылығы кооперативіне де атбасын бұрып, ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. – Біз үкіметтен ауылды дамытуға, тұрғындардың тұрмыс- тіршілігін жақсартуға келіп жатқан қаражаттарды өз орнымен жұмсап, барынша ел игілігі үшін жұмыс істеуіміз шарт. Бұған ауыл әкімдері жауапкершілікпен қарау керек, – деді. Мұнан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Бетқайнар ауылындағы No7 техникалық колледж студенттерімен кездесті. «Жас маман» жобасы аясында материалдық-техникалық базамен жабдықталған колледждің тыныс- тіршілігімен танысты.

Шапағат ӘБДІР, журналист. Қордай ауданы Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар